Зейнетақы жинақтарына жарналар сомасы ғана емес, жинақталған инвестициялық кіріс те қосылады. Зейнетақы активтерін басқарушылар (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ) және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ)) инвестициялық кіріс алу мақсатында зейнетақы активтерін Қазақстанда және шетелде экономиканың сан-алуан секторларына, түрлі валюталарда әртүрлі қаржы құралдарына орналастырады. Мұндай әртараптандыру зейнетақы жинақтарының сақталуын және орнықты кірістілігін қамтамасыз етеді. Инвестициялық кіріс бағалы қағаздар (салымдар мен басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау, сыртқы басқарудағы активтер және т. б. кірістерден құралады.
Инвестициялық кірістің мөлшері белгілі бір кезеңдерде өзгеруі мүмкін (ұлғаюы немесе азаюы) болғандықтан, зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинақтарының сомасы да инвестициялық қызметтің нәтижелеріне байланысты апта сайын өзгеруі мүмкін.
Инвестициялық кіріс мөлшеріне бірнеше факторлардың әсер етуі мүмкін:
Атап өтетін маңызды жәйт, зейнетақы жинақтары - ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жыл ішінде талдаған жөн. Қысқа мерзімді деректер (апталық, айлық және т.б.) көрсеткіш бола аламайды, өйткені олар нарықтық жағдайдың тұрақты өзгеруіне тәуелді. ҚРҰБ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша алынған инвестициялық кіріс құрылымын талдаудан 2024 жылдың қорытындысы бойынша бағалы қағаздарға сыйақы түріндегі, оның ішінде орналастырылған салымдар мен "кері РЕПО" операциялары бойынша кірістер 1 570,92 млрд теңге, бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан - 200,58 млрд теңге, шетел валютасын қайта бағалаудан - 578,42 млрд теңге, сыртқы басқарудағы активтер бойынша - 1 039,72 млрд теңге болды. Басқа кірістер 5,88 млрд теңгеге жетті. Осылайша, жыл қорытындысы бойынша құралдардың барлық түрлері кірістілікті қамтамасыз етті.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ҚРҰБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижесінде алынған инвестициялық кіріс - шамамен 3,4 трлн теңге. Бұл шамамен 2,8 трлн теңге болатын зейнетақы жарналарының жалпы көлемінен жоғары. Жыл қорытындысы бойынша инвестициялық кіріс былтырғы көрсеткіштен 114,5% асып түсті (2023 жылы ол 1,6 трлн теңге болған). БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушылар: ҚРҰБ және ИПБ өткен жылғы көрсеткіштен де, 2024 жылғы инфляция деңгейінен де (8,6%) едәуір асатын кірістілік көрсетті. Оның өзі активтердің тиімді басқарылуы мен экономикалық жағдайларға бейімделу қабілетін байқатса керек. Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары есебінен құрылған ҚРҰБ басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 2024 жылы 17,84% тең болды. Жыл қорытындысы бойынша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі - 17,96%.
Жылдан жылға зейнетақы жинақтарының және ондағы инвестициялық кіріс үлесінің өсуі байқалады. Мәселен, 01.01.2025 жылғы жағдай бойынша жүзеге асырылған төлемдерді ескере отырып, зейнетақы жинақтарындағы жинақталған инвестициялық кірістің үлесі 42,0% жетті.
1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап 2025 жылғы 1 қаңтарға жинақталған инвестициялық кірістілік өспелі қорытындымен 979,95% көрсетті, бүкіл кезең ішіндегі инфляция 827,78% тең.
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшының enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінен өзінің инвестициялық кірісін 24/7 режимінде көруге мүмкіндігі бар.
Сенімгерлікпен басқарушылар зейнетақы активтерін қандай қаржы құралдарына инвестициялағаны, оның ішінде осы құралдардың нарықтық құны туралы толық ақпарат enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер" - "Инвестициялық қызмет" бөлімінде ай сайын жаңартылып отырады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kzсайтында).