Нұр-Сұлтанда Ақтөбе мен Қызылорда облыстарының ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде

Нұр-Сұлтанда Ақтөбе мен Қызылорда облыстарының ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде

Аймақтар елордаға 540 тонна өнім әкелді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

“Хан шатыр” СОСО жанындағы алаңда Ақтөбе және Қызылорда облыстарының ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Өңірлер 540 тонна ет, сүт, жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін әкелді. Соның ішінде 146 тонна күріш, 129 тонна картоп және көкөністер, 62 тонна ет, 30 тонна балық және балық өнімдері, 7 тонна шұжық өнімдері, 5 тонна ұн және макарон өнімдері, 30 тонна басқа да өнімдер бар. Жәрмеңкедегі ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы қаладағы орташа нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен.

“Сыр өңірінен 70 өнім өндіруші тауарларын елордаға алып келді. Оның ішінде айдынды Аралдың сазан, шортан сияқты балықтары, Шиелінің қауын-қарбыздары, Қазалының кәмпиті және басқа да өнімдер бар. Барлығы егістіктен сөреге дейінгі экологиялық таза өнімдер. Тауарларды тасымалдау кезінде барлық санитарлық-гигиеналық талаптар сақталды”, – деді Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.

Айта кетейік, жәрмеңкеге 90 отандық өндіруші қатысуда. Келушілер санитария талаптарын қатаң сақтауы, міндетті түрде маска тағуы, антисептик қолдануы қажет.