
Бүгін Агенттіктің Макроэкономикалық саясат департаментінің директоры Сырымбет Қаскеев "Нархоз" университеті ұйымдастырған елдегі жаңа экономикалық саясатты іске асыру тетіктері туралы дөңгелек үстелге қатысты.
Спикер экономика мен мемлекеттік басқарудағы құрылымдық және институционалдық реформалар пакетінің 5 басымдығына тоқталды.
Бірінші басымдық құқық үстемдігін, сот жүйесін реформалауды, оның ішінде судьялардың тәуелсіздігіне кепілдік беру мен Жоғары Сот Кеңесін күшейтуді қарастырады.
Екінші басымдық – әділ адал бәсекелестік және экономикалық еркіндіктің кепілдігі. Бұл бағыт фаворитизмді жоюды, бәсекелестік саласындағы саясатты қайта қарауды және монополиясыздандыруды көздейді.
Үшінші басымдық – ашық экономика және азаматтардың табыс деңгейін арттыруға бағытталған. Бұл бағыт аясында салық, бюджет заңнамасын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік саясатын өзгерту көзделеді.
Төртінші басымдық – азаматтар үшін ең маңызды реформалар бөлігі. Оған білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, адами капиталды дамыту сұрақтары кіреді.
Бесінші басымдық – «Адамға бағдарланған мемлекет" қағидаты бойынша мемлекеттік басқару. Бұл бағыт бойынша мемлекеттік аппараттың басқару функцияларына өзгерістер енгізіледі.
Сондай-ақ С.Қаскеев саяси, құқықтық және экономикалық салаларды трансформациялаудан тұратын реформалар логикасы туралы айтты.
Сөз соңында қатысушылар спикерге бірқатар сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.