GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Құжаттар
Агенттік туралы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Все материалы
16 октября 2026
Қазақстан Дүниежүзілік банктің металдар мен минералдар секторын дамыту жөніндегі бастамасына қосылды

Қазақстан Дүниежүзілік банк тобының Metals and Minerals Compact жаһандық бастамасына қосылған Орталық Азиядағы алғашқы ел атанды. 2026–2030 жылдарға арналған елдік стратегия тау-кен металлургия кешенін реттеуді жетілдіруді, геологиялық барлау жұмыстарын дамытуды және минералдық шикізатты өндіру мен өңдеуге инвестициялар тартуды көздейді.

Қазақстанның бастамаға қосылу рәсімі 16 қазанда Таиландта өткен Дүниежүзілік банк тобы мен Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы кездесулері аясында өтті. Қазақстан тарапынан рәсімге ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев қатысты.

Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі Дүниежүзілік банк тобымен бірлесіп, металдар мен минералдар жөніндегі елдік стратегияны (Compact) әзірледі. Құжат 2026–2030 жылдарға арналған ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайды және Дүниежүзілік банк тобының қаржылық, талдамалық және техникалық қолдау құралдарын біріктіреді.

Compact Қазақстанның стратегиялық құжаттарына, оның ішінде 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына, 2023–2027 жылдарға арналған геология саласын дамыту тұжырымдамасына және 2024–2028 жылдарға арналған сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға негізделген.

Негізгі бағдарлардың бірі - 2031 жылға дейін шамамен 20 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуға жәрдемдесу. Қаражатты минералдық-шикізат базасын кеңейтуге, өндіру және өңдеу кәсіпорындарын дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және қажетті инфрақұрылым құруға бағыттау көзделіп отыр.

Compact ынтымақтастықтың үш негізгі бағытын қамтиды.

Бірінші бағыт - тау-кен металлургия кешеніндегі мемлекеттік саясат пен реттеу тетіктерін жетілдіру. Бұл ашық әрі болжамды орта қалыптастыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ халықаралық экологиялық және әлеуметтік стандарттарды енгізуге қажетті жағдай жасайды.

Екінші бағыт - геологиялық барлау жұмыстарын, инфрақұрылымды және кадрлық әлеуетті дамыту. Басым бағыттар қатарында геологиялық деректерді цифрландыру, энергетикалық және көлік инфрақұрылымын дамыту, металдарды өңдеудің заманауи технологияларын енгізу және білікті мамандар даярлау бар.

Үшінші бағыт - минералдық шикізатты өндіруге және терең өңдеуге жеке инвестициялар тарту. Бұл бағыт аясында Дүниежүзілік банк тобының қаржылық және кепілдік құралдарын пайдалана отырып, инвестициялық жобаларды қолдау, қосылған құны жоғары өнім өндіретін кәсіпорындарды дамыту және халықаралық инвесторларды тарту көзделеді.

Compact-ты іске асыру шикізатты терең өңдеуді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақстанның жаһандық өндірістік тізбектердегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.

 

09 октября 2026
Қазақстан АДБ-ның жыл сайынғы жиналысын өткізу орны ретінде қарастырылуда

2026 жылғы 9 қазан, Астана. Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев пен Азия даму банкінің (АДБ) өкілдері 2028 немесе 2029 жылы Банктің жыл сайынғы жиналысын Қазақстанда өткізу мүмкіндігін талқылады.
АДБ делегациясының құрамына Банк хатшысы Бруно Карраско, Банк хатшысының кеңесшісі Дэвид Гарригос-Солива және АДБ-ның Қазақстандағы өкілдігінің директоры Утсав Кумар кірді.

Әсет Ерғалиев Қазақстанның аталған жиналысты Астанада өткізуге мүдделі екенін және қазақстандық тараптың Банкпен бірлесіп ұйымдастырушылық мәселелерді пысықтауға дайын екенін растады.
АДБ қабылдаушы елді таңдау кезінде инфрақұрылымның жай-күйін, көлік қатынасының қолжетімділігін, қатысушыларды орналастыру мүмкіндіктерін және өңірлік ротация қағидатын ескереді. Жиналыстың өтетін орны туралы түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ.
Астана бұған дейін де АДБ-ның жыл сайынғы жиналысын қабылдаған. 2014 жылы елордада Банктің 47-жыл сайынғы жиналысы өтіп, оған мүше мемлекеттерден, халықаралық ұйымдардан, қаржы секторы мен жеке сектордан 3 мыңнан астам қатысушы жиналды. Содан бері елорда айтарлықтай өзгерді: қалалық инфрақұрылым дамып, ірі халықаралық іс-шараларды өткізу мүмкіндіктері кеңейді. Кездесу барысында АДБ өкілдері осы өзгерістерді атап өтті.
АДБ-ның жыл сайынғы жиналысы – мемлекеттер мен халықаралық қаржы институттары арасындағы диалог алаңы ғана емес, сонымен қатар қабылдаушы елді халықаралық қоғамдастыққа таныстыруға, оның инвестициялық әлеуеті мен мәдени мұрасын көрсетуге мүмкіндік беретін маңызды іс-шара. Қазақстан үшін мұндай іс-шараны өткізу халықаралық байланыстарды нығайтуға және экономикалық дамудың басым бағыттарын таныстыруға қосымша мүмкіндік болмақ.
Тараптар өткізілуі мүмкін жиналыстың мазмұндық бағдарламасына да ерекше назар аударды. Перспективалы бағыттардың қатарында цифрландыру және жасанды интеллект, су ресурстарын басқару және экономикалық дәліздерді дамыту мәселелері бар. Тақырыптарды Қазақстанның басымдықтарын өңірлік дамудың өзекті күн тәртібімен ұштастыра отырып, АДБ-мен бірлесіп қалыптастыру жоспарлануда.
Миссия аясында Банк өкілдері іс-шараны өткізуге арналған ықтимал орындарды да қарап, елорданың инфрақұрылымдық және логистикалық мүмкіндіктерін бағалайды.
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Азия даму банкі аталған бастаманы одан әрі пысықтау бойынша өзара іс-қимылды жалғастырады.

06 октября 2026
Деректерден шешімдерге: Қазақстан халықаралық әріптестермен ұлттық статистиканың болашағын талқылады

6 қазанда Астанада «Ұлттық статистикалық жүйелерді дамыту: халықаралық стандарттар және технологиялық сын-қатерлер» атты панельдік сессия өтті. Мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері заманауи ұлттық деректер экожүйесін дамыту, халықаралық стандарттар, сондай-ақ ресми статистикада жаңа дереккөздер мен технологияларды практикалық қолдану мәселелерін талқылады.
Іс-шарада Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов құттықтау сөз сөйледі. Ол сапалы әрі уақтылы деректер мемлекеттік басқарудың негізгі ресурстарының біріне айналып келе жатқанын, ал статистиканың басты міндеті ақпарат өндірумен ғана шектелмей, оның мемлекет, бизнес және қоғам үшін практикалық құндылығын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Өз сөзінде Олжас Төлеуов статистикалық жүйені одан әрі трансформациялаудың үш басым бағытын атап өтті: деректер сапасын және статистикаға деген сенімді арттыру, қолда бар ақпаратты тиімді пайдалану, сондай-ақ жаңа технологиялар мен дереккөздерді енгізу.
Сессияның негізгі тақырыптарының бірі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне жүргізген шолуының нәтижелері болды. ЭЫДҰ-ның бас статистигі және Статистика және деректер директоратының директоры Стив МакФили жүргізілген бағалаудың негізгі қорытындыларын таныстырып, Қазақстанның статистикалық жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсынымдарын ұсынды.
СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев статистикалық өндірісті дамытудың практикалық бағыттары және жаңа дереккөздерді пайдалану туралы баяндады.
Халықаралық тәжірибені Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің елдік директоры Утсав Кумар, Корея Республикасы Деректер және статистика министрлігі Статистика қызметі бюросының бас директоры Янг Чжэ Ву және Positium компаниясының бас атқарушы директоры (CEO) Гертту Пилсас таныстырды.
Панельдік сессия мемлекеттік органдар, халықаралық әріптестер мен сарапшылар арасында кәсіби пікір алмасу алаңына айналып, халықаралық тәсілдерді Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесін одан әрі трансформациялау басымдықтарымен салыстыруға мүмкіндік берді.

06 октября 2026
ЭЫДҰ: Қазақстан ұлттық статистиканы дамытуда айтарлықтай ілгеріледі

Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі - Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Бас статистигі, Статистика және деректер директоратының басшысы Стив Макфилимен және Қазақстан бойынша шолу жөніндегі сарапшылар тобының жетекшісі Жюльен Дюпонмен кездесу өткізді.
Тараптар ЭЫДҰ биыл аяқтаған Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне шолу нәтижелерін және ынтымақтастықтың алдағы бағыттарын талқылады.
Шолу барысында Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесінің ЭЫДҰ Кеңесінің тиісті статистикалық практика жөніндегі ұсынымына сәйкестігі бағаланды. Шолу қорытындысы бойынша ЭЫДҰ Қазақстанның айтарлықтай ілгерілегенін атап өтті: қарастырылған бағыттардың басым бөлігі бойынша ресми статистика Ұйымның озық практикаларына толық сәйкестікке жақын.
Құқықтық және институционалдық негіздің дамуы, деректер сапасын басқару тетіктері, халықаралық стандарттарды енгізу, статистикалық тіркелімдерді цифрландыру, сондай-ақ әкімшілік және баламалы деректер көздерін пайдалану оң бағаланды. Еңбек нарығы, сыртқы сауда, төлем балансы статистикасы және халықтың әл-ауқатын өлшеу салаларындағы ілгерілеу ерекше атап өтілді.
«Шолудың аяқталуы – алға жасалған елеулі қадам. Біз ЭЫДҰ-мен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, оның ішінде статистикалық жүйені дамыту саласында ғана емес, реформалардың басқа да бағыттары бойынша жаңа бірлескен бастамаларды іске асыруға мүдделіміз», – деп атап өтті Әсет Ерғалиев.
Кездесу барысында Қазақстанның ЭЫДҰ-ның Статистика және статистикалық саясат комитетінің қауымдастырылған мүшесі мәртебесін алуға берген өтінімі де талқыланды. ЭЫДҰ өкілдері, оның ішінде Комитет пен бейінді жұмыс топтары шеңберінде өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын өлшеу мәселелері бойынша ЭЫДҰ-ның WISE орталығымен ынтымақтастық перспективалы бағыт ретінде айқындалды.
2026 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы ЭЫДҰ ұсынымдарын іске асырудың орта мерзімді жоспарын әзірлейді. Жоспарда өзара іс-қимылдың алдағы бағыттары да егжей-тегжейлі айқындалады.

01 октября 2026
СЖРА мен ИДБ серіктестікті кеңейтуде: инфрақұрылым, жеке сектор және жасанды интеллект

Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі - Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев Ислам даму банкі (ИДБ) тобының Орталық Азия елдері бойынша Өңірлік хабының басшысы Хаммад Зафар Хундалмен кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі тақырыбы ИДБ-ның Қазақстанмен 2027–2031 жылдарға арналған жаңа Елдік әріптестік стратегиясын әзірлеу болды. Құжат алдағы кезеңдегі өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын айқындайды. Басымдықтардың қатарында Орта дәліз бен көлік инфрақұрылымын дамыту, су және энергетикалық қауіпсіздік, арнайы экономикалық және өнеркәсіптік аймақтар, цифрландыру және инновациялар, исламдық қаржыландыру, жеке сектор мен шағын және орта бизнесті қолдау, климаттық орнықтылық және адами капиталды дамыту бар.
ИДБ инфрақұрылымдық жобалар мен жеке секторды қаржыландыруды, оның ішінде Банк тобының тетіктері мен қаржы делдалдары арқылы кеңейтуге дайын екенін растады. Қазақстандық бизнеске тікелей қаржы тартуға және отандық компаниялардың ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысуын кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Кездесудің жеке бағыты арнайы экономикалық және өнеркәсіптік аймақтарды дамытуға арналды. Әсет Ерғалиев өңірлердің өнеркәсіптік мамандануын, көлік-логистикалық артықшылықтарын және халықаралық өндірістік тізбектерді ескере отырып, оларды дамытуда неғұрлым мақсатты тәсіл қажет екенін атап өтті. Тараптар сондай-ақ ірі көлік және инфрақұрылым тораптарының айналасында мамандандырылған кластерлерді дамыту мәселесін талқылады.
Тараптар ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау саласында тәжірибе алмасу мүмкіндігін де жеке қарастырды. ИДБ стратегиялық құжаттарды әзірлеу және іске асырудағы қазақстандық тәсілдерді зерделеуге мүдделілік танытты. Бұл одан әрі өзара іс-қимылдың бағыттарының біріне айналуы мүмкін.

29 сентября 2026
Қарағандыда заманауи аналитика және модельдеу әдістері талқыланды

26 қыркүйекте Қарағанды қаласында «Талдау мектебі. Қарағанды» жобасының екінші легі аясында Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Төрағасының орынбасары Әділ Құсмановтың «Модельдеу және аналитика: деректерден стратегиялық шешімдерге дейін» тақырыбындағы дәрісі өтті.
«Талдау мектебі» – мемлекеттік басқару, ғылым, бұқаралық ақпарат құралдары және азаматтық сектор салаларындағы мамандардың аналитикалық дағдыларын дамытуға бағытталған қоғамдық жоба. Жобаның екінші легі аясында қатысушылар деректерді жинау мен талдаудың қолданбалы әдістерін, сондай-ақ аналитикалық материалдарды әзірлеу тәсілдерін меңгеруде.
Дәріс барысында зерттеудің сандық және сапалық әдістерін ұштастыру тәсілдері, сондай-ақ Impact Evaluation, Difference-in-Differences, векторлық авторегрессия, сызықтық регрессия және актуарлық модельдерді қоса алғанда, бағалау және болжау модельдері қарастырылды.
Аталған әдістердің практикалық қолданылуы нақты аналитикалық кейстер негізінде қарастырылды.
Атап айтқанда, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын әзірлеу кезінде демографиялық және актуарлық есептеулер, елдер арасындағы салыстырмалы талдау, мемлекеттік саясатты талдау, сараптамалық сауалнама, сондай-ақ экономикалық модельдеу мен болжау әдістері қолданылды.
Сызықтық регрессия және авторегрессиялық талдау әдістері 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының негізгі ұлттық индикаторларын әзірлеу кезінде қолданылды.
«Болашақ» бағдарламасының түлектердің табысына әсерін бағалау мақсатында жүргізілген «Болашақ» бағдарламасын іске асырудың әлеуметтік-экономикалық әсерін бағалау» зерттеуінде Varying Intercept Regression және Difference-in-Differences әдістері қолданылды.
Тағы бір кейс – «Еңбек ресурстарын тарту бағдарламаларының тиімділігін мониторингтеу, талдау және бағалау: СҚО кейсі» зерттеуі. Зерттеу барысында статистикалық талдау, социологиялық сауалнама, фокус-топ, тереңдетілген сұхбаттар, логистикалық регрессия және бағдарламалар тиімділігінің жиынтық индексі қолданылды.
Ұсынылған кейстер сапалы аналитиканың дұрыс әрі нақты қойылған сұрақтан басталып, тиісті әдістерге сүйенетінін және шешім қабылдауға арналған нақты ұсыныммен аяқталатынын көрсетті.

28 сентября 2026
СЖРА мен Nazarbayev University демография саласындағы білім беру бастамаларын дамытуды талқылады

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Төрағасының орынбасары Әділ Құсманов NU президенті, профессор Вакар Ахмадпен кездесу өткізді. Кездесуге сондай-ақ NU-дың академиялық мәселелер жөніндегі вице-провосты Саманта Смит, NU Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің профессоры Колин Нокс, СЖРА Әлеуметтік сала департаментінің директоры Рамиль Тохтиев және СЖРА жанындағы Демографиялық процестерді талдау және болжау орталығының басшысы Аяулым Сағынбаева қатысты.
Қатысушылар демография саласындағы мамандарды даярлау бағытындағы ынтымақтастықтың перспективаларын, соның ішінде NU-де демографиялық талдау және болжау бойынша білім беру курстарын әзірлеу мүмкіндігін талқылады.
Кездесу барысында оқытудың ықтимал форматтары, соның ішінде ашық дәрістер, қысқа мерзімді бағдарламалар және студенттер мен мамандарға арналған мамандандырылған сабақтар қарастырылды.
Ынтымақтастық бағыттарының бірі ретінде СЖРА жанындағы Демографиялық процестерді талдау және болжау орталығын оқу материалдары мен практикалық кейстерді әзірлеуге тарту ұсынылды. Бұл ретте Орталықтың сараптамалық әлеуеті мен талдамалық зерттеулерінің нәтижелерін пайдалану көзделеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар талқыланған бастамаларды, оның ішінде бағдарламалардың мазмұнын, оқыту форматтарын, нысаналы аудиторияны және ұйымдастырушылық мәселелерді пысықтау жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
Ынтымақтастық NU-дың академиялық сараптамасы мен СЖРА-ның демографиялық процестерді талдау саласындағы қолданбалы тәжірибесін біріктіруге мүмкіндік береді.

22 сентября 2026
СЖРА мен БҰҰДБ стратегиялық жоспарлау құралдарын дамыту мәселелерін талқылады

22 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде Агенттік Төрағасының орынбасары Әділ Құсмановтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстан Республикасындағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесуі өтті.
Тараптар стратегиялық және аумақтық жоспарлау, цифрландыру, деректерді пайдалану, әлеуметтік саясат және жұмыспен қамту салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
БҰҰДБ деректерді, демографиялық және экономикалық модельдерді пайдалана отырып, әлеуметтік-экономикалық процестерді болжау мен сценарийлік талдаудың халықаралық тәсілдерін таныстырды. Сондай-ақ аумақтық жоспарлауда цифрлық құралдар мен мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректерін қолдану мәселелері талқыланды.
Әділ Құсманов ұсынылған тәсілдердің мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдірудегі практикалық маңызын атап өтті. Сонымен қатар аумақтардың ресурстық әлеуетін, инфрақұрылымын, табиғи жағдайлары мен демографиялық факторларын ескере отырып, оларды неғұрлым кешенді бағалау мүмкіндігі жеке қарастырылды.
Әлеуметтік саясат аясында тараптар әлеуметтік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз ету, әлеуметтік саланы экономикаландыру және ырықтандыру, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тетіктерін дамыту мәселелерін, оның ішінде халықаралық тәжірибені ескере отырып, жеке секторды тарту мүмкіндіктерін қарастырды.
Сондай-ақ ұлттық және өңірлік деңгейлерде Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі ілгерілеуді бағалау үшін деректер мен талдауды одан әрі пайдалану мәселелері талқыланды.
СЖРА мен БҰҰДБ талдамалық материалдармен және халықаралық тәжірибемен алмасуды, сарапшыларды тартуды және практикалық шешімдерді бірлесіп пысықтауды қоса алғанда, бірлескен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

18 сентября 2026
Қазақстан мен Дүниежүзілік экономикалық форум ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың жаңа форматын талқылады

18 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде Агенттік Төрағасының орынбасары Әділ Құсмановтың Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) өкілдері – ДЭФ-тің Өңірлер, сауда және геосаясат орталығының Еуропа және Еуразия бағытының жетекшісі Джон Дитрихпен және ДЭФ-тің Еуропа және Еуразия бойынша әріптестікті дамыту бағытының жетекшісі Марвен Гарбаамен кездесуі өтті. Тараптар ұзақ мерзімді жобалар мен нақты нәтижелерге бағытталған өзара іс-қимылдың неғұрлым жүйелі форматына көшуді талқылады.
Ынтымақтастықтың басым бағыттары қатарында жасанды интеллект пен цифрландыру, энергетика және жаңа материалдар, логистика және жеткізу тізбектерін дамыту, адами капитал, қаржы секторы мен институционалдық реформалар бар. ДЭФ өкілдері халықаралық бизнестің Орталық Азияға қызығушылығы артып келе жатқанын, сондай-ақ Форумның сарапшылық және іскерлік желілері арқылы Қазақстанмен өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктерін атап өтті. Талқылау қорытындысы бойынша басым бағыттарды айқындап, олар бойынша нақты бірлескен бастамалар әзірлеу ұсынылды.
Тараптар сондай-ақ Қазақстанның стратегиялық басымдықтарын қолдау үшін ДЭФ-тің талдамалық және сарапшылық әлеуетін пайдалану мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, бәсекеге қабілеттілік, экономикалық өсу, еңбек нарығы және салалық трансформациялар салаларында сараптамалық зерттеулер жүргізу мәселелері сөз болды. Форум өкілдері ірі бастамаларды іске асыру кезінде стратегиялық басымдықтарды үйлестірудегі және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етудегі Агенттіктің рөлін атап өтті.
Алдағы жұмыс басым бағыттарды нақтылауға және өзара іс-қимылдың практикалық форматтарын айқындауға бағытталады. Тараптар стратегиялық реформаларды сараптамалық сүйемелдеуге, халықаралық тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Дүниежүзілік экономикалық форум арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға баса назар аудара отырып, өзара қызығушылық тудыратын перспективалы бірлескен бастамалар бойынша консультацияларды жалғастыруға келісті.

11 сентября 2026
Қазақстан Кениядағы халықаралық форумда реформалар жүргізу тәжірибесін таныстырды

Найроби, 2026 жылғы 10 қыркүйек - Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру тәжірибесі 9-10 қыркүйекте Кенияның Найроби қаласында өткен Future of Government Dialogue халықаралық форумында таныстырылды.
Дүниежүзілік банк, Ұлыбританияның Сыртқы істер, Достастық және даму министрлігі (FCDO) және Кения Үкіметінің қатысуымен ұйымдастырылған іс-шараға 30-дан астам елдің өкілдері қатысты. Олардың қатарында реформаларды жүзеге асыруға, мемлекеттік басқаруға және экономикалық дамуға жауапты мемлекеттік органдардың басшылары мен өкілдері бар.
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Төрағасының орынбасары Әділ Құсманов мемлекеттік сектордағы реформаларды жүзеге асыруға арналған сессияда сөз сөйледі.
Ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан негізгі өзгерістер мен оларды жүзеге асыру тәсілдері туралы баяндады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының басымдықтары, экономиканы ырықтандыру жөніндегі реформалар және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шешімдер таныстырылды.
Мысалдардың бірі ретінде Әділ Құсманов «Ұлттық қор – балаларға» жобасын таныстырды. Оның аясында Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ы қазақстандық балаларға аударылады. Жинақталған қаражатты болашақта білім алуға немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.
Халықаралық диалог аясында Кенияның Экономикалық жоспарлау мемлекеттік департаментінің Бас хатшы (Principal Secretary) Бонфас Макоха (Bonface Makokha) мырзамен екіжақты кездесу өтті.
Кездесуге Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Барлыбай Кәрімұлы Садықов та қатысты.
Тараптар макроэкономикалық болжау, стратегиялық жоспарлау, мемлекеттік қаржы және статистика мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта ынтымақтастықты дамытуға, реформалар мәселелері жөніндегі диалогті жалғастыруға және практикалық тәжірибе алмасуға мүдделі екенін білдірді.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы