
Технология мен медицина бір орында тұрмай, күннен-күнге дамып келеді. Осы ретте елордалық дәрігерлердің тәжірибе мен дағдыларын арттыру үшін Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен мамандарды шетелде оқыту қарастырылған.
«Тәжірибе барысында ең бір байқаған жаңашылдық: жүрекке ота жасаған науқастарды дәрігерлер 1 жыл бойы ақылды сағат арқылы бақылайды. Израильдегі әріптестеріммен тәжірибе алмасу мүмкіндігі болғанына мен қуаныштымын. Шетелдік медицинамен қаз қатар отандық медицина да дамып келеді, ал тәжірибе алмасу жаңа жетістіктерге әкеледі деп есептеймін», - дейді №1 КҚА кардиолог дәрігері Аян Қалдаров.
Денсаулық сақтау мамандарының біліктілігін арттыру жоспарына сәйкес жергілікті бюджет қаражаты есебінен былтыр 800-ден астам маман оқытылды. Оның ішінде 69 қызметкер шетелде тағылымдамадан өтті.
«Дәрігерлер өмір бойы оқиды, олар үнемі ізденісте болуы қажет, өйткені емдеуде әдіс-тәсілдер жаңарып отырады. Өз біліміңмен бөлісіп, әрі өзге әріптестеріңмен тәжірибе алмасу тек пайдасын тигізеді. Биыл 1700-дей адамды оқыту, оның ішінде шет елде 45 маманның біліктілігін арттыру жоспарланды. Қазір 22 маман Израиль, Түркия елдерінде тәжрибеден өтіп келді», - деді Басқарма басшысы Тимур Мұратов.
Еске сала кетейік, тәжірибе жинақтауға жыл сайын арнайы конкурс ашылады. Бүгінгі таңда 16 маман Ресейде оқуда.