«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ) мен инвестициялық портфельді басқарушы «Tansar Capital» АҚ (бұдан әрі – ИПБ) арасында зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарттың жасалғаны жөнінде хабарлайды.
«Tansar Capital» АҚ (бұрынғы атауы – «CAIFC INVESTMENT GROUP» АҚ, заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеуге байланысты 2022 жылғы қазанда атауы өзгерді) 1995 жылы құрылған. ИПБ инвестициялық қызметті жүзеге асыруға рұқсат беретін лицензияға ие және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сай келеді.
БЖЗҚ мен «Tansar Capital» АҚ арасындағы зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт зейнетақы активтері кастодиан-банктегі БЖЗҚ шоттарына түскен күннен бастап күшіне енеді және белгіленбеген мерзімге әрекет етеді.
Шарттың толық мәтінімен және «Tansar Capital» АҚ-ның инвестициялық декларациясымен enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» бөлімінде танысуға болады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).