
Отырыста Мемлекет басшысының 12 қазандағы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын ағымдағы жылғы 29 қарашаға тағайындауына байланысты мәселелер қаралды.
Астана қаласы мәслихаты депутаттарының кезектен тыс сайлауын дайындау мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспары, сондай-ақ кандидаттарды ұсыну кезеңінде округтік сайлау комиссияларының жұмыс режимі бекітілді. Комиссиялардың жұмыс уақыты сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13:00-ден 14:30-ға дейін белгіленді.
Жалпы, бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес, 14 қазаннан бастап бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша мәслихат депутаттығына кандидаттарды, сондай-ақ Астана қаласы мәслихатына партиялық тізімдерді ұсыну басталады.
Кандидаттарды ұсыну 27 қазан сағат 18:00-ге дейін жалғасады, ал кандидаттарды тіркеу 1 қараша сағат 18:00-де аяқталады.
Сайлауалды үгіт кезеңі 1 қараша сағат 18:00-ден басталып, 28 қараша сағат 00:00-де аяқталады.
Астана қаласында сайлауды дайындау және өткізу аясында құрамында 4 004 комиссия мүшесі бар 470 сайлау комиссиясы жұмыс істейтін болады.
Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясы 17 бірмандаттық аумақтық сайлау округін құрды.
Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Қабылданған шешімдер Астана қаласының сайлау комиссияларының алдағы сайлау науқанына ұйымдастырушылық дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған.