
Бүгін ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінің Ұлттық статистика бюросы Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығымен бірлесіп ұйымдастырған Qazdatathon байқауының финалы өтті.
Байқаудың мақсаты Қазақстанда деректер негізінде басқару және шешім қабылдау мәдениетін дамыту және алға жылжыту, деректер негізінде әлеуметтік-экономикалық және әдіснамалық мәселелерді шешудің жаңа тәсілдерін іздеу болды.
Бұл әлеуметтік-экономикалық саясатты әзірлеу үшін үлкен деректерді пайдалану бойынша алғашқы ұлттық байқау болды.
Агенттік Төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов атап өткендей, қазіргі уақытта деректер – мұнаймен салыстыруға болатын жаңа стратегиялық ресурс. «Деректерді аз шығынмен өндіріп, өңдеп, жаңасын шығарып, тұтынушыға ең қысқа жолмен жеткізе алсақ, оның маңызы мен құны артады».
Байқауға қатысқан командаларға синтетикалық деректер жиынтығы ұсынылды. Ол арқылы қатысушылар зерттеу жүргізіп, белгілі бір әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешетін жоба әзірлеуі тиіс болды.
Финалға 5 команда жетті: Buketov Analytics Е.Букетов атындағы Қарағанды университетінің командасы, MSU (KB) М.Ломоносов атындағы университет филиалының командасы, Chronicles of Data Astana IT University командасы, GARN С.Демирел университеті және NevereverSharshama Халықаралық IT университетінің командасы.
Жарыс қорытындысы бойынша ІІІ орын NeverEverSharshama командасына дерекқорларды интеграциялау арқылы кәсіпорындардың қызметін талдау жобасы үшін берілді.
Кобб-Дугластың өндірістік функциясын пайдалана отырып, ел экономикасының өндірістік мүмкіндіктерін зерттеу жобасымен Buketov Analytics ІІ орын алды.
Ал І орынды көпөлшемді копула-функциялары негізінде экономика саласының жай-күйін талдау жобасымен MSU командасы жеңіп алды. Студенттер көпөлшемді копула функциялары мен автокорреляциялық функцияларды қолдана отырып, деректер қатарында ішкі тәуелділікті зерттеу әдістемесін әзірледі.
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға, сондай-ақ, ұйымдастырушылардың базасында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.