Меню

Страницы

Статья

Баланы еш қоспасыз, үйдегі аспен тамақтандыру қажет – Гүлнар ӘБІШЕВА, жоғары санатты балалар дәрігері

Елімізде жыл сайын маусым айының әр үшінші жексенбісінде медицина қыз­меткерлерінің мерекесі аталып өті­ле­ді. Ақ халатты абзал жандар топтасқан ме­дицинаның қай саласы болмасын қо­ғамда маңызды рөлге ие. Дегенмен, дені сау ұрпақтың қалыптасуы мен дамуы үшін тер төгіп жүрген балалар дәрігерлерінің ста­тусы әрқашан биік екені даусыз. Осы орай­да, елордадағы №1 қалалық емханасы пе­диатрия бөлімінің меңгерушісі, ба­лалар дәрігері Гүлнар Әбішева ханыммен сұхбаттасқан едік.

– Осы жылды Балалар жылы­на арнап жатырмыз. Сіздің де осы салада жұмыс істеп жүр­ге­ніңіз­ге биыл 16 жыл толады екен. Соны негізге ала отырып отан­дық медицинадағы педиат­рия­ның даму өзгерістеріне тоқ­та­лып өтсеңіз.
– Медицина жылдан-жылға да­мып келе жатыр. Мен алғаш еңбек жо­лымды бастаған кезбен салыс­тыр­ғанда ілгерілеушілік байқалады. Бұ­рын 300 грамм, 500 грамм болып туыл­ған науқас балаларды аман алып қалу қиынға соғатын. Қазір олар­ды стационарда вакуум әдісін қол­дану арқылы жетілдіріп, қалпына кел­тіре аламыз. Кейін реабилитация жа­сау арқылы оларды толықтай сауық­тырып алуға мүмкіндік туады. Әр перинаталдық орталықта өзде­рі­нің оңалту бөлімшелері бар. Жетіл­мей туған балаларға 3 жасқа дейін ар­найы «катамнез» деп аталатын реа­билитациялық көмек көрсетіледі. Ол үшін жылына екі рет анализдерін тап­сырып, тегін тексерілуден өтеді. Мұ­ны соңғы 10 жылдықта жеткен же­тістіктеріміздің бірі деп айтуға бо­лады.
– Сіздің ойыңызша, еліміздегі ба­лалар медицинасының қазіргі жай-күйі қандай? Әлі де ақсап тұрған қандай тұсы бар?
– Біздің салада ешқандай кем­ші­лік жоқ деп айта алмаймын, әрине. Көп қиындық тудыратыны – пе­диатрлар­ға жазылу арқылы жүргізі­ле­тін тексеріс. Ата-аналар алдын ала жа­зылып, көп күтіп қалады. Скри­нинг­тік қаралымнан өткенде кейбір ма­мандарға жазылмай қалса, бір күн­нен де ұзаққа созылып кетеді. Мы­салы, 1 жас, 3 жас, 6 жас кезінде хи­рург, невропатолог, окулист сияқ­ты мамандардан толық тексерістен өту керек қой. Аптаның басында 2 ка­бинеттен өтсе, қалғанынан басқа күн­дері өтуге тура келеді. Солай тек­серіс ұзаққа созылады. Бұл кішкентай ба­лалары бар ата-аналарға қолайсыз. Сол жағынан үнемі мәселе туындап жа­тады. Мұны шешу үшін көбірек ма­мандар алу керек шығар. Ал төтен­ше жағдайлар кезінде алдын ала жа­зылмай-ақ тікелей қабылдай береді.
– «Адамның иммундық жүйе­сі күшті не әлсіз болып қалып­тасуы бала кезден басталады» дейді. Сәби кезінде жақсы қалан­ған иммунитет болашақтағы ауыр дерттерден аман алып қалуы мүмкін бе? Осы тұжырым қан­шалықты рас?
– Негізі, баланың қалыптасуы өмір­ге келмес бұрын ұрық кезінен бас­талады. Ол дүниеге аман-сау бо­лып келуі үшін анасы денсаулығын күтуі керек. Бірінші кезекте қан, ана­лиз тапсырып, дәрігерлерге ар­найы қаралғаны дұрыс. Жүктілік кезін­де ананың гемоглобині төмен болса, сәбиіне де сол берілуі мүмкін.
Ең маңызды ескеретін жайт – ба­ланы 6 айға дейін тек ана сүтімен тамақтандырған жөн. Сол кезде ол ауруға бейім бола қоймайды. Өйткені ана сүтінде аса қажетті дәрумендер мен микробиологиялық элементтер бар.
– Қазір түрлі қосымша сүт са­­­­­ты­лады ғой? Анадан сүт шық­пай қалу деген жағдайлар да бо­­лып жатады.
– Жалпы, мен педиатр ретінде қо­­­сымша сүттерді мүлде құпта­май­мын. Оны мүмкіндігінше қолдан­ба­ған дұрыс. Кейде біз медициналық көр­сеткіштерге қарап, туберкулезбен, он­кологиялық аурулармен ауырған жағ­дайда ана сүтін беруге тыйым сала­тын кездер болады. Әйтпесе, дені сау анада сүт шықпай қалу деген бол­мауы керек. Ондай белгілер қатты шар­шағанда, дұрыс тынықпаған жағ­дайда байқалып жатады. Сол үшін дұрыс тамақтанып, демалып, аз уа­қыт болса да таза ауада серуендеп қай­туға кеңес беремін. Себебі ана­дағы физиологиялық, психоло­гия­лық өзгерістің барлығы балаға әсер етеді.
6 айға дейін тек ана сүтімен, одан кейін ғана қосымша тамақ бере бас­тау­ға болады.
– Бір жасқа толмаған баланы пе­диатрдың қарауына неше рет алып келу керек?
– Соңғы қабылданған бұйрық бойынша нәресте өмірге келген соң дәрі­гер үйге 2 рет, медбике 3 рет ба­рып, сәбидің жағдайын тексереді. Со­дан кейін 1 жасқа толғанша ай сайын педиатрға келіп, қаратып тұру керек. Яғни, 1 жылда 12 рет. Жалпы, 1 жасқа дейін 3 рет вакцина салы­на­ды. Бірінші көкжөтел, сіреспе, диф­те­рияға қарсы жеңілдетілген вак­ци­на, екінші гепатит пен пневмонияға қарсы пневмококк екпесі егіледі. Ал үшін­ші ең алғашқы кезеңгі вакцина қай­талап салынады. Бұлардың бар­лығы – арнайы тексерістен өтіп, та­зартылған екпелер. Бұрын біз жаңа ғана айтып отырған жеңілдетілген вак­цинаны неврологиялық ауыт­қу­лар­мен туылатын балаларға егетінбіз. Кейін осы аурулардың алдын алу мақсатында бәріне салынатын бол­ды. Одан қарсы реакция көрсеткен кездер болған жоқ.
– Вакцина салғызуға қар­сы­лық мәселесі әлі күнге дейін бір жолға қойылмады. Сіздер осы ба­­­ғытта қалай жұмыс істейсіз­дер?
– Иә, ондай жағдайлар болып тұ­ра­ды. Ол кезде ата-аналарға екпе­лер­дің маңызы мен оның не үшін жүр­гізілетінін айтып «Сіздер де кіш­кен­тай кездеріңізде екпе ал­дыңыз­дар. Сіздер де балаларыңызды қорғау үшін мұны жасауларыңыз керек» деп түсіндіреміз. Қарсы болатын ата-ана­лардың көбі – діни бағыт ұстанатын жан­дар. Сосын шала туған бала­лар­дың ата-аналары сәбиінің кіш­ке­не өсіп, салмақ қосып алғанға дейін біраз уақытқа екпеден бас тартып жа­тады. Жалпы, толықтай қарсы бо­лып, шу шығарып жатқандар жоқ.
– Балалар жиі шалдығатын ау­рулардың арасында ОРВИ, жел­шешек, ангина бар екен. Қа­зір ата-аналар көбіне қандай ша­­­­ғыммен келеді?
– Бүлдіршіндер көбіне тұмау, сал­­қын тию сияқты жедел вирусты ин­­фекцияларын жиі жұқтырады. Жаз кезінде ішек инфекциялары өр­шіп кетеді. 2012 жылдан бері пне­в­мо­кокқа қарсы екпе салуды баста­ға­лы балалар ішінде пневмониямен ауыра­тындар саны азайды.
– Емдеу-қарау шаралары ке­зін­­­де қандай балаларға жеңіл­дік­тер қарастырылған? Аутизм, Даун, тағы басқа инклюзивті ерек­шелігі бар бүлдіршіндермен пе­диатрлар қалай жұмыс істейді?
– Иә, ол балаларға ерекше басым­дық­тар берілген. Үнемі кезектен тыс қа­былдауға кіріп, медициналық тек­серістерден өте алады. Емдеу ша­ра­ларына қатысты әр балаға жеке
1 жыл­дық жоспар жасалады. Мысалы, ба­лалардың церебралды сал ауруы­ның да жеңіл, орташа, ауыр деңгейлі түр­лері бар ғой. Сол ауыр дәрежедегі нау­қас балаларға оңалту шаралары жа­салмайтындықтан, үйіне барып қа­рап, медициналық көмек көрсе­те­міз. Арнайы мамандарды жібереміз. Ал жеңіл, орташа деңгейлі БЦС диаг­нозы қойылған бүлдіршіндер мін­дет­ті түрде оңалтудан өтеді. Олар жы­лы­на 2 рет, 7 күннен 10 күнге дейін жүр­гізіледі. Оның ішіне түрлі жат­тығу мен массаж кіреді. Әр емхана­ның өз оңалту орталығы бар.
– Түрлі инфекцияны жұқтыру мүм­кіндігі жоғары жердің бірі – балабақша. Өйткені онда бала саны өте көп. Ата-аналар ба­ла­бақшада жиі ауырады деп ша­­­­ғымданады. Бұған не дейсіз?
– Әр бала өз үйінде жеке қам­қор­лық пен күтіммен өседі. Ал олардың қо­ғамға, соцуимға араласуының ал­ғаш­қы кезеңдері балабақшада бас­талады. Менің ойымша, бүлдір­шін­дер­дің сәл нәрседен сырқаттанып, ауы­рып қалуы осы факторға байла­ныс­ты. Яғни, қашан ортаға сіңісіп кет­кенше оларда бұл процесс жүре бере­ді.
– Демек, бұл жердегі әңгіме са­нитарлық талаптардан бөлек ба­ланың рухани иммунитетінің қа­лыптасуына да қатысты болып тұр ма?
– Иә, меніңше, бұл – қалыпты жағ­дай. Мұны бала үйренісіп кеткен­ше бастапқы кезеңдерде құрылатын «кол­лективті иммунитет» деп атаушы едім. Ол шамамен 1 айға созылуы мүм­кін. Ал одан да ұзақ уақыт, жиі ауы­ратын болса, баланы міндетті түр­д­е дәрігердің қарауына әкелген дұрыс.
– Балаға суық тиіп, іші, тісі ауыр­ған жағдайда қойдың майы­мен сылау, ешкі сүтін беру сияқ­ты дәстүрлі ем-дом тәсілдерін қол­дануды қаншалықты құптай­сыздар? Жалпы, медицинада мойындалған қандай халықтық ем-дом түрлері бар?
– Мұны өзім аса құптамаймын. Не­гізі, баланы қойдың майымен сы­лауға болмайды. Клеткалары енді ғана қалыптасып келе жатқан денеге ол майды жақса, тері тесіктері біте­ліп, бала одан сайын тұншығады. Ал еш­кі сүті ана сүтіне ешқашан тең ке­ле алмайды. Өйткені ол кішкентай нәрестенің ішек жолдарын зақым­дайды.
– Бала организмінің фи­зио­логиялық, гигиеналық қалып­тасуы барысында ата-аналар қан­­дай қателіктер жіберуі мүм­кін?
– Кей аналар қаржылық қиын­дық­тарға байланысты жұмысқа ер­терек шығып кетіп жатады. Сондай кез­дерде баланы уақытылы емізу, жуын­дыру, далаға алып шығу сияқты мін­деттер орындалмай қалуы мүм­кін. Мысалы, нәрестелер арасында кез­десетін рахит деген науқас түрі бар. Сол үшін де күзде туылған бала­лар­ға Д3 дәруменін беруге кеңес бере­міз. Яғни, 1 жасқа дейін де, кейін де оларды педиатрға әкеліп тексертіп тұру керек. Жаңа туған сәбидің
қыр­қынан шыққанша денесінің құры­сып қалмауы үшін арнайы мас­саж көмектесетінін бәріміз білеміз ғой. Оны әр үйдің үлкендері, апа, әже­лері жасап жатады. Ал олар бол­май қалған жағдайда бізде арнайы профилактикалық кабинеттерде нәрестелерді қарап, кеңесімізбен бөлі­семіз. Немесе педиатрлар бірінші күні барған кезде қандай массаж жа­сау керек екенін 45 минут, 1 сағат отырып түсіндіріп, көрсетіп береді.
Одан бөлек, қазір ата-аналар өз­дері қандай да бір мейрамхана, ка­фелерден тамақтанса, 2-3 жастағы ба­­лаларына да сол жерден алып бе­ріп жатады. Ол дұрыс емес деп ой­лаймын. Үйде жасалған, еш қос­пасыз, табиғи тамақтарға ештеңе жет­пейді. Сосын дүкендерде, орта­лық­тарда ба­лаларға деп жасалған түрлі тәтті мен сусын да зиян екенін ұмытпасақ екен деймін.
Кішкентай сәбилерді далаға шы­ғарып, таза ауада серуендеткен жақ­сы, әрине. Бірақ ол адамдар көп жи­налатын қонаққа, жиындарға апару керек деген сөз емес. Ондай жерлерде жас нәрестеге инфекция жұқтырып алу қаупі жоғары болады. Кейде ата-аналар есік-терезені қымтап, үйді ыс­тық етіп ұстайды немесе керісінше. Қа­лыпты температураны ұстаған жөн. Өйткені бөлмеде жатқан бала үйде терлемей әрі тоңбай, денесі құп-құрғақ болуы керек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Әсем БЕКТЕМІРҚЫЗЫ

Дата публикации
16 июня 2022
Дата обновления
16 июня 2022
Тип
Біз туралы БАҚ

Сейчас читают

БЖЗҚ
02 февраля 2026
2026 жылы не өзгерді? «БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар»
БЖЗҚ
02 февраля 2026
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады
БЖЗҚ
02 февраля 2026
«БЖЗҚ» АҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері 5 пайызға өседі

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы