
ЕЛОРДАДА ӘЛЕМ ОНКОЛОГТАРЫ БАС ҚОСТЫ
Астанада Онкология орталығының 70 жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Үш күнге созылған іс-шараға 400-ден астам отандық және шетелдік сарапшы дәрігерлер қатысты.
Онкология орталығының 70 жылдығы - бұл жай күн емес, бұл тарихи сәт: миллиондаған өмір, емделіп шыққан науқастар қуанышы, бірегей оталар! Айтулы күнге орай ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференцияға 400 - ден астам отандық және шетелдік дәрігерлер, ғалымдар мен сарапшылар, оның ішінде онкология саласындағы әлемге әйгілі 47 спикер қатысты.
«Халық денсаулығы - өмір сапасының көрсеткіші. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «еліміздің басты құндылығы - адам. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды». Осы жерде жиналған бәрімізді біріктіретін ең үлкен құндылық - адам денсаулығы мен өмірі. Медицина ғылымының үнемі жаңарып отыратын деректер дәуірінде әрбір дәрігер өзінің білімі мен дағдыларын үздіксіз жетілдіруі керек», - деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Берік Қайкенов.
Конференция аясында Үндістан, АҚШ, Ресейдің жетекші мамандарының қатысуымен лапароскопиялық колоректальды қатерлі ісік хирургиясы, кеуде қуысының хирургиясы бойынша 3 шеберлік сыныбы және бас пен мойын, сүт безі ісіктеріне сәулелік терапия бойынша 2 шеберлік сыныбы өтті.
Онкологиялық орталықтың барлық қызметкерлерін орталықтың 70 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз! Жылдар бойы орталықтың жұмысына берілген ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегін, орасан зор тәжірибесі мен кәсібилігін ерекше атап өту қажет.
Баршаңызға зор еңбегіңіз бен сүйіспеншілігіңіз үшін алғыс білдіреміз! Сіздерге мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға амандық және кәсіби шыңдарға шығуды тілейміз!