Нұра ауданында Елорда циркінің маңын абаттандыру және көгалдандыру жұмысы аяқталды. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтарына арналған заманауи әрі жайлы демалыс орны әзірленді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Абаттандыру аясында жаяу жүргіншілер жолдары, демалыс орындары мен автотұрақтар жаңартылып, заманауи көше жиһаздары орнатылды. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, гранит орындықтарға ағаш төсемдер төселіп, субұрқақ кешені жөнделді.
Сонымен қатар аумаққа сәндік жарықтандыру шамдары мен заманауи жарық тіректері орнатылды. Бұл кешкі уақытта серуендеуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Көгалдандыру жұмысы да ауқымды түрде жүргізілді. Мұнда ағаштар, бұталар мен көпжылдық гүлдер отырғызылды. Жасыл желектерді күтіп-баптау үшін жергілікті суару жүйесі орнатылды.
Бұл тұрғындар мен қала қонақтарына бос уақытын тиімді өткізуге, отбасымен серуендеуге және цирктен кейін демалуға мүмкіндік жасайтын қауіпсіз, экологиялық таза әрі жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған
Жаңартылған аумақ келушілер үшін ашық. Ол Нұра ауданындағы тағы бір жайлы демалыс пен серуендеу орнына айналады.
«Нұра» ауданы әкімдігінде мемлекеттік қызмет, кәсіби әдеп және белгіленген мінез-құлық нормаларын сақтау мәселелері бойынша кездесу өтті.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғар ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңындағы негізгі өзгерістер туралы айтып берді. Атап айтқанда, азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу, мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру және кадрлық процестерді цифрландыру мәселелері сөз болды.
Астана қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Ғалымжан Амантай мемлекеттік қызметшінің әдеп қағидаттарына, қызметтік және қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттарына, белгіленген нормаларды сақтамағаны үшін жауапкершілікке және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға тоқталды.
«Еңбек өтілі мен тәжірибесіне қарамастан, әрбір мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптар мен стандарттар бірдей. Бұл нормалардың барлығы үшін бірдей сақталуы маңызды», – деді «Нұра» ауданының әкімі Ришат Тұрдыбеков.
Бүгін «Нұра» ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ауданның қоғамдық өміріне және түрлі іс-шараларға белсенді қатысатын аға буын өкілдеріне құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Ришат Тұрдыбековтің атынан оларға алғыс хаттар табысталды. Нәзік жандыларға арнайы көңіл бөлініп, гүлдер сыйға тартылды.
Қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынылып, әндер шырқалып, музыкалық аспаптарда шығармалар орындалды. Мерекелік шараның ерекше музыкалық тартуы ретінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Арайлым Рахымқызы және К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері өнер көрсетті.
Қонақтар көрсетілген көңіл мен құттықтауларға алғыс білдіріп, мұндай кездесулердің олар үшін ерекше жағымды екенін атап өтті.
Елордадағы «Кең дала» тұрғын үй кешенінің (Тұран даңғылы, 58) қасбетінде Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен, урбанистика орталығымен бірлесіп «Таңсәрі» атты жаңа ауқымды муралдың жұмыстары аяқталды.
Қазақ мәдениетінде «таңсәрі» ұғымы жаңа кезеңнің басталуын, үміт пен жаңаруды білдіреді. Мурал қалалық сәулет пен табиғи ортаның үйлесімін бейнелеп, табиғаттың кеңістікке деген көзқарасты өзгерте алатын ерекше қасиетін көрсетеді.
Композицияның негізін заманауи қаланың қатаң сәулетіне ажар беретін жарқын дала гүлдері құрайды. Ғимараттың қасбеті бойымен жайқала өскен гүлдер табиғи жасыл реңк қалыптастырып, қала кеңістігіне өзіндік ерекшелік береді.
Жұмыстың авторлары – Астана және Қарағанды қалаларының Урбанистика орталығының командасы мен AirG суретшілері.
«Нұра» ауданында кварталішілік жолдарды жаңарту жұмыстары жалғасуда
Абаттандыру жұмыстары аясында 25 мекенжай бойынша асфальт төсеу және жол жабындысын жөндеу жұмыстары аяқталды:
• Қабанбай батыр даңғылы, 29, 29/1, 31, 49А, 51;
• Тұран даңғылы, 19/1, 44Б, 52/5, 55, 55/6, 55/10;
• Орынбор көшесі, 8А;
• Қарқаралы көшесі, 15;
• Сығанақ көшесі, 1;
• Ш. Айтматов көшесі, 31, 31Б, 40/2, 60;
• І. Омаров көшесі, 13, 25, 27/1;
• Қазыбек би көшесі, 5А, 11, 11А;
• Ә. Нұршайықов көшесі, 10.
Жаз соңына дейін тағы 20 учаскеде жұмыстарды аяқтау жоспарлануда. Барлық жұмыстар белгіленген нормативтік талаптар мен стандарттарға сәйкес жүргізілуде.
«Нұра» ауданында МИБ және ПИК төрағаларымен кездесу өтті.
Кездесу барысында «Астана-Теплотранзит» АҚ өкілдері жалпыүйлік есепке алу аспаптарын теңгерімге беру тәртібін, қажетті құжаттар тізбесін және рәсімді жүргізу мерзімдерін түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Жылу энергиясын есепке алу жалпыүйлік аспаптарын беру мәселелері бойынша қосымша ақпарат алу үшін 8 (7172) 91-85-21 телефоны арқылы хабарласуға болады.
Сонымен қатар, көппәтерлі тұрғын үйлерді алдағы жылыту маусымына дайындау мәселесіне ерекше назар аударылды. МИБ және ПИК төрағаларына ішкі жылыту жүйелерін гидравликалық сынақтан өткізу, жуу және қысыммен сынау жұмыстарын уақытылы аяқтау, анықталған ескертулерді жою және дайындық паспорттарын ресімдеу қажеттігі еске салынды.
«Жылыту маусымына уақтылы дайындалу – қысқы кезеңнің тұрақты өтуінің кепілі. Барлық қажетті жұмыстар сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тиіс», – деді «Нұра» ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Молдабек.
Елордалық цирк аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Жалпы аумағы 9 гектардан асатын учаскеде жүргізіліп жатқан жұмыстарды жаздың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Бұл қоғамдық кеңістік 2008 жылы абаттандырылған болатын. Ал тас төсемі соңғы рет жөндеу жұмыстары 12 жылдан астам уақыт бұрын жаңартылды. Бүгінде мұнда аумақты кешенді жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылуда.
Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолдарының жабыны жаңартылып, тыныш демалыс аймақтары мен автотұрақ орындары абаттандырылады. Сондай-ақ, бүкіл аумақты түнгі жарықтандыру жүйесімен қамтамасыз ету, субұрқақтың әрлеу бөлігін жөндеу, жаңа жасыл желектер отырғызып, көгал төсеу, сондай-ақ заманауи шағын сәулет нысандарын орнату көзделген.
Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүргізіледі. Қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін бұл аумақ қала тұрғындарының серуендеуі мен тынығуы үшін әлдеқайда жайлы әрі қолайлы қоғамдық кеңістікке айналмақ.
«Нұра» ауданында Астана күніне орай жаңа қоғамдық кеңістіктер ашылып, бірқатар аулаларда абаттандыру жұмыстары аяқталды. Енді тұрғындар үшін екі жаңа сквер, төрт абаттандырылған аула және жаңа спорт алаңы қолжетімді.
Маңызды нысандардың бірі – инвестор қаражаты есебінен салынған «Алтын Шар-1» тұрғын үй кешенінің жанындағы сквер. Жалпы аумағы шамамен бір гектар болатын кеңістікте жаяу жүргіншілер жолдары бар тыныш демалыс аймағы абаттандырылып, ағаштар, бұталар мен гүлдер отырғызылды, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды.
Сондай-ақ, бұған дейін Балаларды қорғау күніне орай техникалық режимде жұмысын бастаған «4 мезгіл» скверінің салтанатты ашылуы өтті. Жоба BI Group компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылды. Сквердің тұжырымдамасы жыл бойы көркін сақтайтын өсімдіктерді іріктеу қағидатына негізделген. Мұнда 400-ден астам ағаш пен 14 мыңнан аса бұта отырғызылып, жаяу жүргіншілер жолдары, әткеншектер, шахмат үстелдері және өзге де абаттандыру элементтері орнатылды.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында бірден төрт аулада абаттандыру жұмыстары аяқталды.
Ш.Айтматов көшесіндегі 41, 41А және 41Б тұрғын үйлерінің аулаларында заманауи балалар ойын алаңы, ашық аспан астындағы тренажерлер орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды.
Ал Сығанақ көшесіндегі 16 және 16/1 тұрғын үйлерінің аулаларында балалар ойын алаңы, футбол алаңы, воркаут аймағы, тренажерлер, тыныш демалыс орындары салынды. Сонымен қатар аумақ көгалдандырылып, жарықтандыру жүйесі орнатылды.
Бұдан бөлек, «Үркер City» және «Boston Comfort House» тұрғын үй кешендерінің жанында көлемі 15×30 метр болатын жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді. Сонымен қатар іргелес аумақ абаттандырылып, тұрғындардың спортпен шұғылдануы мен демалысына арналған тағы бір жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастырылды.
Елордада Халықаралық отбасы және Аналар күніне орай «Анаға тағзым» аллеясының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Салтанатты жиында алғаш болып сөз алған Астана қаласы Нұра ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Молдабек отбасы институтының маңызы, ананың қоғамдағы рөлі мен ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігі туралы айтты.
«Ана деген бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» деп қазақ ежелден аналардың отбасындағы қадірін ерекше атап көрсеткен. Әр адамның бойындағы қасиеті, тәрбиесі, отансүйгіштігі аналарымыздың ақ сүтімен беріледі. Отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін. Өсіріп-жатқан ұл-қыздарыңыздың қызығын көріңіздер», – деді Қуаныш Молдабек.
Сонымен қатар Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары, жазушы Камал Әлпейісова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Сұңқар Хангелдина, Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанова барша аналарды мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Іс-шара барысында бала тәрбиесі мен қоғамдық өмірде белсенділігімен танылған аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табыс етілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама қаланың жасыл белдеуін кеңейтіп қана қоймай, тұрғындар арасында табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
«Бүгін елордада өте мағыналы іс-шара өтіп жатыр. «Анаға тағзым» аллеясының ашылып жатқанына қуаныштымыз. «Анаға тағзым» деген сөздің өзі – үлкен құрметтің белгісі. Бұл елордамызға көрік беретін орын болады деп ойлаймын. Қазақ жылы лебізін білдірген кезде «жапырағың жайылсын» деген тілек айтады ғой. Ұрпақ ана арқылы өсіп-өнеді. Ана деген – жайқалған жасыл желекпен бірдей ұғым. Сол аналарымыз сияқты бүгін егіліп жатқан біздің әр ағашымыздың да жапырағы жайылып, бұл жер жанға сая көрікті орынның біріне айналсын деп тілеймін», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Светлана Айтбаева.
ева.
Астанада 2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні аясында қайырымдылық іс-шара өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ерекше балалардың шығармашылығын қолдауға бағытталған шараны Нұра ауданының әкімдігі Astana Opera мемлекеттік опера және балет театры, Abaqus-Daryn қоры және Болат Өтемұратов қоры бірлесіп ұйымдастырды.
Astana Opera театры ғимаратында ерекше балалардың қатысуымен қайырымдылық концерті ұйымдастырылып, ол көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар аутизмі бар балалардың салған суреттері мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұсынылды.
Іс-шараға Ақтөбе, Абай, Қарағанды өңірлерінен, Астана қаласынан 63 бала қатысты. Олар сахнада ән айтып, өнерлерін көрсетті.
Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсәметова шараның негізгі мақсаты – қоғамның назарын аутизм мәселесіне аудару, ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау және инклюзивті ортаны дамыту екенін айтты.
«Бүгін балалар өлеңін айтып, би билеп, өнерін ортаға салды. Мен оларды тәрбиелеп отырған ата-аналарына алғыс айтқым келеді. Біз мұндай балаларды ел болып, мемлекет болып қолдауымыз қажет», – деді ол.
Іс-шараға қатысқан жас өнерпаздардың бірі Дарын Ажмолдаев болашақта әнші әрі IT-маман болуды армандайтынын жеткізді.
«Қазіргі таңда мен түрлі концерттерде өнер көрсетемін. Бүгін мен «Шынарым» әнін орындаймын. Қазір 7-сыныпта оқып жүрмін. Маған фортепианода ойнаған ұнайды. Сондай-ақ мектепте математика, қазақ, орыс және ағылшын тілдері пәні ұнайды», – деді ол.
Өнер арқылы жүректерді жақындатқан бұл кеш әр баланың мүмкіндігі шексіз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.