
Бүгін Digital Bridge халықаралық форумында Жандос Шаймарданов Мемлекет басшысына Агенттіктің Ұлттық статистика бюросының цифрлық трансформациясы жайлы айтты.
Форумның жұмысын аша отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық статистика бюросын цифрлық ведомствоға айналдыруды тапсырды. «Ұлттық статистика бюросын нағыз цифрлық ведомствоға айналдыратын маңызды реформаны жүзеге асыру керек. Статистикалық және басқа да деректерді ретке келтіру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Оның ішінде басқару саясатын әзірлеу, деректердің мақсатты архитектурасын анықтау мәселесін назардан тыс қалдырмаған жөн», - деп атап өтті Президент.
Digital Bridge форумы аясындағы көрмеде жобаларды таныстыра отырып, Агенттік төрағасы ұлттық статистиканы трансформациялау заңнаманы өзгертуді, деректердің баламалы көздерін пайдалануды, аналитикалық әлеуетті нығайту мен деректердің қолжетімділігін арттыруды қамтитын үш негізгі бағыттан тұратынын атап өтті. Статистикалық қызметті реформалау портфелі өткен жылы қабылданған мемлекеттік статистика мен ұлттық деректер экожүйесін дамыту тұжырымдамасында көрсетілген 67 жобаны қамтиды.
Мысалы, инфляция бойынша деректердің сапасын жақсарту үшін Ұлттық статистика бюросы бағаларды жинау бойынша мобильді қосымшаны іске қосты. Бұдан басқа, мемлекеттік органдармен бірлесіп тұтыну бағаларының индексін есептеу үшін балама көз ретінде фискалдық операторлардан деректерді алу тетігі пысықталды.
Ақпарат үшін:
Биыл Digital Bridge 20 мыңнан астам қатысушыны, 300-ден астам IT-компания өкілдерін, 30 елден келген делегациялардың басын қосты.