ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы Жандос Шаймарданов Қазақстандағы Өзбекстанның Елшісі Бахтиёр Ибрагимовпен кездесу өткізді.
Іс шарада стратегиялық жоспарлау, статистикалық қызмет және халық санағы саласындағы тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
Агенттіктің қызметі жайлы айта келе, Жандос Шаймарданов Қазақстанның Өзбекстандағы әріптестерге әдістемелік қолдау көрсетуге және тәжірибе алмасуға дайын екенін атап өтті.
«Өткен жылдың қараша айында Астанада Өзбекстан Президенті жанындағы Стратегиялық реформалар агенттігінің өкілдерімен кездесу өткізілді. Елдеріңіздегі жоспарланып жатқан халық санағы жайында хабардармыз және осы бағытта жинақталған тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз» – деді ол.
Өз кезегінде Елші 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарымен және оның негізгі көрсеткіштерімен таныс екенін атап өтті.
«Біз бауырлас Қазақстандағы ауқымды өзгерістерге шынымен тәнті болып отырмыз. Сіздерде жинақталған мол тәжірибені зерттеп, үйренуге үлкен қызығушылық танытудамыз» – деді Бахтиёр Ибрагимов.
Қорытындылай келе, тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.