

Елорданы дамытудың 2030 жылға дейінгі бас жоспарына сәйкес Нұр-Cұлтан ұзақ мерзімді перспективада Еуразияның іскерлік, мәдени, ғылыми орталығы болуға тиіс.
Қазіргі уақытта «Астана қаласының бас жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 15 тамыздағы № 1064 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 23 желтоқсандағы № 848 қаулысымен бекітілген Бас жоспар әрекет етеді.
Белгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава әзірлеген астана бас жоспарының негізгі идеясы, тұжырымдамасы сақталды. Олар: табиғат пен адамның симбиозы, қалалық ортаның метаболизмі мен үйлесімі.
Нұр-Сұлтан қаласының бас жоспарының негізгі қағидаттары оның көп орталықтылығы, ықшамдылығы және аумақты дамытудың теңгерімділігі болып табылады. Бұл ретте көлік инфрақұрылымын дамыту қала тіршілігінің негізгі құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады.
Көп орталықты мегаполисті қалыптастырудың табысқа жетуінің кепілі – қаланың әр ауданында жақсы тұрғын үй жағдайларын және жұмыс істеу, білім алу және демалыс үшін тиісті мүмкіндіктер жасау болып табылады. Сонымен қатар осы жоспарланған аудандардың әрқайсысының жеке қоғамдық орталығы болуы керек, онда адамдар жұмыс істеп, мәдени демалыс, сауда орталықтары, саябақ аумақтары, белсенді демалыс аймақтары және Нұр-Сұлтанның басқа бөліктерімен көлік байланысына ие болуы керек.
Елорданың бас жоспарына сәйкес жаңа аудандар қалыптастырылды, оларда астанаға қайталанбас заманауи сәулет бейнесін беретін объектілер серпінді салынуда: жаңа әкімшілік орталық, сол жағалаудағы тұрғын үй кешендері, Мыңжылдық аллеясы, Мәңгілік Ел, Тұран даңғылдары, ЭКСПО-2017 көрме кешенінің ауданы, «Жағалау», «Саранда» тұрғын аудандары, Family Village коттедж қалашығы, сондай-ақ оң жағалауда қаланың қалыптасқан бөлігін кешенді қалпына келтіру.
Бекітілген бас жоспарға сәйкес қала аумағы 2030 жылға 79733 га болып анықталды; халық саны – 1,220 млн. адам, тұрғын үй қоры – 37,2 млн. шаршы м. Қолданыстағы бас жоспарда 1 адамға есептегендегі норма 30 шаршы м. болып қабылданды.
Нұр-Сұлтан қаласының бас жоспарында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және Нұр-Сұлтан қаласының айналасында үздіксіз жасанды жасыл белдеу құру және оны Щучинск-Бурабай курорттық аймағының табиғи аймақтарымен біріктіру жөніндегі жұмысты жалғастыру бойынша жобалық шешімдер қабылданды.
Нұр-Сұлтан қаласындағы жасыл көшеттердің қазіргі ауданы – 15485 га, 2030 жылға дейін бұл аумақтар 36 335 га құрайтын болады, бұл елорданың жалпы аумағының 51% құрайды.
Әкімдік іргелес жатқан өңірлермен бірлесе отырып, басты тәртіпте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, туристтік қызметтерді дамыту мәселесін шешетін болады.
«Назарбаев Университеті» ДБҰ-ның интеграцияланған академиялық жүйесінің бір бөлігі болып табылатын елордада қызмет етіп келе жатқан медициналық кластер жаңа медициналық технологияларды енгізу үшін негіз және қазақстандық денсаулық сақтау жүйесін дамытудың локомотивіне айналады.
Білім беру қызметтерінің қолданыстағы кластері негізінде Назарбаев Университеті жұмыс істейді.
Университет ұлттық білім беру жүйесінің артықшылықтары мен үздік әлемдік ғылыми-білім беру тәжірибесін үйлестіретін Қазақстан Республикасындағы білім берудің ұлттық брендіне айналды. Бұл халықаралық академиялық стандарттар бойынша жұмыс істейтін және академиялық еркіндік пен дербестік қағидаттарын басшылыққа алатын Қазақстанның алғашқы жоғары оқу орны.
Нұр-Сұлтан қаласын Еуразияның мәдени орталығы ретінде дамыту бөлігінде осы салада Қазақстан астанасының имиджін алға жылжыту бойынша шаралар қабылдануда, мәдениет және спорт объектілерін жобалау және салу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Халықаралық сәулеттік конкурстардың нәтижелері бойынша итальяндық сәулетші Манфредо Николетти жобасы бойынша «Қазақстан» киноконцерт залы, Норман Фостер жобасы бойынша Бейбітшілік және келісім сарайы, түрік сәулетшілерінің жобасы бойынша Ұлттық кітапхана, Мемлекеттік мұрағат, Тәуелсіздік сарайы, Қазақстандық сәулетші Шоқан Матайбековтың жобасы бойынша «Шабыт» өнер университеті, қазақстандық сәулетші Төлеген Әбілданың жобасы бойынша Астана қаласының мемлекеттік циркі, швейцар сәулетшілерінің жобасы бойынша «Астана – опера» опера және балет театры, Ресейдің сәулетшісі Никита Явейннің жобасы бойынша Тұңғыш Президент Қоры мен кітапханасы, Оқушылар сарайы, қазақстандық сәулетші В.Лаптевтің жобасы бойынша Қазақстан тарихының мұражайы, Қазақ драма театры.
Бұрын салынған және қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған мәдениет объектілерінің ішінде келесілерін атап өту қажет: Тұңғыш Президент мұражайы, Президенттік мәдениет орталығы, Конгресс-холл, Күләш Байсейітова атындағы театр, Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театры, М. Горький атындағы орыс драма театры, Музыка академиясы, Махамбет Өтемісов атындағы Оқушылар сарайы, «Арсенал» кинотеатры, «Жастар» сарайы.
Таяудағы келешекте Астана агломерациясының өзегі ретінде елорданы дамыту бойынша әзірленген бірінші кезектегі шаралар кешені іске асырылатын болады.
Ол үшін қаланың шет аймақтарын және оған іргелес агломерациялық аумақтарды инфрақұрылымдық қамтамасыз ету жұмысын жандандыру қажет.
Іргелес өңірлермен бірлесіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агломерация аумағында индустриялық аймақтар құру, құрылыс индустриясын, рекреациялық және туристік қызметтерді дамыту мәселелері басым тәртіппен шешілетін болады.
Қазіргі уақытта жаңа құрылыс аумақтарына қарқынды кешенді құрылыс, сондай-ақ қаланың қалыптасқан бөлігін оңтайландырылған игеру аумағының шекарасында қайта құру жүргізілуде:
- Мыңжылдық аллеясы және «Метро» СО ауданындағы Қарағанды тас жолының оңтүстігіндегі аумақ;
- Мәңгілік Ел даңғылының бойындағы құрылыс;
- Тұран даңғылының батысындағы құрылыс;
- Тельман тұрғын алабының оңтүстігіне қарай құрылыс салу;
- Асан Қайғы көшесінің бойындағы аумақты қайта жаңарту және реновациялау.
Елорданың аумағын теңгерімді дамыту үшін және Есілдің оң жағалауы – бұл қала халқының басым бөлігі тұратын қаланың тарихи қалыптасқан бөлігі екенін ескере отырып, кешенді қайта жаңартуды талап етеді, осыған орай жоспарлы, тұрақты жұмыс жүргізілуде.
Сонымен бірге, халықтың нақты өсу динамикасы уақыт талаптарына жауап беретін жаңа бас жоспарды әзірлеуді ұйымдастыру қажеттілігін көрсетеді.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Ұ. Маминнің 19.11.2018 жылғы №11-4/04-298//18-01-7.2 (1.2.1-т.) тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 2020 жылғы қарашада есептік мерзімін 2035 жылға дейін өзгерте отырып, Нұр-Сұлтан қаласының жаңа Бас жоспарын әзірлеуді ұйымдастырды.
Бас жоспарды әзірлеу барысында халықтың келешектегі санын ескере отырып, Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтеріне сәйкес қаланың аумақтық дамуының, аумақтың қала құрылысын аймақтарға бөлудің, жалпы қалалық мақсаттағы объектілерді орналастырудың (халыққа әлеуметтік, мәдени және коммуналдық қызмет көрсету), көліктік қызмет көрсетуді ұйымдастырудың, инженерлік жабдықтар жүйесін дамытудың, аумақты инженерлік дайындау мен абаттандырудың ұзақ мерзімді перспективалары айқындалатын болады.