
Елордада екпе алған зейнеткерлер арасында ұтыс ойынының жеңімпаздары анықталды. Жеңімпаздарға шипажайға арналған жолдамалар тапсырылды. Өз кезегінде жеңімпаздар ұйымдастырушыларға осындай мүмкіндік жасағаны үшін алғыстарын білдірді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Елордада екпе алған зейнеткерлер арасында өткен ұтыс ойынының жеңімпаздары өз жүлделеріне ие болды. Енді олар демалып қайтуы үшін дайындалуда.
Ұтыс қорытындысы бойынша Бәтима Жүрсінова Түркістан облысындағы Сарыағаш шипажайының жолдамасын жеңіп алды.
«Ұйымдастырушылар қоңырау шалып, жеңіске жеткенімді айтты. Бастапқыда күдіктенгенім рас. Артынша тағы да қоңырау шалды. Тіпті емханаға барып, ұтыс ойынының рас екеніне көз жеткіздім. Сезімім, әрине, қуанышты. Назар аударғандарыңызға алғысым шексіз. Жеңімпаз ретінде өзіммен бірге бір адамды ертіп бара алады екенмін. Ол жаққа қызыммен барамын деп шештім. Алдағы наурыз айында баруды жоспарлап отырмыз. Бұрын Бурабайдағы санаторийге ғана барғанмын, енді жаңа орындарға баратын болдық.
Мен ресейлік екпені қабылдадым, ал ревакцинация кезінде қазақстандық екпені алдым. Сондықтан өзімді қауіпсіз сезінемін. Осы аурудан адамдар өліп жатқанын көру мен есту өте ауыр. Жұртты екпеден қорықпауға және вакцина алуға шақырамын», - деді Бәтима Жүрсінова.
Ермек Сақтапбергенов Павлодар облысындағы Мойылды санаторийіне жолдама алды. Зейнеткер өзінің жеңімпаз екеніне бірден сенбепті, бірақ қуанышын жасыра алмады. Енді ол жұбайымен демалысқа баруды жоспарлап отыр.
«Бастапқыда сенбегенім рас, тіпті алаяқтардың арбап түсіретін әдістерінің бірі шығар деп ойладым. Бірнеше рет тексеріп, әкімдікке де қоңырау шалдым. Маған растайтын құжатты жіберген соң әкімдікке келдім, анығына көзім жетті. Өте қуаныштымын. Өзім зейнеткермін, мүгедектігім де бар. Жақында Щучинскідегі санаторийде болдым. Мойылда буындарды жақсы емдейді деп естідім, бұл маған өте керек нәрсе. Ұтыс ойынынан бейхабар болатынмын. Өз денсаулығымды және жақындарымды індеттен қорғау үшін вакцинациядан өттім. Бізге назар аударғандарыңызға рақмет. Бұл менің денсаулығымды жақсарту үшін қажет. Санаторийге жұбайыммен бірге барамыз. Ол мұғалім болып жұмыс істейді, сол себепті наурыз айындағы каникул күндерін күтеміз. Көптеген адам әлі күнге дейін коронавирус біздің елге ғана емес, бүкіл әлемге қауіпті ауру екенін түсінбейді. Сондықтан мен барлығын вакцинациялауға, денсаулығын қорғауға шақырамын», - деді Ермек Сақтапбергенов.
Күләнда Ахметова – Ақмола облысындағы Оқжетпес шипажайына жолдама алған жеңімпаздардың бірі. Ол вакцинацияланған зейнеткерлер арасында ұтыс ойынынан бейхабар болыпты. Сол себепті мұндай күтпеген жеңіске таң қалғанын жасырмады.
«Маған әкімдіктен хабарласып, жеңіске жеткенімді айтты. Басында сенбегенім рас, артынша анық-қанығын білгеннен кейін, әрине, қуандым. Өйткені бұл санаторийге кіру өте қиын екенін білемін. Жалғыз өзім зерікпес үшін әпкеммен бірге баруды жоспарлап отырмын. Ол да бастапқыда сенбеген. Бұған дейін отандық санаторийлерден тек Мойылды қаласында ғана болдым. Мен үшін бұл елдегі көрікті жерлерді білудің тамаша мүмкіндігі. Зейнеткерлер арасында санаторийлерге жолдамалар ойнатылғанына қуаныштымын, өйткені қазір қандай да бір заттарды немесе техниканы ұтып алудан гөрі денсаулықты жақсарту маңызды. Міндетті түрде екпе алу қажет деп санаймын, өйткені өзіңізді ғана емес, айналаңыздағы адамдар туралы да ойлау керек. Пандемия тезірек аяқталсын деп тілеймін!» - деді Күләнда Ахметова.
Естеріңізге сала кетейік, жұртты коронавирусқа қарсы вакцинациядан өтуге ынталандыру үшін елордада 2021 жылдың 28 қазаны мен 28 желтоқсаны аралығында екпе пунктерінде вакцинаның бірінші компонентін алған зейнеткерлер арасында ұтыс ойыны өтті. Тікелей эфирде өткен ұтыс ойынында Қазақстанның санаторийлеріне үш жолдама тігілді. Байқауға 4,5 мыңға жуық екпе алған зейнеткер қатысты.
Байқау Birge платформасында вакцинацияланғандардың ID нөмірі арқылы автоматты режимде өткізілді. Әзірлеуге IT-қауымдастық та қатысты. Вакциналанғандар бойынша сервис ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесімен біріктірілген.
Бұрын вакцинацияланғандардың арасында пәтер, көлік және 20-дан астам iPhone ойнатылды.
Айта кетейік, құнды сыйлықтардың ұтыс ойындары азаматтарды вакцинациялауға ынталандыру мақсатында өткізіледі. Вакцинация сіздің денсаулығыңызды да, жақындарыңыз бен айналаңыздағы адамдардың денсаулығын да қорғауға мүмкіндік береді.