-мемлекеттік органдарда іс жүргізуді кезең-кезеңімен толықтай мемлекеттік тілге көшіру жұмыстары
Астана қаласындағы тілдік ахуал, мемлекеттік органдарда іс жүргізу мәселесі бойынша қала әкімі деңгейінде қаралып, бірқатар тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл комитеті тарапынан «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы талаптарының орындалуына жүргізілген жоспарлы тексеріс қорытындысына сәйкес Астана қаласы әкімдігінде және Экономика және бюджеттік бақылау, Дене шынықтыру және спорт, Коммуналдық шаруашылық және Ішкі саясат басқармаларында заң бұзушылықтарды түзету бойынша жұмыстар жүргізілді.
Астана қаласы әкімдігіне қарасты 30 мемлекеттік мекеме, 14 мәдениет мекемелері, 19 спорт мектептері, 22 қосымша білім беру мекемелері, 112 жалпы білім беретін мектептер, 97 мектепке дейінгі білім беру мекемелері, 11 әлеуметтік көмек көрсету мекемелері, 17 басқа да құрылымдық мекеме, барлығы – 322 мекеменің кіріс-шығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жүргізілді. Мониторинг қорытындысы бойынша Астана қаласындағы жергілікті атқарушы органдардың 2025 жылғы І тоқсандағы шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлесі 98%, ІІ тоқсанда 94.2%, ІІІ тоқсанда 98%, ІV тоқсанда 97.85%, жылдық 97,2%-ды құрады.
«Қазтест» жүйесі арқылы мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік мекеме қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында тест өткізілді. Тестке 148 қызметкер қатысты. Нәтижесінде А1 (қарапайым деңгей) – 5, А2 (базалық деңгей) – 20, В1 (орта деңгей) – 25, В2 (ортадан жоғары деңгей) – 55, С1 (жоғары деңгей) – 42, шкеті баол жинамаған – 1.
Әкімдікке қарасты 28 басқарманың және 17 құрылымдық мекеменің интернет-ресурстарына мониторинг жүргізілді. Анықталған кемшіліктерді жоюға қатысты мекеме басшыларына қызметтік хат жазылды.
- тіл үйренушілерге тілдік орта қалыптастыру мақсатында тіл оқыту курстарын ұйымдастыру жұмыстары;
Астана қаласында жыл сайын ересектерге арналған қазақ тіл курсы ұйымдастырылады. 2025 жылы 3000 тыңдаушы қазақ тілі курсын аяқтады. Олардың ішінде: мемлекеттік қызмет саласынан - 114, медицина – 877, білім – 29, құқық қорғау – 133, басқа да салалар – 489 тыңдаушы, 56 ассамблея өкілі және 1302 қала тұрғыны. (А1–857, A2 – 728, B1 – 759, B2 – 656).
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалы Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен қазақ тілін үйренгісі келетін ересектерге арналған тиімді тілдік орта қалыптастыру мақсатында ұйымдастырған «Tildes» қазақша сөйлесу клубының отырысына 2025 жылы 820 астам адам қатысып, тыңдаушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту, қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру мақсатында түрлі интерактивті әдіс-тәсілдер қолданылып, түрлі бағытта сабақ өтті.
2025 жылғы оқу кезеңінде барлығы 110 (45 – Beginner, 41 – Elementary, 24 – Pre-intermediate) тыңдаушы ағылшын тілі курсын аяқтап, сертификат алды.
- мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру бойынша өткізілген іс-шаралар;
Наурыз мерекесіне орай қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттау, мейрамның мазмұнын ашу мақсатында қаладағы мекмелер арасында «Ата салтым – асыл қазынам» атты байқау өтті. Байқауға мәдениет, спорт, денсаулық салаларынан 25 мекеме қатысты. Байқау барысында әр мекеме өз ұжымымен Наурыз мерекесін қарсы алу рәсімдерін және қазақтың салт-дәстүрлерін көрсетті. Байқауға Қорытынды кеште мекемелер марапатталып, жоғары деңгейде қарсы алған мекемелерге арнайы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Н. Назарбаев халықаралық әуежайы, «Астана Нұрлы жол» теміржол вокзалында, «Еуразия» сауда орталығында, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Mega silk way сауда-ойын сауық орталығында Ұлттық киім күніне орай мерекелік акция өтті. Акция аясында ұлттық киім киген өнерпаз жастар халықаралық әуежайда, сауда орталықтарында және қоғамдық көліктерде қала тұрғындары мен қонақтарын наурыз мерекесімен құттықтап, өнерпаздар көпшілікке ән тарту етті.
Қоғамдық бірлестіктің орталық кеңесінің мүшесі С. Ерғалидың бастамасымен елордада бата беру дәстүрін жаңғырту, батагөй қарияларымызды көбейту, ұлттық дәстүрімізді насихаттап, сөз қадірін түсінетін ұрпақ тәрбиелеу, сөз мәдениетін көтеру мақсатында ақсақалдар арасында бата беруден «Ақ бата» сайысы өтті.
Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бейбітшілік – ел тілегі» атты мазмұны терең, тәрбиелік мәні жоғары іс-шаралар топтамасы өтті. Соның бірі - елорданың түрлі білім беру мекемелерінде ұйымдастырылған танымдық кездесулер. Бұл кездесулердің мақсаты – жас ұрпақтың бойына мемлекеттік мерекенің тарихи және идеологиялық маңызын терең түсіндіру, елдік сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Астана қаласы әкімдігінің Жоғары көлік және коммуникация колледж студенттері ҚХА мүшесі, ф.ғ.к., Астана халықаралық университетінің доценті Владимир Шнайдермен, Астана қаласындағы № 30 мектеп оқушылары Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі, Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатовпен кездесіп, жүздесу барысында мерекенің тарихи-әлеуметтік маңызы жан-жақты түсіндірілді, қоғамдағы келісімнің негіздері мен мемлекеттік тілдің орны жайлы мазмұнды пікірлер айтылды. Бұл ашық кездесулер еркін пікір алмасу форматында ұйымдастырылды.
Жоба аясында тағы бір елеулі шара – «Қазақша куиз» интеллектуалды сайысы болды. Бұл сайысқа елорданың жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен ұстаздарынан құралған 11 команда қатысты. Ойынды интеллектуалды ойындардың авторы, тележүргізуші Мерей Ермұхан жүргізді.
«Ұлы тұлғалар ізімен...» атты квест ойыны өтті. Ойынға оқу орындарынан 5 адамнан құралған 8 топ қатысты. Ойын барысында Квест қатысушылары қаладағы Абай Құнанбайұлы, Қаныш Сәтбаев, Жамбыл Жабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бауыржан Момышұлы сынды ұлы тұлғалардың ескерткіштері маңында орналасқан олардың өмірі мен шығармашылығына қатысты тапсырмаларды көрсетілген мерзім аралығында орындап, пазл бөлшектерін жинауы тиіс. Командалар жинаған әрбір дұрыс жауап үшін арнайы пазл бөлшегін алып, финалда жиналған бөлшектерден тарихи тұлғаның суреті құрастырылды. Жоғары көлік және коммуникациялар колледжінің «Айқап» командасы жеңіске жетіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Оқырмандардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру және кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, отандық және әлемдік әдебиетті насихаттау арқылы жастардың кітап оқуға деген құлшынысын арттыру, әдеби талдау дағдыларын қалыптастыру, оқыған шығармаларын терең түсінуіне және логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға ықпал ету мақсатында қыркүйек-желтоқсан айларында апта сайын елордалық жас қаламгерлер, журналистер, кітапханашылар мен зиярткер орта арасында «Qalam Quiz» интеллектуалды ойыны өтті. Ойын барысында ұлт әдебиеті мен әлем әдебиеті бойынша, түрлі жанрларды қамти отырып, қызықты да танымдық тақырыптар бойынша сұрақтар берілді.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай елордалық қаламгерлер арасында «Сөз бен әуен» атты поэзия кеші өтті. Кеш барысында қаламгерлер өлеңдері көпшілік назарына ұсынылып, Абай әндері шырқалды. Елордалық қаламгерлер арасында «Өлең – сөздің патшасы» атты әдеби кеш өтті. Кеш барысында Ғалым Жайлыбай, Сұраған Рахметұлы, Оңайгүл Тұржан, Жанарбек Әшімжан, Мұхарбек Жәкейұлы, Қалқаман Сарин және т.б. көптеген ақындар Абайға арнаған өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ, кеш барысында Абай әндері көпшілікпен бірге шырқалды.
Астана қаласы әкімдігі алдындағы амфитеатрда «Абай алдында» атты музыкалық-поэтикалық кеш өтті.
Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» арқылы оқушыларға оның даналығы мен философиясын түсіндіру, жастарды адамгершілікке, әділдікке, білімге ұмтылуға шақыру мақсатында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тапсырысымен «Синтез» ізденіс-эксперименталды театры қаладағы 10 мектепте «Абайдың қара сөздері» атты қойылым көрсетті.
Елордадағы ақын-жазушылар «Ұлылар мекеніне саяхат» атты экспедиция аясында Абай еліне барып, ақынның 180 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық мерейтойға және Семей қаласында өткен «Адамзаттың Абайы: Руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. «Абай. Уақыт. Өнер» тақырыбындағы бейнелеу туындыларының көрмесін тамашалап, Абай музейіндегі ақынның мұраларымен танысты.
Жастардың тұлғалық өсуіне, сөйлеу дағдысы мен сөйлеу шеберлігін шыңдауға, сөз құндылығын бағалауға, тарихи-мәдени және ұлттық болмысын тануға бағыттау мақсатында «Сөзмерген – 2025» қалалық шешендік өнер сайысы өтіп, оған журналистер, ұстаздар қатысты.
Елордада 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Қаламгерлер аллеясында орналасқан «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай «Тіл – бірліктің тірегі» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласы бойынша филиалымен бірлесіп, 2025 жылы «Классик ұстаханасы» атты жаңа жобаны іске асырды. «Классик ұстаханасы» – бұл қазақ әдебиетінің ортамызда жүрген классиктері мен белгілі шығармашылық өкілдерінің өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу идеясынан туған жоба. Аталған жоба қазақ әдебиеті майталмандарының ойлары мен идеяларын, шығармашылық әдістерін болашақ қаламгерлерге және әдебиет сүйер қауымға ұсынатын шеберхана іспетті. Жоба қонақтары жазушы Төлен Әбдік, Тұрсын Жұртбай, Қойшығара Салғара, Асқар Алтай, ақын Жанат Әскербекқызы, Ермек Аманшаев, Сауытбек Абдрахманов, Роза Мұқанова көпшілікке дәріс оқыды. Дәріс соңында жазушы тыңдармандармен еркін пікір алмасты.
Астана қаласының қоғамдық көліктерінде Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының және қала автопарктердің қолдауымен жаңа танымдық жоба жүзеге асырыла бастады. Енді жолаушылар автобуста жүріп келе жатып, қазақ тарихында өшпес із қалдырған, есімдері елорда көшелеріне берілген тұлғалар туралы ақпарат алуда. Бұл бастама ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және тарихи сананы нығайтуға бағытталған.
Жобаның басты мақсаты – қазақ халқының мәдениеті мен тарихына елеулі үлес қосқан қайраткерлер туралы ақпаратты халыққа кеңінен тарату. Жолаушылар белгілі бір бағыттағы автобустарға мінген кезде, қазақ әдебиеті мен тарихында ерекше орны бар тұлғалардың өмірі мен еңбектері туралы қысқаша аудиохабарламаларды тыңдай алады. Бұл бастама әсіресе жастар үшін маңызды. Өйткені олар тарихи тұлғалар туралы ақпаратты күнделікті өмірде жиі кездестіре бермейді. Автобустағы аудиохабарламалар олардың білім көкжиегін кеңейтеді.
Жалпы 54 ұлы тұлға туралы аудиохабарлама әзірленді. Жолаушылардың аудиалды жайлылығын сақтау және дыбыстық кеңістіктің шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу мақсатында аудиохабарламалар кезең-кезеңмен жыл бойы жарияланатын болады.
- ономастикалық комиссияның атқарған жұмысы туралы;
Астана қаласында ономастикалық рәсімдер Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, басқа да нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ Әдістемелік ұсынымдарға, жаңартылған «Тарихи тұлғалар» тізіміне және ономастикалық жұмысты ұйымдастыру жөніндегі Жол картасына сәйкес жүргізіледі.
Бүгінгі таңда Астана қаласында атау берілген құрамдас бөліктердің жалпы саны – 1 173, оның ішінде даңғыл – 18, көше – 1 151, тас жол – 4. Сондай-ақ, елордада Астана қаласы әкімдігінің 60 білім беру мекемесіне Қазақстанның белгілі қайраткерлерінің есімдері берілді.
Көшелерді, қысқа көшелерді атау және қайта атау, Қазақстанның мәдени мұрасының тарихи атауларын қалпына келтіру және сақтау жөніндегі жұмысты ретке келтіру мақсатында қалалық ономастика комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) құрылды. Комиссия құрамына ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Астана мәслихатының депутаттары және басқа да белгілі тұлғалар кіреді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Астана қаласының атаусыз көшесіне атау беру туралы» Астана қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 26 маусымдағы № 511-1928 қаулысы және Астана қаласы мәслихатының 2025 жылғы 27 маусымдағы № 304/39-VIII шешіміне сәйкес елорданың атаусыз көшесіне армян әліпбиінің негізін қалаушы Месроп Маштоцтың есімі берілді. Аталған көше «Нұра» ауданында «Астана-Арена» стадионы мен «Сарыарқа» велотрегінің арасында орналасқан. Ұзындығы – 750 м. Осыған байланысты Ереван қаласында да саябақ ашылды. Атап айтқанда, Ереван қаласының Аван ауданында орналасқан саябаққа Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Саябақтың жалпы ауданы 2400 шаршы метрді құрайды, Алматы көшесінде орналасқан. Аталған бастама екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға оң ықпал етеді.
Сонымен қатар, «Астана қаласының жеңіл рельсті көлік стансаларына атау беру туралы» Астана қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 30 қыркүйектегі № 511-3478 қаулысымен Астана қаласының жеңіл рельсті 18 көлік стансаларына атаулар берілді.
Тіл саясаты саласы бойынша өңірдегі түйткілді мәселелер және оларды шешу жолдары:
Шешімі: «Кинематография туралы» ҚР заңына немесе басқа да тіл туралы заңнамаларға жоғарыда айтылған мәселе бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыру қажет.
Шешімі: Ұлты қазақ азаматтардың тегi мен әкесiнiң атын жазуға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 2 ақпандағы N 2923 Жарлығының 1-тармағына өзгеріс ензіп, «алайда тегi мен әкесiнiң атының түбiрлiк негiзi сақталуға тиiс» деген тіркесті «тегi мен әкесiнiң атында қазақ тіліне тән дыбыстық заңдылықтар сақталуы тиіс» деген немесе осы мағынаны толық беретін және жоғарыдағы мәселелердің туындауына жол бермейтін басқа да нұсқаға ауыстыру қажет.