

Есілов Сансызбай Сейітжанұлы 1951 жылы 18 қарашада Ақмола облысы Астрахан ауданында дүниеге келген, қазақ, білімі жоғары. 1973 жылы Целиноград теміржол көлігі техникумын, 1979 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтын, 1988 жылы Алматы Жоғарғы партия мектебін бітірген.
Еңбек жолын Қазақ темір жолының Ақмола облысы Жалтыр станциясында монтер, техник, аға мастер, 7-жол дистанциясының инженері қызметінен бастаған. 1975 жылдан бастап Қазақстан Компартиясы Астрахан аудандық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, Қазақстан Компартиясы Теңіз аудандық комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы Теңіз аудандық комитетінің хатшысы болып қызмет істеген.
Қазақстан Компартиясы ОК жанындағы Алматы Жоғарғы партия мектебін бітіргеннен кейін нұсқаушы, Қазақстан Компартиясы Целиноград облыстық комитетінің ұйымдастыру-партиялық жұмыстары бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 1991 жылдан 1997 жылға дейін Ақмола аумақтық мемлекеттік мүлік комитетінің орынбасары, одан кейін төрағасы, облыстық әкімшілік басшысының орынбасары – Ақмола аумақтық мемлекеттік мүлік комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлік пен активтерді басқару жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары - Ақмола аумақтық комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. 1997 жылдан 2007 жылға дейін Астана қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары болып жұмыс істеді.
2007 жылдың тамызында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV шақырылымының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы болып сайланды.
2012 жылдың қаңтарынан 2016 жылдың наурызына дейін бесінші шақырылған Астана қаласы мәслихатының хатшысы болып жұмыс істеді. «Нұр Отан» ХДП мүшесі.
2016 жылдың наурыз айында Сансызбай Сейітжанұлы «Ардагерлер кеңесі» РҚБ Астана қалалық филиалының төрағасы және Қоғамдық кеңесінің төрағасы болып сайланды.
Астана қаласы мәслихатының 2017 жылғы 23 маусымдағы №151/20-VI шешімімен Қазақстан Республикасының Елордасы - Астана қаласының өркендеуі мен дамуына қосқан қомақты үлесі, белсенді мемлекеттік және қоғамдық қызметі үшін Сансызбай Сейітжанұлына «Астана қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігімен «Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты» атағы берілді.
Экономика ғылымдарының кандидаты.
Жемісті еңбегі үшін «Құрмет» /2001/, «ІІ дәрежелі Достық» ордендерімен /2008/, «Парасат» /2014/, «Астана» Естелік медалі /1998/,
«10 жыл Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медальдарімен, ТМД ПАА Кеңесінің Құрмет грамотасы /2010/ және басқа да мерейтойлық медальдармен марапатталған.