Ұлттық статистиканы реформалаудың басты мақсаты – пайдаланушылардың сенімін арттыру

Ұлттық статистиканы реформалаудың басты мақсаты – пайдаланушылардың сенімін арттыру

Бүгін ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймарданов Ұлттық статистика бюросының DEMO DAY іс-шарасында осылай мәлімдеді.

Әріптестерді статистика күні кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, Агенттік басшысы статистика саласы ғасырдан астам уақыт бойы ел игілігі үшін қызмет атқарып келе жатқанына тоқталды.

Жандос Шаймардановтың айтуынша, өткен жылы жарияланған ұлттық статистиканы реформалаудың өршіл бағдарламасы қарқынды жүріп жатыр. Алдағы үш жылда Қазақстанның статистикалық жүйесін дамытудың орталық векторы статистикалық өндірістің барлық процесін цифрландыру болады. Сонымен бірге, Агенттік төрағасы аталған өзгерістерді Мемлекет басшысының қолдап отырғанын атап өтті.

Ведомство басшысы ұсынылған тәсілдерді бекіту үшін ағымдағы жылы мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері бойынша заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісіне енгізілгенін айтты. Сонымен қатар, жылдам өзгеретін жағдайларға жедел ден қою үшін транзакциялық белсенділік көрсеткіштері, жүк тасымалдау көлемі, электр энергиясын тұтыну, мобильді операторлардың деректері және нақты уақыт режиміндегі басқа да көрсеткіштер сияқты баламалы ақпарат көздерін пайдалануға ерекше назар аударылатынын айтты.

«Мұның бәрі тікелей немесе жанама түрде уақыт пен ақшаны үнемдеу, респонденттерге жүктемені азайту, деректердің құндылығын арттыру және азаматтарға осы құндылықты жақсырақ жеткізу арқылы қоғамдық сенімді арттырады», - деп атап өтті Жандос Шаймарданов.

DEMO DAY іс-шарасына жоғары оқу орындарының, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ, бизнес қоғамдастықтың, «DAMA Kazakhstan деректерді басқару жөніндегі кәсіпқойлар қауымдастығы» ҚБ өкілдері қатысуда. Шарада Ұлттық статистика бюросы статистика органдарын реформалау және цифрландыру аясындағы ағымдағы жобалар мен трансформация процесімен таныстырады.