Агенттік делегациясы Қытайға барды

Агенттік делегациясы Қытайға барды

Ағымдағы жылдың 22-26 қаңтарында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінің Төрағасы Жандос Шаймардановтың Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары өтті.

Сапар аясында Агенттік делегациясы орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, бизнес қоғамдастықтың және академиялық ортаның өкілдерімен кездесулер өткізді.

Бейжіңде өткен жылдың қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары кезінде қол қойылған өзара түсіністік туралы Меморандум аясында Агенттік басшысы Жандос Шаймарданов ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Лю Сушэмен кездесті.

Сапардың алғашқы күндерінде ҚХР Мемлекеттік Кеңесі жанындағы дамуды зерттеу орталығының басшысы Лу Хаомен және ҚХР Статистика жөніндегі мемлекеттік бюросының директоры И Канмен кездесулер болды.

Агенттік өкілдері CITIC Group инвестициялық корпорациясының құрамына кіретін CITIC foundation for reform and development studies жетекші талдау орталықтарының біріне барды. Келіссөздер барысында тараптар одан әрі ынтымақтастық, пікір, тәжірибе және білім алмасу бойынша жұмыс топтарын құруға келісті. Сондай-ақ, Қытайдың беделді экономисті, Дүниежүзілік банктің бұрынғы вице-президенті және бас экономисті, Пекин университетінің жаңа құрылымдық экономика институтының Деканы Джастин Ифу Линмен кездесу өтті.  

Сонымен қатар, делегаттар Цзянсу провинциясына барып, онда Халық үкіметінің төрағасы Сюй Кунлинь және бірқатар муниципалды мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесулер өтті. Провинцияда делегация Сучжоу индустриалды паркіне де барды.

Сапар соңында Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясының және Шанхай халықаралық зерттеулер академиясының басшылары мен сарапшыларымен кездесулер өткізілді, онда қатысушылар жаһандық трендтер мен сын-қатерлерге қатысты пікірлерін білдіріп, сондай-ақ тәжірибе және білім алмасу бойынша ынтымақтастық туралы уағдаласты.