Цифрлық технологиялардың белсенді дамуы жағдайында Интернет желісі арқылы мемлекеттік, қаржылық және өзге де электрондық қызметтерге азаматтардың қол жеткізу ауқымы күннен күнге кеңейе түсуде. Алайда, мұнымен қатар интернет-алаяқтық саласындағы қылмыстардың түрлі әдіс-тәсілдері де қарқынды даму үстінде. Сіздерді аса сақ болуға шақырамыз – алаяқтар жылдам дамып келе жатқан жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді пайдаланып, бейнелер, аудиожазбалар және адамдардың бет-әлпеті мен дауысын дәл беретін кескіндер жасайды. Әлеуметтік желілерде зейнетақы жинақтарын әр түрлі облигацияларға, акцияларға және қаржылық операцияларға салу туралы шындыққа сәйкес келмейтін жарнамалары мен ұсыныстары бар роликтер жиі таралуда. Азаматтардың ресми құрылымдарға деген сенімін пайдалана отырып, алаяқтар психологиялық қысым көрсетіп, жеке және қаржылық ақпаратқа қол жеткізу мақсатында өздерін көбінесе мемлекеттік органдардың, банктердің, құқық қорғау органдарының, байланыс операторларының және басқа ұйымдардың, соның ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметкерлері ретінде таныстырады.
Осыған байланысты, "БЖЗҚ" АҚ (БЖЗҚ, Қор) зейнетақы активтерін инвестициялаумен Ұлттық банк (ҚРҰБ) айналысатынын еске салады. Ол Үкімет бекіткен инвестициялық декларацияға сәйкес зейнетақы жинақтарын әр түрлі қаржы құралдарына салатын сенімді басқарушы ретінде әрекет етеді. Зейнетақы активтерін басқаруға ҚРҰБ-тан басқа инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) қатыса алады, оларға жинақтардың бір бөлігін аударуға мүмкіндік бар. ИПБ-ның басқаруына аударуды тек "БЖЗҚ" АҚ порталы арқылы жасауға болады, бұл үшін ешқандай делдал қажет емес.
Алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында және сіздің қауіпсіздігіңіз үшін «БЖЗҚ» АҚ төмендегілерді ескертеді:
Барлық сауалдарыңызға жауап алып, зейнетақы жинақтарыңыздан төлем алу және аударуға қатысты ақпараттың дұрыстығын БЖЗҚ бөлімшелерінде де, қашықтықтан да:
- enpf.kz сайты, БЖЗҚ/ЕНПФ ұялы қосымшасы арқылы,
- байланыс орталығының 1418 көп арналы тегін байланыс нөміріне қоңырау шалу жолымен немесе +7 777 000 1418 нөмірі бойынша WhatsApp арқылы,
- БЖЗҚ-ның Одноклассники, Telegram, Facebook, Вконтакте, Х және Instagram сияқты танымал платформалардағы әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы да тексере аласыз.
Жақындарыңызды, әсіресе қарт туыстарыңызды ақпараттық қауіпсіздік ережелерімен таныстырыңыздар.
Сақтық шараларын алдын ала қабылдаңыз, осылайша сіз өзіңіздің жеке деректеріңіздің берік қорғалуын, қауіпсіздігін және құпиялылығын қамтамасыз етесіз.