
Сайлау комиссиялары мүшелерінің электоралды сауаттылығын және құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында 2018 жылы Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы (бұдан әрі – ҚР ОСК) мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы (бұдан әрі – Академия) электоралды оқытуды ұйымдастыру бойынша Ынтымақтастық туралы бірлескен меморандумға қол қойды. Электоралды оқытудың бірлескен Жол картасы жүзеге асырылып келеді.
Академия білім беру алаңы, сайлау комиссиялары мүшелерін оқытудың әдістемелік орталығы болып табылады. 2019 жылы Академия мен оның филиалдарының негізінде ҚР ОСК бекіткен оқу-әдістемелік кешенінің негізінде «Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу кезіндегі сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында біліктілікті арттыру семинарлары өткізіліп, 39 адам оқытылды.
Осы Меморандум шеңберінде ағымдағы жылы Академияда учаскелік сайлау комиссияларының 120 мүшесін оқыту жоспарланып отыр.
2020 жылғы 2 және 5 қарашада Академия ҚР ОСК-мен және елорданың аумақтық сайлау комиссияларымен бірлесіп, 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының және Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу бойынша Нұр-Сұлтан қаласының учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларына арналған оқыту семинарын өткізуде.
Семинардың тақырыбы: «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын ұйымдастыру мен өткізу кезіндегі сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру».
Сабақтарды бизнес-жаттықтырушылар, сайлау заңнамасының сарапшылары мен сайлауларды өткізуде айтарлықтай тәжірибесі бар сайлау процесін ұйымдастырушылар жүргізеді.
Семинар бағдарламасына сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру, дауыс беру тәртібі мен сайлауда дауыс беру қорытындыларын анықтау, сайлау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік, БАҚ өкілдерімен және қоғамдық байқаушылармен өзара ықпалдастық жөнінде тәжірибелік және дәріс сабақтары енгізілген.
Оқыту барысында сайлау күні сайлаушылармен жұмыс барысында сайлау комиссиясы мүшелерінің әрекеті, болуы ықтимал шиеленіс жағдайларын шешу жолдары мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Оқытудан барлық деңгейдегі елордалық сайлау комиссияларының 120 өкілі өтуде, семинар аяқталған соң барлығына сертификаттар табысталатын болады.