
Бүгін ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймарданов ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың басшылығымен өткен жас сарапшылар клубының XV отырысына қатысты, іс-шарада стратегиялық жоспарлау мәселелері талқыланды.
Агенттік басшысы өз сөзінде қолданыстағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы 2012 жылы қабылданғаннан бері ел ішінде ғана емес, бүкіл әлемде түбегейлі өзгерістер болғанын, бұл ұзақ мерзімді үміттер мен болашаққа деген көзқарасты айтарлықтай өзгерткенін атап өтті.
Мәселен, өткен жылдар ішінде Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамуда елеулі жетістіктерге қол жеткізді, сонымен бірге көптеген салаларда бірқатар сын-қатерлер сақталуда.
Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Агенттік «Пайым – 2050» жаңартылған даму стратегиясының жобасын дайындады. Жаңа көзқарас негізінен елдің ұзақ мерзімді жаһандық рөлін, қазақстандық қоғамдағы демократиялық құндылықтардың сақталуы мен мызғымастығын, сондай-ақ адамға бағытталған мемлекеттік саясаттың және оның жоғары технологиялық экономиканы құруға бағдарланғанын көрсетеді.
Пайым ұлттық даму жоспарларын (ҰДЖ) орындау арқылы жүзеге асатын болады, оның алғашқысы 2029 жылға дейінгі мерзімді көздейді. Бұл ретте, ұлттық даму жоспарының мазмұны елдің жаңа экономикалық бағытының басымдықтарын толық іске асыруға бағдарланған, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында қойған бірқатар тапсырмаларын қамтиды.
Атап айтқанда, жоспар экономиканың тұрақты өсу қарқынын жылына кемінде 6% деңгейінде қамтамасыз ету және 2029 жылға қарай ЖІӨ көлемін 450 млрд АҚШ долларына дейін еселеу жөніндегі орта мерзімді стратегиялық тәсілдерін көздейді. Сондай-ақ, ұлттық даму жоспары Агенттіктің болжамды-талдамалық моделі және орталық мемлекеттік органдардың жоспарлары негізінде есептелген 80 негізгі ұлттық индикаторлардың картасын қамтиды.
Кездесу соңында спикер қазіргі уақытта Ұлттық даму жоспарының жобасы бойынша жария талқылау өтіп жатқанын атап өтті. Әрбір азамат «Ашық НҚА» порталында өз ұсыныстарын ағымдағы жылдың 19 ақпанына дейін ұсына алады.