Qazdatathon байқауының жеңімпаздары анықталды

Qazdatathon байқауының жеңімпаздары анықталды

Бүгін ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы El Umiti корпоративтік қорымен бірлесіп ұйымдастырған Qazdatathon байқауының финалы өтті.

Конкурс Қазақстанда деректер негізінде басқару және шешім қабылдау мәдениетін дамыту мен ілгерілету, деректер негізінде әлеуметтік-экономикалық және әдіснамалық мәселелерді шешудің жаңа тәсілдерін іздеу мақсатын көздейді.

Байқауға қатысқан командаларға синтетикалық деректер жиынтығы ұсынылды. Ол арқылы қатысушылар зерттеу жүргізіп, белгілі бір әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешетін жоба әзірлеуі тиіс болды. Сондай-ақ, қатысушыларды интерактивті қолдау үшін воркшоптар өткізілді.

Финалға жоғары оқу орындары мен түрлі ұйымдардан 12 команда жетті. Байқау қорытындысы бойынша ІІІ орын су қолжетімділігі мәселесі мен оның Қазақстан экономикасына әсері тақырыбындағы жобасы үшін Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің командасына берілді. ІІ орынды ҚБТУ студенттері қанағаттану факторлары жөніндегі жоба үшін иеленді.

Ал І орынды «Үй шаруашылықтарының қаржылық тұрақтылығының барометрі» тақырыбындағы жобамен KPMG командасы жеңіп алды.

Іс-шара қорытындысы бойынша, барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды, жүлделі орын иегерлеріне ақшалай сыйлықтар мен Қазақстан әлеуметтанушылары мектебінде оқуға гранттар табыс етілді.