Коронавирусқа қарсы вакцина КВИ-дің мутацияланған түрлерінен қаншалықты қорғайды? Ағзадағы антидене мөлшеріне неліктен сенім артпау қажет? Темекі қауіпті вирустан қорғайды деген түсінік қаншалықты рас? Осы және өзге де сауалдарға иммунолог, профессор, медицина ғылымдарының докторы Рафаил Розенсон «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында жауап берді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
– Вирус мутацияланған болса да вакцина алу қажет пе?
– Кішкентай ғана вакцинаның әсері қандай зор! Мен вакцинацияны қолдаймын. Вакцинация екі ай бұрынғыдай 97 пайызға қорғамайды деп маған хат жазатындар көп. Рас, вирус мутацияланып жатыр, вирус та қарап тұрмай қарсы шабуылдап жатыр. Бізге зиянын тигізгісі келеді, ал біз алдын алуға ұмтылып жатырмыз. Қолымызда вакцинадан басқа қарсы тұрар қару жоқ. Барлық адамды оттегі баллонымен қамтамасыз ететін мүмкіндігіміз болмайды.
– Коронавируспен ауырған адам вакцинацияны 3-6 айға шегеруге болатыны белгілі. Вакцина алуға бармас бұрын антидене деңгейін өлшеу қажет пе?
– Антиденені өлшеудің заңды, нақты және стратегиялық маңызы жоқ. Себебі бізде екпе алу керек немесе алмау керек екені көрініп тұрады. Мүмкіндігінше екпе алу қажет. Екпені қайта алу керек пе? Ревакцинация жайлы әзірге білмейміз. Антиденеңіздің титрі 150-200 болып тұрса да ол қорғаныс антиденесі болмауы мүмкін. Ол куәгер рөлін атқарып, сізді қорғамауы мүмкін. Сондықтан айтарым, антиденеңіз қанша болса да барып екпе алыңыз.
– Жүкті әйелдер немесе жақын уақытта жоспарлап жүргендер үшін вакцинация қауіпті ме?
– Коронавирустың қолайсыз фактілеріне 10 есе бейім жүкті әйелді аман алып қалу үшін оны вакцинациялау керек. Ол өзінің жүктілігі туралы білгеннен кейін уақыт жоғалтпай тезірек екпе алғаны жақсы. Өйткені бұл кезде бәрі қауіпсіз. Қорқудың еш қажеті жоқ, РНҚ вирусы да, векторлық бөлшек те біздің геномға ене алмайды. Антиваксерлердің 10 жылдан кейін болуы мүмкін деген уәждемелерінде еш негіз жоқ.
– Темекі COVID-19-дан қорғай ала ма? Көбірек шылым шексем вирустан соғұрлым жақсырақ қорғана аламын деген түсінік рас па, жалған ба?
– Шылым – ол сіздің респираторлық трактіңізге вирустың түсуіне көмектесетін зат. Қатерлі ісік пен коронавирус қосылса адамның өліп кетуі әбден мүмкін. Сол себепті темекіге түбегейлі қарсымын. Сол сияқты ішімдік ішіп алып, ағзадан вирусты шығару дегенге де қарсымын.