2022. ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

2022. ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Жыл соңында атқарылған жұмысқа қорытынды жасау жақсы бір дәстүрге айналды. Агенттік осы үрдістен тыс қалмай, 2022 жылға қысқаша шолу жасауға шешім қабылдады.

Бізге Агенттік қандай жұмыспен айналысатыны туралы сұрақ жиі қойылады. Қысқаша айтатын болсақ,
Агенттік институционалдық және құрылымдық реформаларды толық дайындау, оларды енгізу сапасы мен тиімділігін бағалау, баламалы талдауды қалыптастыру, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің тиімділігін арттыру тетіктерін пысықтау жұмыстарымен айналысады.

Биыл агенттік 5 бағыт бойынша құрылымдық және институционалдық реформалар пакетін дайындады.

Заң үстемдігі – экономикалық демократияландырудың негізі. Заң үстемдігі саласындағы реформалар негізгі жүйелік проблемаларды шешуге бағытталатын болады: судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету, жаңа судьяларды іріктеу сапасын арттыру, судьялар корпусын сот жүйесіне нұқсан келтіретін кадрлардан жаңарту және Жоғарғы Сот Кеңесін судьялар корпусының тазалығы мен біліктілігін қамтамасыз ететін тәуелсіз институтқа айналдыру.

Әділ және адал бәсекелестік, экономикалық бостандықтың кепілдіктері. Реформалар әділ бәсекелестік қағидалары мен практикасын дәйекті енгізуге, монополиясыздандыру құралдарын әзірлеуге, баға белгілеу бөлігінде кәсіпкерлік субъектілерінің экономикалық еркіндігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Ашық өркендеген экономика және азаматтардың өсіп жатқан табысы. Осы бағыт шеңберіндегі реформалар барлық бизнес субъектілері үшін болжамды макроэкономикалық және фискалдық ортаны, салық салудың тең жағдайларын жасауға, нарықтың кедергілері мен сәтсіздіктерін жоюға бағытталатын болады.

Адами капиталды дамыту. Реформалар білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және зейнетақымен қамсыздандыру салаларындағы көлденең саясаттарды өзгерту арқылы жүзеге асырылатын болады.

«Адамға арналған мемлекет» қағидаты бойынша мемлекеттік басқару. Осы бағыт бойынша реформалар мемлекеттік қызметте адами капиталды іріктеу, тиімділігін бағалау, дамыту, ұйымдық мәдениетті трансформациялау, деректер мен қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыру, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қағидаттары мен тәсілдерін өзгерту жолымен жүзеге асырылатын болады.

Заңнамалық бастамалар бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде:
2024 жылдан бастап бизнесті сапалы дамытуға ынталандыру, салықтық адалдықты, әкімшіліктің ашықтығы мен әділдігін көтермелеуге бағытталған жаңа Салық кодексі күшіне енеді.

Сондай-ақ, жаңа Бюджет кодексі қабылданады, ол бірінші кезекте нәтижеге бағдарланатын болады. Бұл Қазақстанның бюджеттік-салық жүйесін жаңғыртуды қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, 2023 жылы жаңа Қала Құрылысы кодексі әзірленетін болады. Ол үшін сәулет-қала құрылысы қызметі саласындағы 2500-ден астам нормативтік-құқықтық актілер қайта өңделеді және қолданыстағы заңнамадан тыс тұжырымдамалық мәселелер айқындалатын болады.

Бұдан басқа, «Мемлекеттік сатып алу туралы» және «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» жаңа Заңмен жұмыс жүргізілетін болады. Бұл шаралар мемлекет пен бизнестің сенімді қарым-қатынасы мен өзара іс-қимылының тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.

Агенттік зерттеулер мен аналитикаға ерекше назар аударады.
ТМД елдері арасында алғаш рет Агенттікте Harvard Kennedy School мектебінің магистранттары мен докторанттары зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл тәжірибе келесі жылы да жалғасады.

Агенттік QazMod тереңдік және полисценарлық макроанализ жүйесін әзірледі, бұл біздің болжамды-талдамалық әлеуетімізді нығайтуға мүмкіндік берді.
Жүйенің артықшылығы оның талдаудың егжей-тегжейінде, техникалық икемділігінде, болжамдардың полисценаризмінде, модельденген макро болжамдар тізімінің кеңдігінде, нәтижелердің экономикалық түсіндірілуінің жоғары деңгейінде.

Ұлттық статистиканы реформалау бойынша жан-жақты бағдарлама іске қосылды. Ол 68 бағыттан тұрады.
Бұл міндеттің маңыздылығы реформаларды әзірлеу және іске асыру сенімді және толық ақпаратқа негізделуі керек екендігіне байланысты. Ашық статистиканың арқасында біз тиімді мемлекеттік саясатты немесе data-driven Government құрамыз.