Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттер ұлттық зейнетақы жүйесінің ерекшеліктеріне байланысты зейнетақы жинақтарын қорғаудың әртүрлі тетіктерін пайдаланады.
Көптеген елдерде зейнетақы жүйелеріне қатысушылардың құқықтарын қорғау зейнетақы төлемдері бойынша қабылданған міндеттемелерді орындамау тәуекелдерін сақтандыру, зейнетақы қорлары мен басқарушы компаниялардың қызметін мемлекеттік қадағалау, сондай-ақ олардың қаржылық тұрақтылығы мен тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптарды белгілеу сияқты тетіктермен қамтамасыз етіледі. Демек, негізгі назар тұрақты реттеу жүйесін құруға, тиімді қадағалауға және мемлекет, қорлар мен басқарушы компаниялар арасында жауапкершілікті бөлуге аударылады.
АҚШ-та белгіленген төлемдері бар корпоративтік зейнетақы жоспарларын (Defined Benefits, DB) федералды сақтандыру жүйесі Pension Benefit Guaranty Corporation (PBGC)[1] арқылы қорғайды, ол жұмыс беруші қызметкердің зейнетақы жинақтарын қалыптастыру жөніндегі міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда, қызметкердің алдындағы корпоративтік зейнетақы жоспары бойынша зейнетақы міндеттемелерінің орындалуын (заңмен белгіленген лимиттер шегінде) қамтамасыз етеді.
Ұлыбританияда осыған ұқсас функцияларды Pension Protection Fund (PPF)[2] орындайды. Осындай тетіктер Германияда да жұмыс істейді. Бұл ретте мұндай сақтандыру жүйелері тек белгіленген төлемдері бар корпоративтік зейнетақы жоспарларына ғана таралады және тіркелген жарналары бар жинақтаушы зейнетақы жүйелеріне (Defined Contributions, DC) қолданылмайды.
Кейбір елдерде зейнетақы жинақтарының ең төменгі кірістілігін қамтамасыз ету тетіктері қарастырылған. Олар абсолютті номиналды мәнде (мысалы, Бельгияда, Швейцарияда, Малайзияда, Сингапурда) де, салыстырмалы түрде, яғни белгілі бір бағдармен салыстырғанда, мысалы, орташа кірістілікке қатысты (Латын Америкасы елдерінде) де белгіленуі мүмкін. Бельгия мен Швейцарияда заңнамамен міндетті кәсіби зейнетақы қорларында жұмыс берушінің қызметкерінің зейнетақы жоспарлары бойынша міндеттемелерін есептеу үшін пайдаланылатын ең төменгі номиналды кірістілік мөлшерлемесі бекітілген.
Латын Америкасының бірқатар елдерінде (Чили, Колумбия, Сальвадор) ең төменгі кірістілік зейнетақы қорларының тиісті түрлері арасындағы орташа кірістілікке қатысты анықталады. Егер зейнетақы қорын басқарушы (Administradora de Fondos de Pensiones, AFP) ең төменгі кірістілікті қамтамасыз етпесе, онда айырма қалыптастырылған резервтер (кепілдік резерві) есебінен жабылады.
Бірқатар азиялық елдерде де зейнетақы жинақтарының ең төменгі кірістілігі бойынша талаптар қолданылады. Малайзияда қызметкерлердің жинақтаушы қоры (Employees Pension Fund, EPF) зейнетақы жинақтарының номиналды кірістілігін жылына 2,5%-дан төмен емес деңгейде кепілдендіреді. Сингапурда орталық жинақтаушы қор (Central Provident Fund, CPF) жылына 2,5%-дан 4%-ға дейінгі (шот түріне байланысты) ең төменгі номиналды кірістілікті қамтамасыз етеді.
ЭЫДҰ-ның барлық дерлік елдерінде зейнетақы қорлары мен басқарушы компаниялардың қызметі мемлекеттік тәуекелге бағдарланған қадағалауда болады, капиталдың жеткіліктілігіне, резервтерді қалыптастыруға, тәуекелдерді басқару жүйесіне және клиенттердің активтерін инвестициялық басқарудың кәсіби стандарттарын сақтауға қатаң талаптармен сүйемелденеді.
Осылайша, жинақтаушы зейнетақы жүйелерінің дамуына қарай басты назар тиімді реттеуге, тәуекелге бағдарланған қадағалауға, салымшылардың құқықтары мен инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтуге көбірек ауысуда.
Қазақстанның зейнетақы жүйесі де осы бағытта дамуда. Естеріңізге сала кетейік, заңнамалық өзгерістер азаматтардың өз зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Салымшы әртүрлі инвестициялық стратегиялар мен портфельдер ұсынатын бір немесе бірнеше басқарушы компанияны өз бетінше таңдап, өз жинақтарының 100%-на дейінгі бөлігін олардың сенімгерлік басқаруына бере алады.
Инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту және зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру жөніндегі шараларды іске асыру жағдайында зейнетақы жинақтарының сақталуына көзқарастар да өзгеруде. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттің кепілдігі БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіби зейнетақы жарналарының сақталуын нақты енгізілген жарналар мөлшерінде қамтамасыз етуден тұрады. Бұл ретте мемлекеттің негізгі міндеттемелері зейнетақының мемлекеттік құрамдас бөлігінің (базалық және ынтымақты зейнетақылардың) барабарлығын сақтауға бағытталады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «МЗҚ «МЖЗҚ» АҚ базасында құрылды. БЖЗҚ-ның құрылтайшысы және акционері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдендірілген депозит бойынша талап етілмеген кепілдік өтемақы сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуды және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтарды (НЖ) нысаналы жинақтаушы шоттарға есепке алуды және аударуды, НЖ-ны алушыға банктік шоттарға төлеуді, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады. (Толығырақ www.enpf.kz сайтында).