Астанада Сарыбұлақ өзенінің жағалауын тазалау және абаттандыруға бағытталған «Таза жағалау» экологиялық акциясы өтті.
Іс-шараға «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері мен қала тұрғындары қатысты. Қатысушылар бірлесіп жағалау аумағын тұрмыстық қалдықтардан, пластиктен және басқа да қоқыстардан тазартты.
«Таза жағалау» экологиялық акциясы – аумақты тазалау ғана емес, тұрғындарды қаламызды таза әрі жайлы ету жолындағы ортақ мақсатқа жұмылдыратын бастама. Осындай игі шараларға еріктілер мен жастардың жылдан-жылға көбірек қатысып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарай бастағаны бізді қуантады», – деді «Астана жастары» ЖРО КММ Жастармен тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Сұлтан Өмірғалиев.
Акция соңында марапаттау рәсімі өтті. Елорданы абаттандыруға қосқан үлесі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін барлық қатысушыға Құрмет грамоталары табысталды.
Астанада Махатма Ганди ескерткіші маңында Байқоңыр ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті.
Қаланың қоғамдық кеңістіктерінің бірін абаттандыру жұмысына «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары қатысты.
Акция аясында қатысушылар аумақты қоқыстан тазартып, ағаштарды суарды, жасыл желектерді күтіп-баптап, абаттандыруға қатысты өзге де жұмыстарды атқарды. Мұндай іс-шаралар қаланың тазалығын сақтаумен қатар, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Байқоңыр ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрислам Батырбек акцияның Мемлекет басшысы бастамашылық еткен республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
«Бүгін экологиялық акцияға «Жасыл елдің» 80-нен астам сарбазы қатысып жатыр. Осындай іс-шаралар жыл бойы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Біз жастармен бірге қоғамдық кеңістіктерді тазалап, жасыл желекті күтіп-баптап, аумақтарды абаттандыру жұмысын жүргіземіз. Мұндай акциялар қаланың тазалығын сақтауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді», – деді ол.
«Жасыл ел» қозғалысының еріктісі Айзере Сайлаудың айтуынша, мұндай бастамаларға қатысу қаланы таза ұстауға ғана емес, табиғатты қорғауды мақсат еткен пікірлес жастардың бір бөлігіне айналуға мүмкіндік береді.
«Біз бұл жерді қоқыстан тазартып, аумақты көркейтіп, Қазақстанның экологиясын сақтауға өз үлесімізді қосу үшін жиналдық. Осындай акциялар еліміздің болашағы үшін өте маңызды. «Жасыл елдің» қатарында болғанды ұнатамын. Мұнда ұйымшыл ұжым және табиғатты аялауды ортақ мақсат еткен белсенді жастар көп», – деді ол.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы туған қаланың тазалығы әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын тағы бір мәрте көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, еріктілердің, жастардың және коммуналдық қызметтердің бірлескен еңбегінің арқасында елорда күн сайын көркейіп, жасыл желегі көбейіп, тұрғындар үшін жайлы қалаға айналып келеді.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan
Елорда күніне орай Астанада ауқымды патриоттық флешмоб өтті. Оған «Жасыл ел» еңбек жасақтарының 200-ден астам жас сарбазы қатысты.
«Жасыл ел» жасақтарының сарбаздары жастардың туған қаласына деген сүйіспеншілігін, бірлігі мен ынтымағын білдіретін «Астана» жазуын бейнелеп сап түзеді.
Флешмоб күн сайын елорданы абаттандыруға, қаланы көгалдандыруға және экологиялық бастамаларды жүзеге асыруға үлес қосып жүрген белсенді әрі жанашыр жастардың басын қосты. Бұл акция «Жасыл ел» сарбаздары үшін Астанаға деген мақтаныштарын білдіріп, қала тұрғындарын мерекемен құттықтаудың тағы бір мүмкіндігіне айналды.
Іс-шараны Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды. Мұндай бастамалар жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, патриоттық рухын нығайтуға және туған қаласына деген құрмет сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.
Қала күні – ұрпақтар сабақтастығын дәріптеп, Қазақстан астанасының қарқынды дамуын айқындайтын мереке. 200 жастың күшімен жасалған «Астана» жазуы қала тұрғындары мен қонақтарына арналған ерекше құттықтау ғана емес, сондай-ақ жастардың мерекелік көңіл күйді қалыптастыруға және қоғамдық құндылықтарды дәріптеуге қосып жүрген үлесінің ерекше көрінісі болды.
"Ашық бюджеттер" порталында 2026-2028 жылдарға бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын (2026 жылға арналған №3 нақтыланған бюджет) орналастыру туралы баспасөз релизі
"Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы" ММ 2026-2028 жылдарға бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын (2026 жылға арналған №3 нақтыланған бюджет) жариялағаны туралы хабарлайды.
001 «Жергілікті деңгейде жастар саясаты мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтер»: https://budget.egov.kz/budgetprogram/budgetprogram?govAgencyId=3678&budgetId=4304580&budgetState=PROJECT ;
005 «Жастар саясаты саласындағы іс-шараларды іске асыру": https://budget.egov.kz/budgetprogram/budgetprogram?govAgencyId=3678&budgetId=4304655&budgetState=PROJECT сілтемесі арқылы қолжетімді.
Астанада ауқымды «Jastar Tolqyny» жобасы аясында құқық қорғау органдарының жас қызметкерлері арасында жарыс басталды.
Сайысқа елорданың Сарыарқа, Алматы, Байқоңыр, Есіл, Нұра және Сарайшық аудандарының намысын қорғайтын алты команда қатысып жатыр. Құрама сапына патрульдік полиция қызметкерлері, инспекторлар, тергеушілер және Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының сарбаздары енген.
«Іріктеудегі басты қағидат – жастарымыздың белсенділігі. Біз полицейлердің де қарапайым адам екенін көрсеткіміз келді. Олар да қуанып, бос уақытын белсенді өткізіп, зияткерлік ойындарға қатыса алады. Бұл олардың күнделікті қарбалас әрі жауапты жұмысынан бір сәтке болса да серпіліп, қала тұрғындарымен жақындасуына жақсы мүмкіндік», – деді «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Дәуіржан Жұмахан.
Жарыстың алғашқы кезеңі зияткерлік куиз түрінде өтті.
Байқау кешенді сынақ ретінде ұйымдастырылғандықтан, командаларды алда тағы екі кезең күтіп тұр.
Әскери-спорттық және кәсіби кезең тактикалық-спорттық сынақтарды қамтиды. Қатысушылар тактикалық атыс дағдыларын көрсету үшін тирге барады. Сондай-ақ оларды әйгілі халықаралық Dubai Challenge / SWAT Challenge форматына ұқсас әсерлі полицейлік эстафета күтеді. Екінші кезең мамандандырылған автоХҚКО-да жүргізушілік дағдыларын бағалау емтиханымен аяқталады.
Байқаудың қорытынды үшінші кезеңі қызметкерлердің шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Әр аудан өзіне тән ерекше өнер нөмірін дайындайды – полицейлер ән айтып, би билеп, қазылар алқасын таңғалдыруға тырысады.
Байқаудың финалын бағалап, жас мамандардың өнеріне төрелік ететін беделді комиссия жасақталған. Қазылар алқасының құрамына қала мен Полиция департаментінің басшылығы өкілдері, сондай-ақ танымал медиа тұлғалар, спортшылар, блогерлер және Қазақстанның мәдениет қайраткерлері енген.
Үш кезеңнің қорытындысы бойынша байқаудың салтанатты жабылу рәсімі өтіп, елорданың үздік жас полицейлері марапатталады.
Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті тазалық жұмысы жүргізілді. Алматы ауданының әкімдігі мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бастамасымен қолға алынған іс-шара Махтұмқұлы көшесі бойында өткізіліп, оған белсенді жастар мен еріктілер қатысты.
Тазалық барысында қатысушылар көшелер мен қоғамдық аумақтарды қоқыстан тазартып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға өз үлесін қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастаманың басты мақсаты – қаланың санитарлық жағдайын жақсарту ғана емес, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды дәріптеу.
«Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «Астана жастары» ұйымы Алматы ауданы әкімдігімен бірлесіп, сенбілік өткізіп жатыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – елордамыздың тазалығын сақтауға үлес қосу және тұрғындар арасында қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру. Қаланың тазалығы әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Осы арқылы астаналықтарды қаланы таза ұстауға үндегіміз келеді. Сонымен қатар, еріктілердің белсенділігін арттыру үшін тазалық жұмысын түрлі ойынмен және танымдық әдістермен ұштастырып, сенбілікті ерекше форматта ұйымдастырдық», – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының Жастармен тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Сұлтан Өмірғалиев.
Сенбілікке қатысқан жастар мұндай жұмыстардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. Олардың пікірінше, қаланың тазалығы әр тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігінен басталады.
«Astana Jastary волонтерлік ұйымының қатарына қосылғаныма бір жылға жуық уақыт болды. Осы аралықта түрлі экологиялық және қоғамдық іс-шараға белсенді қатысып келемін. Бүгінгі сенбілікке де жазғы демалысымызды пайдалы өткізіп, қаламыздың тазалығына үлесімізді қосу үшін келдік. Біз шашылған қоқысты жинап қана қоймай, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын насихаттауға тырысамыз. Астананың тазалығы – тек коммуналдық қызметтің емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан әр азамат қоршаған ортаны таза ұстап, қоқыс тастамауды әдетке айналдыруы қажет деп ойлаймын», – деді Astana Jastary волонтерлік ұйымының мүшесі Әбілмансұр Әмірхан.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan
Астанада жастар арасында ұлттық спорт түрлерін дәріптеу және салауатты өмір салты құндылықтарын насихаттауға бағытталған көкпар жарысы өтті.
Көкпар жарысы қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы және «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының бірлескен профилактикалық бастамалары аясында ұйымдастырылды.
Жарысқа қатысу үшін шамамен 400 шабандоз өтінім берген. Есірткіге қарсы акцияны қолдау мақсатында спорт клубының 200 қатысушысы алаңға «Астана – есірткісіз қала» деген жазуы бар жейделермен шығып, «Астана – есірткісіз қала» ұраны жазылған жалауларды көтерді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шараларды өткізу ұлттық спорт түрлерін дамытуға, жастар арасында есірткі заттарын қолдануға деген теріс көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді.
Жарыс спортшыларды, көкпар жанкүйерлерін және қала тұрғындарын бір алаңға жинап, салауатты өмір салты мен белсенді азаматтық ұстанымды насихаттайтын тағы бір маңызды алаңға айналды.
5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күніне орай Астанадағы Есіл өзенінің жағалауында ерекше экологиялық акция – плоггинг өтті. Іс-шараға «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының сарбаздары, спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты.
Акцияның мақсаты – қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қоғам назарын аудару, экологиялық жауапты өмір салтын насихаттау және табиғи аумақтардың тазалығын сақтауға үлес қосу.
Қатысушылар жүгіруді қоқыс жинаумен ұштастырып, жағалау аумағын қоқыстан тазартты.
«Еліміздің тазалығы – денсаулығымыздың кепілі. Әрбір адам қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, өзінен кейін қалған қоқысты жинап, арнайы контейнерлерге тастауы қажет. Егер мұндай мәдениеті қалыпты жағдайға айналса, еліміз де таза, халқымыз да дені сау болады», – деді пенчак силаттан қаланың аға жаттықтырушысы Нұржан Бекентаев.
Акция Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күніне арналған іс-шаралардың бір бөлігіне айналып, қатысушыларды табиғатқа ұқыпты қарау мен тазалықты сақтау жолындағы ортақ мақсат төңірегіне ұштастырды.
#ЭкологКүні #ТазаҚазақстан #ӨзіңненБаста
Астанада 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай колледж студенттерімен кездесу өтті.
Іс-шара жасөспірімдер арасындағы зиянды әдеттердің алдын алу, волонтерлік қозғалысты дамыту және жастардың экологиялық мәдениетін, жол қозғалысы қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне арналды.
Кездесу барысында, алдымен колледж студенттеріне жол қозғалысы бойынша ережені сақтау жөнінде түсіндірме жүргізіліп, жазғы демалыста қауіпсіздік сақтау мен құқықбұзушылыққа жол бермеу туралы ескерту жасалды.
Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының профилактика және ведомствоаралық өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Әлия Қибатқызы «Жасөспірімдер арасындағы нашақорлық пен зиянды әдеттердің алдын алу» тақырыбында сөз сөйледі.
Спикер ерте профилактикалық жұмыстың маңыздылығына тоқталып, отбасы, мектеп және қоғамның рөлін атап өтті.
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтері Даниялақмаль Салықов «Волонтерлік қызмет арқылы жастарды дамыту» тақырыбында баяндама жасап, волонтерлік бастамалар жастардың көшбасшылық қасиеттерін дамытып, жауапкершілік пен белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыратынын айтты.
Сонымен қатар, «Жер елшілері» жастар экологиялық қозғалысының жетекшісі Темірлан Мақұбаев экологиялық мәдениет пен республикалық «Таза Қазақстан» акциясы туралы баяндап, қоршаған ортаға жанашырлықпен қараудың маңызын түсіндірді.
Астанада 29 мамыр күні «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XXII еңбек маусымы салтанатты түрде ашылды. Биыл жобаға 14-35 жас аралығындағы 5 200 жас қатысады. Жаз бойы олар қаланы көгалдандырумен, саябақтарды, гүлзарларды және мектеп маңындағы аумақтарды тазалаумен айналысады.
Маусымның ашылуы амфитеатрда «Жасыл ел» сарбаздарының, еріктілердің және жастар ұйымдары өкілдерінің қатысуымен өтті. Биылғы маусымның ұраны – «Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі».
Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраевтың айтуынша, биыл жоба аясы айтарлықтай кеңейтілген.
«Өткен жылмен салыстырғандағы айырмашылық – жалпы осы маусымда, мамыр мен тамыз аралығында «Жасыл елдің» 5 200 сарбазы қатысады. Сондай-ақ биыл біз жалақыны өсірдік. Өткен жылы олар қолдарына 54 мың теңге алса, биыл 73 мың теңгеге жеткіздік. Сонымен қатар оларда міндетті зейнетақы аударымдары болады», – деді ол.
Тағы бір жаңалық – цифрлық кезек. Енді қатысуға өтінімді astana-jasylel.kz онлайн-платформасы арқылы беруге болады. Самат Ибраевтың сөзінше, жобаға бірінші кезекте толық емес және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдер қабылданады. Бұл ретте «Жасыл ел» қатарына мектеп оқушылары да, колледж студенттері да қосыла алады.
Маусым қатысушыларының арасында №101 мектептің 10-сынып оқушысы Сабина Тілеубек те бар. Жасөспірім өткен жылы да «Жасыл елдің» қатарында болғанын және осы жазда да жалғастыруды жөн көргенін айтты.
«Біз күнделікті гүл суардық, ағаш отырғыздық, жолдарды сыпырдық және мектепке көмектестік. Мен әлеуметтік белсенді болғым келеді, өзіме де, мектепке де көмектескім келеді, сондықтан ары қарай да қатысқым келеді», – деп мектеп оқушысы ойын білдірді.
Ол көптеген жасөспірімдердің жобаға ата-аналарына көмектесу немесе жазда табыс табу үшін келетінін айтты. Алайда ол үшін «Жасыл елге» қатысу – өзін тану, жаңа адамдармен танысу және қалаға пайда тигізу.