Агенттікте халықты әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды

Агенттікте халықты әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде төраға орынбасары Әркен Өтеновтің Дүниежүзілік банктің Еуропа мен Орталық Азиядағы әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту жөніндегі практика жетекшісі Паоло Белли бастаған жұмыс тобымен кездесуі өтті.

Кездесуге қатысушылар Қазақстандағы әлеуметтік қорғау және адами капиталды дамыту саласының өзекті мәселелерін, ынтымақтастық пен бірлескен жұмыс тетіктерін, талдау әлеуетін нығайту үшін тәжірибе алмасу сұрақтарын талқылады.

Әркен Өтенов өз сөзінде еліміздің әлеуметтік саясатының заманауи сын-қатерлерін және әлеуметтік көмектің атаулылығын жақсарту және мұқтаждықты бағалау, зейнетақы және сақтандыру жүйелерінің тиімділігін арттыру бөлігінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті.

Қазіргі уақытта агенттік салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының жобасын әзірледі, онда әлеуметтік саланың орта мерзімді басымдықтары айқындалды.

Паоло Белли Дүниежүзілік банктің Еуропа мен Орталық Азиядағы әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту жөніндегі командасының қызмет бағыттары мен нәтижелері туралы айтты. Өңір халқының әлеуметтік әл-ауқатына әсер ететін ағымдағы әлемдік трендтер, адами капиталды дамытуға ықпал ететін мемлекеттік саясатты жүргізудегі жаңа тәсілдер туралы өз көзқарасымен бөлісті.

Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдірген Дүниежүзілік банк өкілі Ұлттық даму жоспары жобасында елдің инклюзивті және тұрақты өсуін қамтамасыз етудегі әлеуметтік қорғаудың маңызды рөлі дұрыс сипатталғанын атап өтті. Спикер сондай-ақ алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін құжатта белгіленген басымдықтармен келісетінін жеткізді.

Дүниежүзілік банктің әлеуметтік қорғау саласындағы аға экономисі Нитин Умапати «Құжаттың табысты болуы оның дұрыс іске асырылуына, ұлттық стратегия қабылданғаннан кейін және оны жүзеге асыруды қамтамасыз ететін егжей-тегжейлі іс-қимыл жоспарына байланысты болады», - деп атап өтті.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты дамыту жөніндегі алдағы қадамдар туралы келісті.