Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында пара жүзуден Қазақстан құрамасы 4×50 метрге кешенді жүзуден аралас эстафетада күміс медаль жеңіп алды.
Ұлттық құрама сапында Астана қаласының екі спортшысы — Әли Тұрғанбеков пен Сиязбек Далиев, сондай-ақ Наталья Звягинцева мен Зүлфия Ғабидуллина өнер көрсетті.
Финалдық жарыста қазақстандық спортшылар 2 минут 54,22 секунд нәтиже көрсетіп, екінші орынға ие болды. Ал 2 минут 32,23 секунд нәтижемен мәреге бірінші жеткен Қытай құрамасы алтын медаль жеңіп алды.
Үшінші орынға 3 минут 8,20 секунд нәтиже көрсеткен Таиланд құрамасы тұрақтады.
Осылайша, елордалық спортшылар Әли Тұрғанбеков пен Сиязбек Далиев V Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасының күміс жүлдеге қол жеткізуіне өз үлестерін қосты.
Катар мемлекетінің астанасы Доха қаласында өткен таеквондодан (WT) VI халықаралық ашық чемпионатта (6th Qatar Open Taekwondo Championship 2026) Астана қаласының спортшылары төрт медаль жеңіп алды.
Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) қолдауымен ұйымдастырылған G-1 санатындағы халықаралық жарысқа әлемнің 46-дан астам елінен 1152 спортшы қатысты.
Байрақты бәсекеде елордалық таеквондошылар табысты өнер көрсетіп, 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль иеленді.
Атап айтқанда, 68 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Тимур Рахпанов қарсыластарынан басым түсіп, халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.
Ал 63 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Омар Жанбиров күміс медальға қол жеткізді.
Сондай-ақ елордалық екі спортшы қола жүлдегер атанды. Олардың қатарында 63 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Аяжан Таңжарық пен 68 келі салмақта өнер көрсеткен Мирас Исенгелдин бар.
Айта кетейік, халықаралық чемпионат Доха қаласындағы Aspire Ladies Sports Hall спорт кешенінде ұйымдастырылды. Жарыс аясында кадеттер, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында 76 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды.
G-1 санатындағы бұл турнир спортшылар үшін әлемдік рейтингке есептелетін ұпайлар жинауға мүмкіндік беретін маңызды халықаралық жарыстардың бірі саналады.
Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында өткен кикбоксингтен Әлем кубогінде Астана қаласының спортшылары табысты өнер көрсетіп, сегіз медаль жеңіп алды. Оның төртеуі алтын, біреуі күміс және үшеуі қола медаль.
Халықаралық жарысқа әлемнің 36 мемлекетінен 2290 спортшы қатысып, түрлі жас санаттары мен салмақ дәрежелері бойынша өзара мықтыны анықтады.
Байрақты бәсекеде елордалық кикбоксшылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бірнеше жас санатында жүлделі орындардан көрінді.
2010–2011 жылдары туған юниорлар арасында 57 келі салмақ дәрежесінде фулл-контакт бөлімінде өнер көрсеткен Айдар Сахибек алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ К-1 бөлімінде 48 келі салмақта бақ сынаған Амирхан Сафаралиев Әлем кубогінің жеңімпазы атанды.
Осы жас санатында 81 келіден жоғары салмақта фулл-контакт бөлімінде сынға түскен Сүйіндік Жұмабай мен лоу-кик бөлімінде өнер көрсеткен Евгений Ли қола медаль иеленді.
2012–2013 жылдары туған жасөспірімдер арасында 32 келі салмақ дәрежесінде лайт-контакт бөлімінде бақ сынаған Қазбек Жақсат қарсыластарынан басым түсіп, алтын жүлдеге қол жеткізді.
Сонымен қатар 2008–2009 жылдары туған спортшылар арасында лоу-кик бөлімінде өнер көрсеткен Ерсұлтан Амангелді алтын медаль жеңіп алса, Азизбек Әжелепесов күміс жүлдегер атанды.
Ал 2010–2011 жылдары туған спортшылар арасында фулл-контакт бөлімінде сынға түскен Мадина Шимирова қола медальға ие болды.
15 тамыз күні Астанада Қазақстан Республикасының Спорт күніне орай «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында «ALMATY RUN» бұқаралық жүгірісі өтеді.
Спорттық іс-шараның мақсаты – елорда тұрғындары мен қонақтары арасында бұқаралық спортты насихаттау, салауатты өмір салтын дәріптеу және тұрғындарды белсенді өмір салтына тарту.
Жарыс Триатлон саябағында өтеді. Қатысушылар 6,2 шақырым қашықтықты бағындырады. Жарыстың басталу уақыты – сағат 08:00.
Жаппай жүгіруге қатысу тегін. Онлайн тіркелу 12 тамыз күні сағат 09:00-де reg.elordasport.kz сайтында ашылады. Қатысушылар саны 1700 адаммен шектелген. Белгіленген лимитке жеткен сәтте тіркелу автоматты түрде жабылады.
Іс-шара өтетін күні, яғни 15 тамызда сағат 06:00-ден 07:30-ға дейін алдын ала тіркелген қатысушыларға старт орнында лотерея билеттері таратылады.
Жарыс басталар алдында барлық қатысушылар үшін танымал спортшының қатысуымен жалпы сергіту жаттығуы ұйымдастырылады. Бірлескен жаттығу қатысушыларға денені қыздырып, жүгіру қашықтығына дайындалуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, іс-шара аясында қатысушылар арасында 10 велосипед ойнатылады.
«ALMATY RUN» бұқаралық жүгірісі Астана қаласы әкімдігінің, Алматы ауданы әкімдігінің және Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылады.
Ұйымдастырушылар елорда тұрғындары мен қонақтарын Спорт күніне арналған бұқаралық жүгіруге белсенді қатысып, спорттық мерекенің бір бөлігі болуға шақырады.
Бүгін Астана қаласында Спорт күніне орай дене шынықтыру және спорт ұйымдарының қызметкерлері арасында спартакиада басталды. Спартакиадаға еліміздің өңірлерінен 20 команда, 600-ден астам қатысушы жиналып, спорттың төрт түрі – футзал, волейбол, шахмат және тоғызқұмалақ бойыншабақ сынайды.
Іс-шараның басты мақсаты – дене шынықтыру мен спорт саласының қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және әріптестер арасында достық қарым-қатынасты нығайту.
Спартакиаданың ашылу рәсіміне ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Олимпиадалық емес және бұқаралық спорт басқармасының басшысы АйдосЕсеналиев қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Спорт күні – дене шынықтыру мен бұқаралық спорттың маңызын кеңінен насихаттайтын айтулы мереке. Бүгінгі спартакиада – спорт саласының қызметкерлерін біріктіріп қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстанудың жақсы үлгісі. Барша қатысушыларға сәттілік,жеңіс және жоғары нәтижелер тілеймін», – деді Айдос Есеналиев.
Жарыс барысында қатысушылар өздерінің спорттық шеберліктерін көрсетіп, командалық рух пен ұйымшылдықты танытады. Спартакиада қорытындысы бойынша үздік командалар мен жүлдегерлер анықталады.
11 тамызда Астанадағы Ботаникалық бақта Спорт апталығы басталды. Елорданың жүздеген тұрғыны Олимпиада чемпиондары мен танымал спортшылармен бірге «10 000 қадам» бағыты бойынша жаяу жүрді.
Іс-шараны фитнес-жаттықтырушы Александра Нуркенованың ашық жаттығуымен басталды. Одан кейін қатысушылар Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Дмитрий Баландин, Юрий Мельниченко, Олимпиада жүлдегерлері Әділбек Ниязымбетов пен Ислам Байрамуков, сондай-ақ Алмат Кебіспаев, Анна Алябьева, Ольга Тихонова және Денис Никишамен бірге 10 мың қадам жүрді.
Ауқымды спорттық іс-шараға Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, сондай-ақ басқармаға қарасты 19 мекеменің бірінші басшылары мен олардың орынбасарлары да қатысты.
Жол бойында танымал спортшылар қала тұрғындарымен әңгімелесіп, естелік суретке түсті. Іс-шара соңында қатысушылар мен чемпиондардың қатысуымен ортақ фотосессия ұйымдастырылды.
Мерекеге орай еліміздің барлық өңірінде 250-ден астам спорттық іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында ашық жаттығулар, жүгіру және веложарыстар, түрлі турнирлер мен спорттық фестивальдер бар.
Айта кетейік, «10 000 қадам» іс-шарасы «Спортшылар кеңесінің» ұйымдастыруымен өтті.
Астанада сегізінші рет Jüregımnıñ Jeñımpazy («Жүрегімнің жеңімпазы») қайырымдылық жүгіру фестивалі өтті. Биыл іс-шараға 5 мыңнан астам адам қатысып, оның 4,5 мыңнан астамы жүгіру жолына шықты.
Биыл фестиваль алғаш рет ауқымды қалалық форматта ұйымдастырылды. Жүгіру жарыстарынан бөлек, іс-шара бағдарламасына концерттік бағдарлама, тегін медициналық тексерулер, танымдық және интерактивті алаңдар, сондай-ақ отбасылық белсенділіктер енгізілді.
Фестивальдің басты спорттық шарасы 1, 3 және 10 шақырымдық жүгіру жарыстары болды. Стартқа әртүрлі жастағы және дене дайындығы әр деңгейдегі қатысушылар шықты. Олардың қатарында кәсіби спортшылар мен әуесқойлар, 7 жастан асқан балалар, егде жастағы азаматтар, балаларын арбамен алып шыққан ата-аналар, сондай-ақ ересектердің сүйемелдеуімен ерекше қажеттіліктері бар жандар болды.
Фестивальге ағза трансплантациясынан өткен жандардың қатысуы ерекше мәнге ие болды. Мыңдаған елорда тұрғынымен бірге реципиенттер де жүгіру жолына шықты. Олардың қатысуы фестивальдің басты нышандарының біріне айналып, трансплантациядан кейін адамның белсенді әрі толыққанды өмірге қайта орала алатынын көрсетті.
Фестивальдің негізгі алаңдарының бірі ауқымды Check-up аймағы болды. Мұнда қатысушылар профилактикалық тексерулерден тегін өтіп, білікті мамандардан кеңес алды. Жалпы медициналық және профилактикалық алаңдарға 2 мыңға жуық рет жүгінген.
Іс-шараны Heart Center Foundation қоғамдық қоры UMC Жүрек орталығы, Астана қаласының әкімдігі және бас серіктес Kaspi Bank-тің қолдауымен ұйымдастырды.
17 жасқа дейінгі спортшылар арасында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, сондай-ақ олардың жаттықтырушыларын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан күрес федерациясының басшылығы, жаттықтырушылар, спортшылар және спорт қауымдастығының өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсімді ашқан Ербол Мырзабосынов жас балуандарды 27 шілде мен 2 тамыз аралығында Әзербайжанның Баку қаласында өткен әлем чемпионатындағы табысты өнер көрсетуімен құттықтады. Дүбірлі додаға 61 елден 670 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасының намысын 30 балуан қорғады.
Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша ұлттық құрама 8 медаль жеңіп алды: 2 алтын, 2 күміс және 4 қола.
Әлем чемпиондары атанғандар:
Бақдәулет Ағабек (еркін күрес, 48 келіге дейін);
Дияр Аманәлі (грек-рим күресі, 55 келіге дейін).
Күміс жүлдегерлер:
Алмас Әли (грек-рим күресі, 48 келіге дейін);
Айша Әбдімәлік (әйелдер күресі, 65 келіге дейін).
Қола жүлдегерлер:
Мардан Орынбасар (еркін күрес, 60 келіге дейін);
Әділет Рысбай (еркін күрес, 71 келіге дейін);
Әлинұр Төлеуғали (грек-рим күресі, 71 келіге дейін);
Інжу Бекқожа (әйелдер күресі, 46 келіге дейін).
Министр бұл жоғары нәтижелер мемлекеттің, Қазақстан күрес федерациясының, жаттықтырушылар құрамының және спортшылардың жүйелі еңбегінің заңды жемісі екенін атап өтті.
«Сіздердің жеңістеріңіз – көп жылғы еңбектің, темірдей тәртіптің және зор жанкештіліктің нәтижесі. Сіздер Қазақстанды әлемдік аренада лайықты танытып, ел мерейін үстем еттіңіздер. Болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге білімі мен тәжірибесін, бар күш-жігерін арнап жүрген жаттықтырушыларға ерекше алғысымды білдіремін», – деді Ербол Мырзабосынов.
Сондай-ақ министр биыл күзде Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл дода жылдың ең ірі халықаралық спорттық оқиғаларының бірі болып, Қазақстанда күрестің одан әрі дамуына жаңа серпін береді.
Астанада 9 тамыз күні жыл сайынғы Jüregımnıñ Jenımpazy жүгіру фестивалінің өтуіне байланысты қаладағы бірқатар көшеде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Осыған байланысты елорда тұрғындары мен қонақтары қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауы қажет.
Сағат 07:00-ден 08:05-ке дейін Түркістан көшесімен Abu Dhabi Plaza ғимараты бағытына қарай бір жолақта көлік қозғалысы ішінара шектеледі.
Сағат 07:00-ден 07:40-қа дейін Ұлы Дала даңғылы жабылады.
Сағат 07:10-нан 09:15-ке дейін Ақмешіт көшесі бойымен Экспо алаңындағы мәреге дейінгі бағытта бір жолақта көлік қозғалысы шектеледі.
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауға кеңес береміз. Ауқымды шараға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз.
Фестиваль алаңы сағат 05:30-да «Ұлы Дала Елі» монументі маңында жұмысын бастайды.
Жарыс алдында қатысушылар үшін таңғы йога және кәсіби жаттықтырушылардың қатысуымен жалпы дене қыздыру жаттығулары ұйымдастырылады.
Фестиваль қонақтарын күні бойы аниматорлар мен аквагрим қызметі ұсынылатын балалар аймағы, фуд-корт, қазақстандық брендтердің жәрмеңкесі, серіктестердің интерактивті алаңдары, жедел медициналық тексеруден өтуге мүмкіндік беретін тегін медициналық чек-ап аймағы, сондай-ақ жүрек-өкпе реанимациясы тәсілдерін үйрету алаңы күтеді.
Жүгіру-фестиваль аясында жиналған барлық қаражат Трансплантацияны үйлестіру жөніндегі республикалық орталыққа, Қазақстандағы трансплантация орталықтарына, сондай-ақ кардиохирургия мен трансплантология саласындағы білім беру жобаларын дамытуға бағытталады.