Агенттік: тұрақты ұзақ мерзімді өсу адами капиталдың дамуымен байланысты

Агенттік: тұрақты ұзақ мерзімді өсу адами капиталдың дамуымен  байланысты

Бүгін Агенттік Төрағасының орынбасары Әркен Өтенов ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Даму күні» аясында «Қазақстандағы адами капитал» тақырыбында дәріс оқыды.

Дәрісте Әркен Өтенов Қазақстандағы адами капиталды дамыту процесінің теориялық және практикалық аспектілерін ұсынды. Атап айтқанда, дәріскер Қазақстанның ұлттық байлығы құрылымында адами капитал ең үлкен үлесті – 42%-ды құрайтынын атап өтті. Алайда бұл әлемдік орташа көрсеткіштің мәнінен 20%-ке төмен. Сондай-ақ, табиғи капитал (29%) үлесінің айтарлықтай төмендеуі байқалады.

Спикердің пікірінше, мұның бәрі ұзақ мерзімді перспективада елдің тұрақты өсуі адами капиталдың сапасына көбірек тәуелді болатынын көрсетеді. 

Осы мәселенің өңірлік аспектілерін қозғай отырып, Әркен Өтенов адами капиталдың аумақтық айырмашылықтарына білім беру саласы барынша әсер ететінін атап өтті.

Спикер мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік (колледждер) және жоғары білім берудегі өзекті мәселелер мен теңгерімсіздіктерге тоқталды. Іс-шараға қатысушыларға білім беру деңгейлерінің әрқайсысы бойынша Агенттіктің ұсыныстары таныстырылды.

Кездесу соңында Ә. Өтенов тыңдаушылардың сұрақтарына жауап беріп, білім берумен қатар адами ресурстарға денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау жүйесі, еңбек нарығы да әсер ететінін және бұл алдағы дәрістердің тақырыбы болатынын атап өтті.

 

Анықтама үшін:

Адами капитал – адамның өмір бойы инвестициялайтын және жинақтайтын білімі, дағдылары мен денсаулығы. Бұл оған қоғамның пайдалы мүшесі ретінде өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.