Астанада Республика күніне орай «Елім деп соққан жүрегім» атты рухани-патриоттық кеш өтті. Іс-шараны Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» мекемесі ұйымдастырды.
Кешті «Руханият» мекемесіндегі қазақ тілі курстарының тыңдаушылары, қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады.
«Біздің мекемеде жыл сайын 3 мыңға жуық адам қазақ тілін үйренеді. Қазір екінші оқу маусымында 1 800 тыңдаушы білім алып жатыр. Олардың арасында өзге ұлт өкілдері мен шетелден келген азаматтар да бар. Қазақстанда өмір сүріп жатқандықтан, қазақ тілін меңгеруге деген ынталары жоғары. Сондықтан біз тіл үйретумен қатар, ұлттық құндылығымыз бен мәдениетімізді таныстыруға да мән береміз», – деді «Руханият» мекемесінің басшысы Руслан Әлімбеков.
Оның сөзінше, тіл үйренушілердің қатарында мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, студенттер, түрлі сала мамандары мен зейнеткерлер бар. Қазақ тілін жетілдіру үшін курсқа қатысып жүрген қазақ азаматтары да кездеседі.
«Қазақ тілін үйренуге қала тұрғындарымен қатар, түрлі акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің өкілдері де қызығушылық танытады. Оқыту тіл меңгеру деңгейіне қарай жүргізіледі. Тыңдаушылар белгілі бір деңгейді аяқтап, сертификат алғаннан кейін олардың орнына жаңа қатысушылар қабылданады. Осылайша, жыл бойы курстарға жаңа тыңдаушылар қосылып отырады», – деді Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Тіл саясатын ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Гауһар Елембаева.
Мерекелік концертте Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Салықов пен Клара Төленбаева, әнші Ибраһим Ескендір, дәстүрлі әнші Өзгеріс Шерікбай, «Алтын домбыра» өнер мектебінің өкілдері, «Асу» тобы және өзге де өнерпаздар өнер көрсетті.
Республика күніне арналған кеште қазақ тілін үйренушілер ұлттық ән мен жырды тыңдап, қазақ мәдениеті жайлы мол мағлұмат алды.
25 қазанда Қазақстанда Республика күні атап өтіледі. Ұлттық мерекеге орай Астанада салтанатты, мәдени-танымдық, білім беру, спорттық, экологиялық және әлеуметтік бағыттағы 120-дан астам іс-шара жоспарланып отыр. Елорда тұрғындары мен қонақтарына арнап концерттер, көрмелер, спектакльдер, спорттық турнирлер, мерекелік акциялар, жаңа нысандардың ашылуы және басқа да шаралар ұйымдастырылады.
Республика күніне орай елордада бірқатар жаңа нысан ашылады. Атап айтқанда, М. Төлебаев көшесі, 3 мекенжайында «TANYM SPORT» көпфункционалды кешені, ал Сұлтан Бейбарыс көшесі, 15 мекенжайында «TANYM ART» кешені жұмысын бастайды.
Сонымен қатар №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының қосымша ғимараты және №2 қалалық көпбейінді аурухананың қабылдау-диагностикалық кешенін ашу жоспарланып отыр.
Ұлттық мерекеге орай Астанада мәдени-білім беру бағдарламасы да әзірленді. Оның аясында әдебиет пен өнер өкілдерімен кездесулер, ғылыми-практикалық конференциялар, көрмелер, белгілі бір тақырыптағы кештер, пікірсайыстар және басқа да іс-шаралар өтеді.
20 қазанда сағат 17:00-де «Жастар» сарайында «Елім деп соққан жүрегім» атты патриоттық кеш өтеді. Сол күні елорданың барлық мектебінде Республика күніне арналған бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылады.
20-24 қазан аралығында елордалық мектептерде оқушылар арасында «Егер мен Президент болсам…» тақырыбында пікірсайыстар және «Менің елім – Қазақстан» атты сурет байқауы өткізіледі.
21 қазанда сағат 11:00-де Сәкен Сейфуллин музейінде «Ұлт рухын ұлықтаған Сәкен» атты мәдени-танымдық кеш өтеді. Сол күні Ақжан әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінде Өтеген Сейітов атындағы «Болашақ прокурор» клубының қатысушылары арасында «QAZAQSTAN QUIZ» зияткерлік ойыны ұйымдастырылады.
22 қазан күні сағат 11:00-де Достық үйінде Ғылыми-сараптамалық топтың қатысуымен конференция өтеді.
Сол күні сағат 11:00-де Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жазушы, драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлымен «Зерделі ұлт – кітап оқитын отбасынан басталады» тақырыбында кездесу ұйымдастырылады. Кейін кітапханада «Әдебиет әлеміндегі түнгі керуен» атты әдеби іс-шара өтеді. Ол кітапханада түн өткізу форматында ұйымдастырылады.
Сағат 19:00-де «Жастар» сарайында «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі «Ұлы дала әуені» атты мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынады.
23 қазанда сағат 10:00-де Астана қаласының мемлекеттік архивінде оқушылармен «Егемен елдің ертеңі» атты кездесу өтеді.
Сағат 11:00-де М. Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Әбдірахманов пен тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Күлпаш Ілиясованың елорданың белсенді жастарымен кездесуі өтеді. Кездесу «Байтақ елім – Қазақстан!» тақырыбына арналады.
Мерекелік іс-шаралар елорданың алты ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында да ұйымдастырылады.
23 қазанда сағат 11:00-де Р. Қошқарбаев даңғылы, 29/1 мекенжайында «Ән-жырым саған, Қазақстан» атты мерекелік концерттік бағдарлама өтеді. Сол күні кешке мәдени бағдарлама Мемлекеттік «НАЗ» би театрының концертімен жалғасады. Ұжым сағат 19:00-де «Аңсаған арман» атты концерт ұсынады.
Сондай-ақ елорданың барлық алты ауданында мерекелік концерттер өтеді.
Атап айтқанда, 24 қазанда Пригородный, Отау, Өнеркәсіп, Бағыстан, Өндіріс және Теміржолшылар тұрғын алаптарында, «Қорғалжын», «Жағалау», «Ататүрік», «Айғыржал» және «Жастар» гүлзарларында, сондай-ақ қалалық алаңда концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.
Республика күні – 25 қазан күні де мазмұнды бағдарлама жоспарланып отыр. Сағат 11:00-де Өнер музейі келушілерді «Рухты ел» атты лекция-концертке шақырады. Ал М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Ер-Төстік туралы аңыз» ертегісін ұсынады.
Музыкалық жас көрермен театры сағат 16:00-де «Қазақстан өнерінің мақтаныштары» атты шығармашылық кеш өткізеді. Сағат 18:00-де «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасын сахналайды.
Осы уақытта Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры «Жас Абай» спектаклін көрсетеді.
Бұдан бөлек, 25 қазанда әлеуметтік осал санаттағы балаларға Қазақстанның Ұлттық музейі мен «Бәйтерек» монументіне экскурсиялар ұйымдастырылады.
Мереке күндері елорда тұрғындары мен қонақтары ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне де бара алады. Жәрмеңке 24-25 қазанда Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайындағы «Қазанат» ипподромының автотұрағында өтеді.
Жәрмеңкеде Қарағанды және Қостанай облыстарының шаруалары өз өнімдерін ұсынады. Сауда орындары сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Келушілер жаңа азық-түлік өнімдерін өндірушілердің өзінен тиімді бағамен сатып ала алады.
Республика күнін мерекелеу бағдарламасында кәсіби спортшыларды, жастарды және түрлі жастағы қала тұрғындарын біріктіретін спорттық жарыстарға да ерекше көңіл бөлінеді.
15-17 қазан аралығында «Барыс Аренада» жүзуден әлем кубогының кезеңі өтеді. Жарысты тамашалау үшін билет сатып алу қажет.
17-18 қазанда сағат 09:00-ден бастап Sana Sport спорт кешенінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Астана әкімдігіне қарасты ұйымдардың қызметкерлері арасында волейбол турнирі өтеді.
19 қазанда Ақшоқы-2 мекенжайындағы Паралимпиадалық жаттығу орталығында көру қабілеті бұзылған қатысушылар арасында тоғызқұмалақтан Астана чемпионаты ұйымдастырылады. Ертеңінде, 20 қазанда, сағат 10:00-де осы орталықта есту және көру қабілеті бұзылған қатысушылар арасында шахматтан ашық қалалық чемпионат өтеді.
22 қазанда сағат 10:00-де Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Есіл ауданының зейнеткерлері арасында шахмат турнирі ұйымдастырылады.
Сол күні сағат 14:00-де «МУА» педагогикалық колледжінде Алматы ауданы колледждерінің студенттері арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді.
23 қазан күні сағат 10:00-де Қаламгерлер аллеясында Байқоңыр ауданының тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады. Қатысушылар тоғызқұмалақ, асық ату, армрестлинг және ләңгі тебу спорт түрлерінен бақ сынайды.
24 қазанда «Барыс Аренада» күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа арнайы билетпен кіруге болады.
Астананың Алматы ауданы әкімдігі суретшілерді, граффити шеберлерін және шығармашылықпен айналысатын барша азаматты қала кеңістігін жаңартуға үлес қосып, жаңа муралдардың авторы атануға шақырады.
Суретшілер мен граффити шеберлері Астананың Алматы ауданындағы үйлер мен ғимараттардың қабырғаларына салынатын жаңа муралдарға өз жобаларын ұсына алады.
Қатысу үшін:
1. Муралдың немесе граффитидің эскизін дайындау.
2. Жұмыстың идеясын және тұжырымдамасын сипаттау: нені бейнелегіңіз келетінін және туындыға қандай мағына бергіңіз келетінін түсіндіру.
Ұсынылған эскиздер іріктеліп, келісілгеннен кейін жобаны іске асыратын орын анықталады.
Қосымша ақпаратты Алматы ауданы әкімінің кеңесшісі Аяна Қанаттан мына телефон арқылы білуге болады: 8 708 928 80 30.
Астанадағы №15 көпшілік кітапханада «Кітап оқитын ұлт» ұлттық жобасы аясында «Үздік оқырман отбасы» отбасылық сайысының ақтық кезеңі өтті.
Байқауда іріктеу кезеңінен өткен отбасылар бақ сынады. Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-ге қарасты №15 көпшілік кітапханасы ұйымдастырды.
Байқаудың мақсаты – елорда отбасылары арасында кітап оқу мәдениетін насихаттау, ата-ана мен бала арасындағы рухани байланысты нығайту және оқырман белсенділігін арттыру.
Іріктеу кезеңіне кітапханамен тұрақты байланыста болып, отбасымен бірге кітап оқуды дәстүрге айналдырған 15 отбасы қатысты. Нәтижесінде олардың ішінен үздік шыққан екі отбасы финалға жолдама алды.
Ақтық кезеңде қатысушылар өз отбасыларын шығармашылық тұрғыда таныстырып, білімдерін сынады. Сондай-ақ ертегі кейіпкерлеріне сипаттама беріп, мақал-мәтелдердің жалғасын тапты.
Байқау нәтижесінде Рахметолла әулеті бірінші орынды иеленді. Сайысқа әулеттің бес мүшесі – 80 жастағы әжесі Оңласын Өмірзақова, отағасы Ернат Рахметолла, анасы Фариза Сембайқызы және балалары Қасым мен Бадрисафа қатысты.
Оңласын Уәлиқызы – 55 жыл ұстаздық еткен ардагер мұғалім. Ол бүгінде де кітап, газет-журнал оқуды жалғастырып келеді.
Әулет басшысы Ернат Рахметолла – Ұлттық академиялық кітапхана жанындағы «Әке мен бала» клубының модераторы. Ол кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған жобаларға да атсалысады.
Отбасының 8 жастағы ұлы Қасым тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы. Жас спортшы кітап оқуға да қызығады: оның үй кітапханасында 108 кітабы бар. Ал 3 жастағы Бадрисафа әріп танымағанымен, кітаптарды суреттеріне қарап тамашалағанды ұнатады.
Іс-шара аясында балалардың шығармашылық қойылымдары көрсетіліп, жыр мен ән орындалды. Бұдан бөлек, танымдық викториналар өткізіліп, шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
Сайысты Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 орта мектептің оқушылары мен ұстаздары және басқа да оқырмандар тамашалады.
Астанада театр және кино өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешеваның 75 жылдығына арналған «TEATP ALL» IV халықаралық театр фестивалі басталды.
Ашылу салтанаты Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында фестивальдің құрметті қонақтарының, қазылар алқасының және қатысушы өнер ұжымдарының қызыл кілеммен өту рәсімімен басталды. Одан соң қарашаңырақ М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры музейінің қорынан алынған «Сұлулық пен сырлы өнердің символы» атты көрме, Ғабит Мүсірепов пен Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі (қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров) ұсынылды.
«Осы фестиваль маған арналған сияқты. Бірақ бұл – өнер мерекесі. Менің бойымдағы өнерді ұстаздарым, «Қыз Жібек» фильмін түсірген атақты режиссеріміз Сұлтан-Ахмет Қожықов және КСРО халық әртісі Қадиша Бөкеева ашты. Бұл жерде ата-анамды да айту керек. Олар маған жақсы тәрбие берді. Олардың сол тәрбиесі мені осы дәрежеге жеткізді. Менің сүйікті театрым, биыл 100 жылдығын атап өтіп жатқан Әуезов театрын да атап өтуім қажет. Қалай болғанда да, мен сол театрда 50 жылдан астам жұмыс істедім. Қазір Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде жастар актер болу үшін ғана емес, алдымен адам болу үшін тәрбие беріп жатырмыз. Қадиша апайымыз ылғи осыны ерекше айтушы еді. Ол «Егер бойында адамгершілік, жүрек таза болса рөлдер де жақсы шығады» дейтін. Әуезов театрында ойнаған ең алғашқы рөлім «Ана-Жер-Ана» спектакліндегі Әлиман бейнесі. Сол өнер ошағында Сәбира Майқанова, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Бикен Римова секілді сахна саңлақтарымен бір сахнада тоғыстым. Сол үшін бақыттымын. Бұл кісілер өнерде үлкен із қалдырды. Мұны ешқашан ұмытуға болмайды», – деді Меруерт Өтекешова.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Шерхан Талап министр Арман Қырықбаевтың ізгі лебізін жеткізді. Көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, фестивальдің қазылар алқасының төрағасы Роза Мұқанова ақ жол тіледі.
«TEATP ALL» IV халықаралық театр фестивалі бір аптаға, яғни 7 қазанға дейін жалғасады. Оған Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Әзербайжан театрлары мен елорданың жетекші театр ұжымдары, Маңғыстау, Ақмола, Түркістан, Атырау, Ұлытау облыстарының театрлары қатысып жатыр. Ұсынылатын қойылымдардың арасында қазақ және шетел классикасы, қазіргі заманның сан алуан тақырыптағы шығармалар бар. Оларды елорда сахналарынан тамашалауға болады.
Елордада 1-7 қазан аралығында IV халықаралық «ТЕАТР ALL» театр фестивалі өтеді. Биыл фестиваль Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, театр және кино өнерінің көрнекті актрисасы Меруерт Өтекешеваның 75 жылдығына арналады.
Бір апта бойы көрермендерге Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан елдерінен келген театр ұжымдары, сондай-ақ Қазақстанның Маңғыстау, Ақмола, Түркістан, Атырау және Ұлытау облыстарынан келген театрлар мен елорданың жетекші театр ұжымдары өз спектакльдерін ұсынады. Бағдарламаға драмадан бастап трагедия, трагикомедия, музыкалық драма, мелодрама, хорео-драма, перформанс және заманауи балетке дейінгі түрлі жанрдағы қойылымдар енді.
Фестивальдің ашылу салтанаты 1 қазанда Музыкалық жас көрермен театрында өтеді. Кеш қатысушылардың қызыл кілеммен салтанатты өту рәсімінен басталып, одан кейін фестивальдің ресми ашылуы өтеді. Алғашқы қойылым – Ғабит Мүсірепов пен Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі.
Фестиваль бағдарламасында қазақ және әлем әдебиетінің белгілі шығармаларымен қатар, заманауи сахналық интерпретациялар да ұсынылған. Көрермен Уильям Шекспирдің «Макбет», Ғ. Мүсірепов пен Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» мен «Ұлпан», Б. Жандарбековтің «Томирис», Б. Брехттің «Той», «Қараш асуындағы атыс», М. Әуезовтің «Қаралы сұлу», елордалық цирктің «Метамоrphoses» қойылымын, Ә. Науаидың «Ләйлі мен Мәжнүн», Л. Толстойдың «Анна Каренина. Роман парақтары», М. Шахановтың «Танакөз», Ш. Айтматовтың «Жәмила», У. Гибсон мен Х. Келлердің «Ғажайып жасаған әйел немесе махаббат деген не?» қойылымдарын, Б. Сердалы мен Н. Мараиманың «Қатынқамал», Э. Л. Войничтің «Сона» романының желісі бойынша сахналанған «Бөгелек», Е. Аманшаевтың «Шәкәрім», С. Сәрсеннің «Абай-ЛА» қойылымын тамашалай алады.
Спектакльдерден бөлек, фестиваль аясында 7 қазанда К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Меруерт Өтекешеваның шығармашылық мұрасы: қазіргі театр өнеріндегі сабақтастық пен жаңашылдық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.
Сол күні фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі өтіп, жеңімпаздар марапатталады. Бағдарлама Меруерт Өтекешеваның 75 жылдығына арналған «Қазақтың Қыз Жібегі» атты шығармашылық кешімен қорытындыланады.
«Ашық бюджеттер» порталында және «Мәдениет басқармасы»
сайтында 2026-2028 жылдарға арналған бюджеттік бағдарлама
паспорттарын (2026 жылға арналған бюджетті нақтылау)
орналастыру туралы Баспасөз хабарламасы
«Астана қаласының Мәдениет басқармасы» ММ 2026-2028 жылдарға арналған бюджеттік бағдарлама жаңартылған паспорттарын (2026 жылға нақтыланған бюджет) жариялағаны туралы хабарлайды.
Сілтемелерде қол жетімді:
«Ашық бюджет» порталында
https://budget.egov.kz/arm/#/admin/material/4305167
«Мәдениет басқармасы» сайтында
«Астана қаласының Мәдениет басқармасы» ММ 2026-2028 жылдарға арналған бюджеттік бағдарламаларының жаңартылған паспорттары және агрегирленген жиынтық ақпараты:
https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-madeniet/documents/details/1070113?lang=kk
Астанада еліміздің әр өңірінен келген суретшілерді бір алаңға біріктірген «Елорда – өнер бұлағы» атты бес күндік республикалық арт-симпозиум өтіп жатыр.
Іс-шараға Қазақстанның мәдениет қайраткері, суретші-мүсінші Құралбек Қосақов, суретші-саяхатшы Марат Төтеев, «Мәдениет үздігі» төсбелгісінің иегері Бақытжан Құлбаев, суретші-реставратор әрі педагог Талғат Тәтиев, суретші және мәдениет қайраткері Әкертіс Солтанбаев, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Нұрбек Жәрдемов және басқа да шеберлер қатысуда.
Бес күн бойы суретшілер елорданың тарихы, сәулеті, заманауи дамуы мен күнделікті тыныс-тіршілігін арқау етіп, жаңа туындыларын дүниеге әкеледі. Әр суретші Астананы өзінше қабылдап, оны түс, жарық, қозғалыс, адам тағдыры мен жеке әсерлері арқылы бейнелейді.
«Астана қаласы Суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Өмірғали Исмағұловтың айтуынша, мұндай симпозиумдарды өткізу жаңа идея емес. Алайда, биылғы жоба елордаға және оның өзгеріп жатқан келбетіне арналған.
«Қазір Астанада көптеген әдемі орындар пайда болып, лайықты көрікті жерлер ашылды. Оның үстіне, Астана – Қазақстанның елордасы. Сондықтан суретшілер арасында симпозиум өткізуді ұйғардық. Оған өңірлерден келген суретшілермен қатар жергілікті шеберлер де қатысып жатыр. Олар – тиісті білім алған кәсіби суретшілер. Қатысушылардың арасында Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері мен Қазақстан Көркемөнер академиясының академиктері бар. Белгілі заманауи суретшілерді жинап, олардың Астананың көрікті жерлерін өз шығармаларында бейнелеп, туындыларын қалаға ұсынуын мақсат еттік», – деді ол.
Ұйымдастырушылар үшін шараның мақсаты – қаланы өнер арқылы таныту ғана емес, суретшілердің шығармашылығына көпшіліктің назарын аудару. Өмірғали Исмағұловтың сөзінше, мұндай кездесулер бейнелеу өнерін насихаттап қана қоймай, кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
«Мұндай симпозиумдарды жыл сайын өткізгіміз келеді. Өйткені адамдар суретшілерді эстрада өкілдеріне қарағанда әлдеқайда аз біледі. Әншілер мен музыканттар теледидардан жиі көрсетіліп, олар туралы көп айтылады. Ал бейнелеу өнері де адамдардың өмірінің бір бөлігі болуы керек. Сондықтан мұндай шараларды жиі өткізіп, халыққа өткен және қазіргі суретшілерді таныта түскен жөн. Бізде танымал шеберлер көп. Сонымен қатар мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға жол ашады. Суретші – жеке тұлға, әдетте өз шеберханасында жұмыс істейді. Ал осындай іс-шаралар бір-бірінен тәжірибе жинақтап, білім алмасуға және шеберлікті шыңдауға мүмкіндік береді», – деп қосты ол.
Симпозиумға қатысу үшін суретшілер кәсіби іріктеуден өтеді. Олар өз туындылары мен эскиздерін ұсынып, арнайы комиссия қатысушыларды анықтайды. Комиссия құрамына танымал шеберлер мен өнертанушылар енген.
Биылғы симпозиум осындай форматтағы үшінші жоба болып отыр. Бұған дейінгі кездесулердің тақырыптары өзгеше болған. Мәселен, былтыр суретшілер жұмысшы мамандықтарына арналған туындыларын ұсынған. Ал биыл шығармашылық тұрғыдан басты нысан ретінде елорда таңдалды.
«Бұл жобаны өткізуге Астана қаласының әкімдігі және тікелей қаланың Мәдениет басқармасы қолдау көрсетті. Бұған дейінгі симпозиумдардың тақырыптары әртүрлі болды. Былтыр Жұмысшы мамандықтар жылы аясында суретшілер түрлі кәсіптерге арналған туындылар жасады. Ал биыл симпозиумды Астанаға арнадық. Елордадағы әсем орындар мен көрікті жерлерді көрсеткіміз келеді. Бұл туризмді дамыту тұрғысынан да маңызды. Көрнекі құралдар, суретшілер мен шеберлердің шығармашылығы арқылы қаламыздың сұлулығын жаңа қырынан көрсетуге болады», – деді Өмірғали Исмағұлов.
Симпозиум аясында жасалған туындылар жоба аяқталғаннан кейін қалаға табысталады. Кейін картиналар қорларда сақталуы немесе музейлердің коллекцияларына берілуі мүмкін.
Биылғы симпозиумның тағы бір тақырыбы – жасанды интеллектінің қалалық ортаға, шығармашылыққа және мәдени кеңістіктің дамуына ықпалы. Жоба аясында пікірталастар, дәрістер, шеберлік сабақтары мен еркін форматтағы көрсетілімдер ұйымдастырылып, қатысушылар мен қонақтар дәстүрлі көркемдік тәсілдермен қатар, заманауи өнердің жаңа сын-қатерлерін талқылауда.
Бес күндік шығармашылық жұмыстың қорытындысы ретінде 25 қыркүйекте көрме ашылады. Көрме 1 қазанға дейін жалғасады. Экспозицияда симпозиум аясында жасалған 40-тан астам шығарма ұсынылады.
Астанадағы Ә. Мәмбетов атындағы драма және комедия театрында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Тәуелді» драматургиялық қойылымы көрермен назарына ұсынылды.
Спектакль тәуелділік – лудомания, ойынқұмарлық және нашақорлық сияқты өзекті әлеуметтік-психологиялық мәселелерді көтереді. Бір терапиялық кеңістікте тоғысқан кейіпкерлердің тағдыры арқылы қойылым көрерменді тәуелділіктің салдары мен өз таңдауы үшін жауапкершілік туралы ойлануға жетелейді.
Қойылым «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Өйткені құқық бұзушылықтың алдын алу тек заң талаптарын сақтаудан ғана емес, адамның өзіне және айналасындағы адамдарға саналы әрі жауапкершілікпен қарауын қалыптастырудан басталады.
#законипорядок #заңментәртіп
Астанада «Қанаттылар» инклюзивті театры IV маусымының ашылуына орай көрермен назарына «Екі тағдыр – бір өмір» атты автобиографиялық драмасын ұсынды.
Қойылымның авторы – драматург Ақбота Ермаханова, режиссері – Сүндет Сәрсен. Автобиографиялық драма адам тағдыры, өмір сынағы, ішкі күйзеліс пен уақыттың адам жанын емдеуі тақырыптарын арқау етеді.
Қойылымның басты ерекшелігі – сахнада «Қанаттылар» инклюзивті театрының актерлері өнер көрсетеді. Өмірлік түрлі жағдайларға қарамастан, ерекше жандар өздерінің шығармашылық қабілетін сахна арқылы танытып, өнердің шекара мен шектеуге бағынбайтынын көрсетеді.
«Бұл спектакль қазіргі уақытта біздің театрдың бойтұмарына айналған. Себебі, көрерменнің сүйіп көретін қойылымдарының бірі. Мұнда махаббат та, өмірге деген құлшыныста бар. Өмірге мойымай қиыншылыққа шыдаған адамның тағдыры бейнеленеді. Міне осы қойылым сол арқылы өз көрерменін тапқан деуге болады», – деді Астана қаласы «Қанаттылар» инклюзивті театры басшысының шығармашылық жөніндегі орынбасары Манат Дәулетбекұлы.
Бүгінде театр құрамында 40-қа жуық актер бар. Театр репертуарында түрлі жанрдағы қойылымдар қамтылған. Атап айтқанда, «Қанаттылар» музыкалық-поэтикалық спектаклі, «Үй таңданған лақ» ертегісі, «Қызжылаған» драмасы, «Өмір-ғайып» мелодрамасы, «Күле аласыз ба?» комедиясы, «Арман» музыкалық драмасы, «Екі тағдыр – бір өмір» автобиографиялық драмасы, «Алло, бұл кім?» лирикалық комедиясы, «Абай-LA» хореопоэтикалық философиясы, «Таң сәулесін шашқанда» лирикалық драмасы және «Соқырлар» символикалық трагедиясы бар.
Айта кетейік, 2025 жылы «Қанаттылар» инклюзивті театры жеке шығармашылық ұжым ретінде құрылып, дербес шығармашылық жолын бастады.