Бүгін ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Кэти Личпен кездесіп, EGED – «Экономикалық даму мүддесіндегі тиімді басқару» бағдарламасын енгізудің алдағы қадамдарын талқылады.
Әсет Ерғалиев Ұлыбритания өкілдерін Агенттіктің жұмысымен таныстырды, елімізде жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтты. Ел дамуының жаңа парадигмасында экономикалық реформалар саяси өзгерістермен қатар жүретінін атап өтті. Өзгерістер барысында нақты заң үстемдігін қамтамасыз ету де маңызды рөл атқарады.
Агенттік төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Агенттік жаһандық үрдістерді ескере отырып, 2050 Стратегиясын жаңартуға, сондай-ақ елдің 2029 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын қалыптастыруға кіріскенін айтты.
Сонымен бірге, жаңа Бюджет және Салық кодекстерін әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын, олар бизнесті ынталандыруға және қолдауға, экономиканың сапалы өсуіне және оны диверсификациялауға бағытталатынын атап өтті.
Өз кезегінде Елші Кэти Лич EGED бағдарламасының негізгі мақсаты Орталық Азия елдеріндегі экономикалық саясаттың тиімділігін, есептілігін және ашықтығын арттыру екенін атап өтті.
Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймардановтың айтуынша, ұлттық статистиканы реформалау аясында бюро институционалдық өзгерістермен жұмыс істеуде, баламалы дерек көздерін пайдалану бойынша әлеуетті арттырып, басқа мемлекеттік органдармен тиімді байланыс орнатуда.
Сонымен қатар, бюро басшысы атап өткендей, Қазақстан мемлекеттік қызметшілер арасында да, қарапайым азаматтар арасында да деректерді пайдалану бойынша сауаттылықты арттыруға жәрдемдесуді жоспарлап отыр. Ол үшін әртүрлі деңгейлерде шешім қабылдау кезінде деректерді неғұрлым сауатты пайдалануды ілгерілетуге арналған «Data Literacy» оқыту курсы әзірленіп, жұмыс істеп жатқанын айтты.
Іс-шара соңында тараптар статистика саласындағы ынтымақтастыққа және тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін білдірді.
Анықтама үшін:
Экономикалық даму үшін тиімді басқару (EGED) бұл – Дүниежүзілік банк 2020-2025 жылдары Орталық Азия елдерінде (Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан) жүзеге асыратын Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің (FCDO) бағдарламасы. Биылғы жылдың наурыз айында Қазақстан осы бағдарламаға қосылды.
Бағдарлама бойынша өзара ынтымақтастық мақсатында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Сыртқы істер, Достастық істері және даму министрлігі арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.