Зейнетақы жүйелерінің халықаралық рейтингісінде Қазақстан белортадан берік орын алды
Қазақстан басқа елдерден қандай өлшемдер бойынша басым түсті?
Mercer институты CFA-мен бірлесіп, жыл сайын өткізетін Mercer CFA Institute Global Pension Index (MCGPI) зейнетақы индексінде Қазақстанның зейнетақы жүйесі 24-ші орынды иеленді. Зейнетақы жүйелері кешенді түрде зерттелетін 2024 жылғы халықаралық рейтингке әлемнің 48 елі кірді.
Mercer CFA институтының жаһандық зейнетақы индексі аясында жүйелерді 50-ден астам индикаторды қамтитын "Лайықтылық", "Тұрақтылық" және "Тұтастық" үш қосалқы индексі негізінде бағалау жүзеге асырылды. Осы индикаторлар бойынша зейнетақы жүйелеріне толық және объективті бағалау жүргізу үшін ЭЫДҰ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық еңбек ұйымы, Economist Group зерттеу және талдау бөлімшесі сияқты т. б. ұйымдардың деректерін қамтитын ашық халықаралық көздерден алынған мәліметтер пайдаланылды.
64,0 балл жинаған Қазақстан АҚШ, Испания, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Сауд Арабиясы және басқа елдерден озып, "С+" бағасын алды.
Қорытынды балл үлес салмағы бойынша өлшенген қосалқы индекстік бағалардың нәтижелерін жинақтау жолымен алынды:
- "Лайықтылық" қосалқы индексі бойынша - 45,8 балл (үлес салмағының 40%: Қазақстан, мысалы Малайзиядан, Оңтүстік Кореядан, Индонезиядан, Оңтүстік Африкадан озып кетті);
- "Тұрақтылық" қосалқы индексі бойынша - 73,1 балл (үлес салмағының 35%: Қазақстан индексі Швейцария, Чили, Жаңа Зеландия, Финляндия, Канада, Норвегия, Франция, Ұлыбритания, АҚШ және басқа да көптеген елдердің көрсеткіштерінен асып түседі);
- "Тұтастық" қосалқы индексі бойынша - 80,4 балл (үлес салмағының 25%: Қазақстанның көрсеткіші Швеция, Дания, Ұлыбритания, АҚШ, Қытай және басқа елдерге қарағанда жоғары).
Жоғарыда келтірілген сандардан көрініп тұрғандай, Қазақстанның тұрақтылық (жалпы рейтингіде 8-орын) және тұтастық (16-орын) қосалқы индекстері өте жоғары бағаланды. Республиканың зейнетақы жүйесіндегі нығайтуды қажет ететін неғұрлым осал орны – лайықтылық қосалқы индексі бойынша (47 орынның 41-сі) сипатталды.
Mercer CFA институты қазақстандық зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру және зейнетақымен қамсыздандыру көрсеткішінің лайықтылығын арттыру бойынша мынадай ұсыныстар жасады:
Жаһандық зейнетақы индексінде бала туудың төмендеуіне және өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына қатысты жалғасып жатқан үрдістерді ескере отырып, зейнетақы жүйелерін жетілдіру қажеттілігі атап өтіледі. Ол туралы Дүниежүзілік экономикалық форумда да айтылды: "Адамзат тарихында алғаш рет 65 және одан егде адамдар саны 5 және одан кіші жастағы балаларға қарағанда көбірек».
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы Қазақстанның зейнетақы жүйесі алғаш рет жыл сайынғы рейтинг - Mercer CFA институтының жаһандық зейнетақы индексіне енгізіліп, бірден 64,9 балл жинап, 20-орынға ие болды. 2024 жылғы зерттеулердің қорытындысы бойынша Қазақстан тізімнің тура ортасындағы орынды иеленді. Ал бірінші орынды Нидерландының зейнетақы жүйесі сақтап, 84,8 балл жинады. Атап кетейік, Нидерландыда 2028 жылға қарай барлық зейнетақы жоспарларын жинақтаушы жүйеге (DC) толық көшіру жоспарланып отыр. Индексте бүкіл әлем бойынша зейнетақы жүйелері белгіленген төлемдердің (DB) жоспарларынан едәуір алшақтап, бекітілген жарналардың (DC) жүйелеріне ауысып жатқандығы атап көрсетілген.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).