Елордадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Республика күні қарсаңында «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының гала-концерті өтті. Іс-шараға Қазақстанның 20 өңірінде өткен іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары, білім беру ұйымдары мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ белсенді жастар қатысты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
2014 жылдан бері іске асырылып келе жатқан жобаның мақсаты – мемлекеттік тілді дәріптеу, ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды сақтау және өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін ашу. Жоба осы жылдар ішінде түрлі этнос өкілдері арасындағы мыңдаған бала мен жастың басын қосып, елдегі этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға ықпал етті.
«Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимыл басқармасының басшысы Елдос Жұмағұловтың айтуынша, жоба он жылдан астам уақыт бойы жастар мен оқушылар арасында танымал болып келеді.
«Жобаның басты мақсаты – қазақ тілі мен мәдениетін дәріптеу. Оған жыл сайын түрлі этнос өкілдері, балалар, оқушылар мен студенттер қатысады. Олар мемлекеттік тілде өнер көрсетіп, ән айтып, домбыра шертеді. Мұның бәрі этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға ықпал етеді», – деді Елдос Жұмағұлов.
2026 жылы жоба аясында еліміздің барлық өңірінде 114 іс-шара өтіп, оған 1 653 оқушы қатысты. Қорытынды гала-концертке өңірлік іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары шақырылып, олар тіл, мәдениет және өнер саласындағы қабілеттері мен жетістіктерін көрсетті.
Биыл жоба бағдарламасына бірнеше қосымша номинация енгізілді. Солардың бірі Мемлекет басшысының оқу мәдениетін дамытуға және зияткер ұлт қалыптастыруға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» бастамасын қолдауға арналды.
Елдос Жұмағұловтың айтуынша, жобаға қатысу еліміздің әр өңірінен келген жастарға өз қабілеттерін танытып, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін көрсетуге мүмкіндік береді. Биылғы қатысушылардың географиясы елдің барлық өңірін қамтыды.
Гала-концерт өңірлерде атқарылған жұмыстың қорытындысына айналып, жеңімпаздарды марапаттау алаңы болды. Іс-шара барысында қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Жобаны Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды.
«Мың бала» жобасы жастарды ортақ мәдени құндылықтар төңірегінде біріктіріп, ұлттық мұраны сақтауға, мемлекеттік тілді дамытуға және Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға бағытталған жұмысын жалғастырып келеді.
Астанадағы №104 жалпы орта мектептің оқушылары Республика күні қарсаңында «Tarlan Astana» жеңіл рельсті көлігінде «Атамекен» патриоттық әнін орындады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мерекеге орай ұйымдастырылған бастама өскелең ұрпақтың бойында елге деген патриоттық сезімді күшейтуге, ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға бағытталған.
Мектеп директоры Нұртас Құрманғалиұлының айтуынша, бұл бастаманың басты мақсаты – оқушыларға Республика күнінің мәнін түсіндіріп, олардың туған еліне деген мақтанышын нығайту.
«Республика күні – елдігімізді айшықтап, егемендігімізді ұлықтайтын ерекше мереке. Осы айтулы күнге орай оқушыларға «Атамекен» әнін орындатып, олардың жүрегіне Отанға деген сүйіспеншілік пен туған жерге деген мақтаныш сезімін ұялатуды мақсат еттік. Өйткені тәуелсіз елдің өскелең ұрпағын отансүйгіштікке баулып, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз», – деді мектеп директоры.
Республика күніне орай Астанада ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады. 24 қазанда елорданың барлық алты ауданындағы 12 алаңда ашық аспан астында концерттер өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік іс-шаралардың мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ел бірлігін нығайту және елорда тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлау.
Алматы ауданында концерттер екі алаңда өтеді. Сағат 12:00-де «Железнодорожный» тұрғын алабында Лұқпан Жолдасов, Меруерт Бақыт, Ералы Қанжығалы, «Алтын» триосы, «Айша бибі» дуэті және «DiEra» триосы өнер көрсетеді.
Сағат 15:00-де «Жастар» саябағында Дидар Мансұр, «Айлин» триосы, Медет Шайкелов, «Астана» тобы, Парасат Отан және «Алтын» триосының қатысуымен концерт басталады.
Байқоңыр ауданында сағат 12:00-де «Өндіріс» тұрғын алабында мерекелік концерт өтеді. Көрермендер алдында Фарида Жолдасова, Бауыржан Исаев, Мадина Исламова, Әкімхан мен Ақбота, Даниял Ахметов және «Айлин» триосы өнер көрсетеді.
Сағат 15:00-де «Ататүрік» саябағында концерт басталады. Онда Мадина Исламова, Аян Жаймағамбетов, «Айша бибі» дуэті, DOS, «Алтын» триосы және Мәди Қадыров өнер көрсетеді.
Есіл ауданында мерекелік іс-шара сағат 15:00-де «Бағыстан» тұрғын алабында өтеді. Мұнда Алтыншаш Мұқатаева, Фарида Жолдасова, Бауыржан Исаев, «DiEra» триосы, «Белес» дуэті және «Айлин» триосы өнер көрсетеді.
Нұра ауданында концерттер екі алаңда ұйымдастырылады. Сағат 12:00-де «Үркер» тұрғын алабындағы «Айғыржал» скверінде мерекелік бағдарлама басталады. Көрермендер алдында Тұрар Төлеутай, Айгүл Иманбаева, Дидар Әбдіхалық, «Жарық» дуэті, Аян Жаймағамбетов және «Qazaq Voice» триосы өнер көрсетеді.
Сағат 15:00-де «Жағалау» тұрғын алабында концерт өтеді. Өнер көрсететіндер қатарында Нұрбол Балапанов, Медет Салықов пен Клара Төленбаева дуэті, «Еркем» триосы, Тұрар Төлеутай, Меруерт Бақыт және Аян Жаймағамбетов бар.
Сарайшық ауданында да екі концерттік алаң белгіленген. Сағат 12:00-де «Промышленный» тұрғын алабында Медет Салықов пен Клара Төленбаева дуэті, Алтыншаш Мұқатаева, Нұрбол Балапанов, «DiEra» триосы, Ералы Қанжығалы және «Алтын» триосы өнер көрсетеді.
Сағат 15:00-де «Отау» шағынауданында Даниял Ахметов, Айгүл Иманбаева, Әкімхан мен Ақбота, «Qazaq Voice» триосы, Дидар Әбдіхалық және «Жарық» дуэтінің қатысуымен концерт өтеді.
Сарыарқа ауданында мерекелік концерттер бірнеше алаңда өтеді. Сағат 12:00-де «Көктал-1» тұрғын алабындағы «Наз» мемлекеттік би театрының алаңында концерт басталады. Мұнда Аян Жаймағамбетов, Зарина Омарова, Парасат Отан, «Еркем» триосы, Тұрар Төлеутай және «Астана» тобы өнер көрсетеді.
Осы уақытта «Көктал-2» тұрғын алабындағы «Қорғалжын» скверінде де мерекелік іс-шара өтеді. Өнер көрсететін әртістер қатарында Мәди Қадыров, Медет Шайкелов, Дидар Мансұр, Бауыржан Исаев, «Айлин» триосы және «Белес» дуэті бар.
Сағат 15:00-де Қалалық алаңда DOS, Лұқпан Жолдасов, Зарина Омарова, Ералы Қанжығалы, «DiEra» триосы және Тұрар Төлеутай көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлайды.
Астанада үш облыстың тауар өндірушілері 1 600 тоннадан астам азық-түлік өнімін ұсынатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарынан келген шаруалар ет, сүт өнімдері, көкөніс, балық, бал және басқа да тауарларды тікелей тұтынушыларға саудалап, қала тұрғындарына азық-түлікті бір жерден таңдап алуға мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жәрмеңке Қазанат ипподромында (Қарқаралы көшесі, 1) сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін өтеді.
Жәрмеңкеде ет және ет өнімдері, сүт өнімдері, көкөніс, жұмыртқа, балық, бал, бакалея тауарлары және басқа да азық-түлік түрлері саудаланады.
Павлодар облысының өндірушілері жәрмеңкеге 110 тонна ет және ет өнімдерін, 440 тонна көкөніс, 17 тонна сүт өнімін, 24 тонна бакалея тауарларын, 14 тонна балық, 10 тонна бал және 100 мың дана тауық жұмыртқасын жеткізген.
Солтүстік Қазақстан облысынан 1 000 тоннадан астам өнім ұсынылады. Оның ішінде 110 тонна ет және ет өнімдері, 400 тоннадан астам көкөніс, 180 тоннадан астам сүт өнімдері, 80 тоннадан астам бакалея тауары, 5 тонна балық, 10 тонна бал және 240 мың дана тауық жұмыртқасы бар.
Ал Ұлытау облысының шаруалары 60 тонна ет және ет өнімдері мен 20 тонна сүт өнімдерін әкелген.
«Біз үшін өнімді тікелей сатып алушыға ұсынудың маңызы зор. Жәрмеңкеге келген адамдар тауардың бағасын сұрап, сапасын көріп, өзіне қажетті мөлшерде сатып ала алады. Мұнда бірнеше өңірдің өндірушілері жиналғандықтан, тұрғындардың таңдау мүмкіндігі де кеңейеді. Әсіресе, күнделікті тұтынатын ет, сүт өнімдері мен көкөністерге сұраныс жоғары. Осындай сауда алаңдары арқылы өнімімізді көбірек адамға таныстырып, тұрақты тұтынушылармен байланыс орнатуға болады», – деді Солтүстік Қазақстан облысынан келген сатушы Айдос Сәрсенбаев.
Қала тұрғындары үшін де жәрмеңкенің басты артықшылығы – азық-түліктің түр-түрін бір жерден таңдап, бағасын салыстыру мүмкіндігі. Астана тұрғыны Әйгерім Қасымованың пікірінше, мұндай жәрмеңкелер отбасылық бюджетті жоспарлауға көмектеседі.
«Азық-түлік – әр отбасының күнделікті шығыны. Сондықтан сапалы өнімді қолайлы бағамен сатып алу біз үшін маңызды. Жәрмеңкеде әр өңірден келген өндірушілердің тауарлары ұсынылғандықтан, бірден бірнеше өнім түрін таңдап алуға болады. Сонымен қатар, тауардың қайдан жеткізілгенін біліп, өндірушінің өзінен сұрап алуға мүмкіндік бар. Осындай жәрмеңкелер тұрақты ұйымдастырылып тұрса, қала тұрғындары үшін де, өнімін сатуға келген шаруалар үшін де тиімді болар еді», – деді ол.
Жәрмеңке 18 қазанға дейін жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтары азық-түлік өнімдерін екі күн бойы сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін сатып ала алады.
25 қазанда Қазақстанда Республика күні атап өтіледі. Ұлттық мерекеге орай Астанада салтанатты, мәдени-танымдық, білім беру, спорттық, экологиялық және әлеуметтік бағыттағы 120-дан астам іс-шара жоспарланып отыр. Елорда тұрғындары мен қонақтарына арнап концерттер, көрмелер, спектакльдер, спорттық турнирлер, мерекелік акциялар, жаңа нысандардың ашылуы және басқа да шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Республика күніне орай елордада бірқатар жаңа нысан ашылады. Атап айтқанда, М. Төлебаев көшесі, 3 мекенжайында «TANYM SPORT» көпфункционалды кешені, ал Сұлтан Бейбарыс көшесі, 15 мекенжайында «TANYM ART» кешені жұмысын бастайды.
Сонымен қатар №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының қосымша ғимараты және №2 қалалық көпбейінді аурухананың қабылдау-диагностикалық кешенін ашу жоспарланып отыр.
Ұлттық мерекеге орай Астанада мәдени-білім беру бағдарламасы да әзірленді. Оның аясында әдебиет пен өнер өкілдерімен кездесулер, ғылыми-практикалық конференциялар, көрмелер, белгілі бір тақырыптағы кештер, пікірсайыстар және басқа да іс-шаралар өтеді.
20 қазанда сағат 17:00-де «Жастар» сарайында «Елім деп соққан жүрегім» атты патриоттық кеш өтеді. Сол күні елорданың барлық мектебінде Республика күніне арналған бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылады.
20-24 қазан аралығында елордалық мектептерде оқушылар арасында «Егер мен Президент болсам…» тақырыбында пікірсайыстар және «Менің елім – Қазақстан» атты сурет байқауы өткізіледі.
21 қазанда сағат 11:00-де Сәкен Сейфуллин музейінде «Ұлт рухын ұлықтаған Сәкен» атты мәдени-танымдық кеш өтеді. Сол күні Ақжан әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінде Өтеген Сейітов атындағы «Болашақ прокурор» клубының қатысушылары арасында «QAZAQSTAN QUIZ» зияткерлік ойыны ұйымдастырылады.
22 қазан күні сағат 11:00-де Достық үйінде Ғылыми-сараптамалық топтың қатысуымен конференция өтеді.
Сол күні сағат 11:00-де Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жазушы, драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлымен «Зерделі ұлт – кітап оқитын отбасынан басталады» тақырыбында кездесу ұйымдастырылады. Кейін кітапханада «Әдебиет әлеміндегі түнгі керуен» атты әдеби іс-шара өтеді. Ол кітапханада түн өткізу форматында ұйымдастырылады.
Сағат 19:00-де «Жастар» сарайында «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі «Ұлы дала әуені» атты мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынады.
23 қазанда сағат 10:00-де Астана қаласының мемлекеттік архивінде оқушылармен «Егемен елдің ертеңі» атты кездесу өтеді.
Сағат 11:00-де М. Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Әбдірахманов пен тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Күлпаш Ілиясованың елорданың белсенді жастарымен кездесуі өтеді. Кездесу «Байтақ елім – Қазақстан!» тақырыбына арналады.
Мерекелік іс-шаралар елорданың алты ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында да ұйымдастырылады.
23 қазанда сағат 11:00-де Р. Қошқарбаев даңғылы, 29/1 мекенжайында «Ән-жырым саған, Қазақстан» атты мерекелік концерттік бағдарлама өтеді. Сол күні кешке мәдени бағдарлама Мемлекеттік «НАЗ» би театрының концертімен жалғасады. Ұжым сағат 19:00-де «Аңсаған арман» атты концерт ұсынады.
Сондай-ақ елорданың барлық алты ауданында мерекелік концерттер өтеді.
Атап айтқанда, 24 қазанда Пригородный, Отау, Өнеркәсіп, Бағыстан, Өндіріс және Теміржолшылар тұрғын алаптарында, «Қорғалжын», «Жағалау», «Ататүрік», «Айғыржал» және «Жастар» гүлзарларында, сондай-ақ қалалық алаңда концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.
Республика күні – 25 қазан күні де мазмұнды бағдарлама жоспарланып отыр. Сағат 11:00-де Өнер музейі келушілерді «Рухты ел» атты лекция-концертке шақырады. Ал М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Ер-Төстік туралы аңыз» ертегісін ұсынады.
Музыкалық жас көрермен театры сағат 16:00-де «Қазақстан өнерінің мақтаныштары» атты шығармашылық кеш өткізеді. Сағат 18:00-де «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасын сахналайды.
Осы уақытта Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры «Жас Абай» спектаклін көрсетеді.
Бұдан бөлек, 25 қазанда әлеуметтік осал санаттағы балаларға Қазақстанның Ұлттық музейі мен «Бәйтерек» монументіне экскурсиялар ұйымдастырылады.
Мереке күндері елорда тұрғындары мен қонақтары ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне де бара алады. Жәрмеңке 24-25 қазанда Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайындағы «Қазанат» ипподромының автотұрағында өтеді.
Жәрмеңкеде Қарағанды және Қостанай облыстарының шаруалары өз өнімдерін ұсынады. Сауда орындары сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Келушілер жаңа азық-түлік өнімдерін өндірушілердің өзінен тиімді бағамен сатып ала алады.
Республика күнін мерекелеу бағдарламасында кәсіби спортшыларды, жастарды және түрлі жастағы қала тұрғындарын біріктіретін спорттық жарыстарға да ерекше көңіл бөлінеді.
15-17 қазан аралығында «Барыс Аренада» жүзуден әлем кубогының кезеңі өтеді. Жарысты тамашалау үшін билет сатып алу қажет.
17-18 қазанда сағат 09:00-ден бастап Sana Sport спорт кешенінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Астана әкімдігіне қарасты ұйымдардың қызметкерлері арасында волейбол турнирі өтеді.
19 қазанда Ақшоқы-2 мекенжайындағы Паралимпиадалық жаттығу орталығында көру қабілеті бұзылған қатысушылар арасында тоғызқұмалақтан Астана чемпионаты ұйымдастырылады. Ертеңінде, 20 қазанда, сағат 10:00-де осы орталықта есту және көру қабілеті бұзылған қатысушылар арасында шахматтан ашық қалалық чемпионат өтеді.
22 қазанда сағат 10:00-де Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Есіл ауданының зейнеткерлері арасында шахмат турнирі ұйымдастырылады.
Сол күні сағат 14:00-де «МУА» педагогикалық колледжінде Алматы ауданы колледждерінің студенттері арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді.
23 қазан күні сағат 10:00-де Қаламгерлер аллеясында Байқоңыр ауданының тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады. Қатысушылар тоғызқұмалақ, асық ату, армрестлинг және ләңгі тебу спорт түрлерінен бақ сынайды.
24 қазанда «Барыс Аренада» күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа арнайы билетпен кіруге болады.
Астанада 17-27 қазан күндері Республика күніне орай «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары өтеді. Акциялар аясында елорда тұрғындары мен қонақтары азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларды арзан бағада сатып ала алады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік жеңілдіктер мен арнайы ұсыныстардың негізгі кезеңі 21-27 қазан аралығында өтеді. Бұл күндері елорданың сауда орталықтары мен дүкендерінде түрлі тауарларға жеңілдіктер мен жаппай сатылымдар ұйымдастырылады.
Акцияларды Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қолға алды.
Акциялардың мақсаты – тұрғындар үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыру, отандық өндірушілерді қолдау және ішкі сауданы дамыту.
Астанада «Republic Day» акциясына 10 сауда-ойын-сауық орталығы, ал «Bereke Fest» акциясына түрлі сауда желілерінің 48 сауда нысаны қатысады.
«Republic Day» акциясына қатысатын сауда нысандарының тізімі:
• «Mega Silk Way» СОСО – Қабанбай батыр даңғылы, 62.
• «Хан Шатыр» СОСО – Тұран даңғылы, 37.
• «Аружан» СОСО – І. Жансүгіров көшесі, 8/1.
• «Сарыарқа» СОСО – Тұран даңғылы, 24.
• «Asia Park» СОСО – Қабанбай батыр даңғылы, 21.
• «Даму мол» СОСО – Ж. Нәжімеденов көшесі, 26.
• «Green Mall» СОСО – Сығанақ көшесі, 17Б.
• «Koktal» СОСО – Нұрғиса Тілендиев даңғылы, 12А.
• «Жібек жолы» СОСО – Ахмет Байтұрсынұлы көшесі, 34.
• «NCITY» СОСО – Тұран даңғылы, 53В.
«Bereke Fest» акциясына қатысатын сауда нысандарының тізімі:
«Magnum» сауда желісі
1. Тұран даңғылы, 55Д.
«Астықжан» сауда желісі
2. Ақжол көшесі, 28.
3. Ж. Нәжімеденов көшесі, 26.
4. Нұрғиса Тілендиев даңғылы, 15.
«SMALL» сауда желісі
5. Сұбханбердин көшесі, 2/1.
6. Бөгенбай батыр даңғылы, 26.
7. Абай даңғылы, 48, «Жаннұр» сауда үйі.
8. Кенесары көшесі, 4, «Эмират» ТК.
9. Абылай хан даңғылы, 27/3, «Азия Сити» сауда үйі.
10. Тұран даңғылы, 65.
11. Қабанбай батыр даңғылы, 21, «Asia Park» СОСО.
12. Қабанбай батыр даңғылы, 6/2.
13. Шыңғыс Айтматов көшесі, 44.
14. Достық көшесі, 18, «Москва» БО.
15. Масаты көшесі, 24.
16. Ұлы Дала даңғылы, 88.
17. Қошқарбаев даңғылы, 15А.
18. С. Асфендияров көшесі, 1.
19. Жұмекен Нәжімеденов көшесі, 34А.
20. Сығанақ көшесі, 1Б, «Tumar» сауда үйі.
21. А. Байтұрсынұлы көшесі, 34, «Jibek Joly» СОСО.
«SPAR» сауда желісі
22. Кенесары көшесі, 38.
23. Сағадат Нұрмағамбетов көшесі, 21, «Балқадиша» ТК.
24. Әнет баба көшесі, 7, «Қыран» ТК.
«АНВАР» сауда желісі
25. Тұран даңғылы, 45.
«Greenwich» сауда желісі
26. Қорғалжын тасжолы, 43.
27. А. Байтұрсынұлы көшесі, 29А.
«ВКУСМАРТ» сауда желісі
28. Кенесары көшесі, 80.
«Фермаг» сауда желісі
29. Қабанбай батыр даңғылы, 9/2
30. Мәңгілік Ел даңғылы, 53
31. Ұлы Дала даңғылы, 61
32. Иманбаев көшесі, 7А
33. Қошқарбаев даңғылы, 56
34. Аманжолов көшесі, 32
35. Мұхамедханов көшесі, 19
36. Төле би көшесі, 46
37. Төле би көшесі, 57
38. Бөкейхан көшесі, 8
39. Бөкейхан көшесі, 20
40. Сарайшық көшесі, 8
41. Ұлы Дала даңғылы, 27
42. Конституция көшесі, 22
43. Алматы көшесі, 11
44. Сығанақ көшесі, 2
45. Әл-Фараби көшесі, 9/1
46. Қалдаяқов көшесі, 17
47. Тыныбаев көшесі, 18
48. Ұлы Дала даңғылы, 41/4
17 қазаннан бастап елорданың қоғамдық автобустарында жол жүруге арналған оқушылар мен жеңілдік санатындағы азаматтардың атаулы көлік карталарын Tarlan Astana-ның 18 станциясында рәсімдеуге болады. Бұл туралы CTS компаниясына сілтеме жасап, Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Орталық кассадан бөлек, көлік карталарын рәсімдейтін мамандандырылған кассалардың саны артады. Бұл елорда тұрғындары үшін аталған қызметтің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған кассаларда автобуста және «Tarlan Astana» жеңіл рельсті көлігінде жолақы төлеуге арналған жеңілдігі бар және мектеп көлік карталарын рәсімдеуге болады.
Атаулы көлік карталарын мына санаттағы азаматтар рәсімдей алады:
• елордадағы оқу орындарында білім алатын 7 мен 18 жас аралығындағы оқушылар;
• Астана қ. тіркелген және тұрақты тұратын, Астана қ. мәслихаты бекіткен жеңілдік санаттарына жататын азаматтар.
Мектеп көлік картасын рәсімдеу үшін мына құжаттар қажет:
• ата-анасының немесе заңды өкілдерінің бірінің жеке куәлігінің түпнұсқасы не төлқұжаты;
• баланың ЖСН көрсетілген туу туралы куәлігінің түпнұсқасы;
• Астана қ. оқу орнынан анықтаманың түпнұсқасы;
• өлшемі 3 × 4 см немесе 4 × 6 см түрлі түсті фотосурет.
Жеңілдік көлік картасын рәсімдеу үшін қажетті құжаттар:
• жеке куәліктің түпнұсқасы немесе төлқұжат;
• зейнеткерлік куәліктің түпнұсқасы;
• өлшемі 3 × 4 см немесе 4 × 6 см түрлі түсті фотосурет.
eGov Mobile мобильді қосымшасындағы цифрлық құжаттарды, оның ішінде «Әлеуметтік ID» құжаты да жарамды.
Жеңілдік санатына жататын азаматтар тізімімен CTS сайтында жарияланған жария шарттың қосымшасынан танысуға болады.
Астанада өтетін World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 жүзуден әлем кубогы кезеңі қарсаңында турнирдің жұлдыздары «Барыс Арена» мұз сарайында жас спортшыларға арнайы шеберлік сабағын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қазіргі спорттың жұлдыздары – Олимпиада чемпионы Кэмерон Макэвой, әлем чемпионы Цинь Хайян және әлем чемпионатының жүлдегері Юй Итинг жастарға тәжірибе бөлісіп, саланың қыр-сырын үйретті. Бір сағатқа созылған кездесуге еліміздің түрлі өңірінен келген спорт мектептері мен клубтарының 10-12 жас аралығындағы 35 тәрбиеленушісі қатысты.
Жас жүзушілер үшін бұл кездесу кәсіби спорттың қыр-сырын жақынырақ тануға берілген бірегей мүмкіндік болды. Балалар атақты спортшылардың жетекшілігімен жүзу техникасының жекелеген тәсілдерін пысықтап қана қоймай, өздері үлгі тұтатын спортшылармен еркін әңгімелесе алды. Жұлдыздар спорттағы жолы туралы естеліктері жайлы ой бөлісіп, қиындықтарды қалай еңсергенін айтып, балаларға алдағы жаттығулары мен құнды кеңестерін жеткізді.
Еске салайық, World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 әлем кубогының кезеңі ел астанасында алғаш рет 15-17 қазан аралығында өтеді. Турнир бұған дейін Баку мен Ташкентте өткен Silk Road Tour беделді сериясының қорытынды кезеңі болмақ.
Кэмерон Макэвой жас спортшылармен кездесуден алған әсерімен бөлісіп, мұндай тәжірибенің өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Мен үшін бұл – ерекше тәжірибе. Олармен жақынырақ танысқаныма өте қуаныштымын. Кішкентай кезімде осындай шеберлік сабақтарына қатысып, өзім үлгі тұтатын кәсіби спортшылардан үйренгенді ұнататынмын. Сондықтан осында келіп, жүзуді енді бастаған жас спортшыларға өз білгенімді үйрету мен үшін үлкен қуаныш. Балалардың арасында дарынды жүзушілердің көп екенін байқадым. Бұл мені қатты қуантады», – деді Олимпиада чемпионы.
Астанадағы Құрылыс-техникалық колледжінде бірінші курс студенттерінің қатысуымен «Ойынға салауатты көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында ойынға тәуелділіктің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағыт беру.
«Бүгінгі кездесудің мақсаты – студенттердің пікірін тыңдап, олардың білім алу және тәрбие үдерісінде кездесуі мүмкін келеңсіз жағдайлардың алдын алу жолдарын талқылау. Қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын сақтау үшін өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығы мен жеке жауапкершілігін арттыру маңызды. Дөңгелек үстелге 40-қа жуық бірінші курс студенті қатысты. Олардың қатарында қала және ауылдан келген жастар бар», – деді Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Күнімбала Баяхметбаева.
Жиында ойынға тәуелділіктің әлеуметтік салдары, компьютерлік және интернет-ойындарға шамадан тыс әуестенудің кері әсері, сондай-ақ оның алдын алу жолдары сөз болды. Қатысушылар лудоманияның адамның психологиялық жағдайына, отбасылық қарым-қатынасына және қаржылық тұрақтылығына тигізетін ықпалын талқылады.
Сонымен қатар жастар арасында түсіндіру жұмысын жүргізу, ойынға қатысты саналы көзқарас қалыптастыру және тәуелділік белгілері байқалған жағдайда психологиялық әрі медициналық көмекке жүгінудің маңызы атап өтілді.
Мамандар студенттерге уақытты тиімді жоспарлау, оқу мен демалыс арасындағы тепе-теңдікті сақтау жөнінде кеңес берді. Кездесу барысында жастар пікірін білдіріп, тақырыпқа қатысты сұрақтарына жауап алды.
Астанада 17-18 қазан күндері «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында Қарағанды облысының креативті индустрия өкілдерінің жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Qazaq Creative Hub алаңында ұйымдастырылатын екі күндік іс-шарада өңірдің мәдени мұрасы, дәстүрлі қолөнері, заманауи сәні, әдебиеті мен музыка өнері кеңінен таныстырылады.
Жәрмеңкеде суретші Кәріпбек Күйіковтің кітаптары, дизайнер Гүлнұр Жарылханованың сән топтамалары мен қарағандылық қолөнершілердің авторлық туындылары көпшілік назарына ұсынылады.
Іс-шара аясында «Алтын жіп» сән көрсетілімі ұйымдастырылып, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары өнер көрсетеді. Сондай-ақ джаз концерттері мен шығармашылық шеберлік сабақтары өткізіледі.
Аталған жәрмеңке Астананың мәдени өмірін жаңа мазмұнмен толықтырып, елорданың өңірлік шығармашылық бастамаларды біріктіретін орталық ретіндегі рөлін нығайтуға ықпал етеді. Қала тұрғындары мен қонақтары еліміздің түрлі өңірлерінде қалыптасқан өнер дәстүрлерімен танысып, отандық дизайнерлер мен қолөнершілердің туындыларын тамашалауға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар жоба елорданың креативті экономикасын дамытуға, өңірлік кәсіпкерлердің Астана нарығына шығуына және шығармашылық қауымдастықтар арасындағы іскерлік байланысты кеңейтуге бағытталған. Мұндай алаңдар отандық брендтердің танымалдығын арттыруға, жергілікті шығармашылық кәсіпкерлер мен өңірлік өндірушілердің ынтымақтастығын дамытуға мүмкіндік береді.
«Creative Aimaq» республикалық жобасын Креативті индустрияларды дамыту қоры жүзеге асырады. Бастама еліміздің өңірлеріндегі шығармашылық әлеуетті танытуға, креаторлардың кәсіби дамуына қолдау көрсетуге және креативті кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасауға бағытталған.