
Бүгін ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінің (әрі қарай – Агенттік) Төрағасы Әсет Ерғалиев Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) өкілдерімен кездесті.
Тараптар елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды, саяси және экономикалық жаңғыртуды, заң шығару бастамасын және ағымдағы жобаларды талқылады.
Агенттік басшысы келесі жылдың екінші тоқсанында елімізде тұңғыш рет реформалар жөнінде Ұлттық баяндама таныстырылымы болатынын айтты. «Агенттік реформаларды әзірлеп, жоспарлаумен айналысып қана қоймай, олардың орындалуына мониторинг жүргізеді», - деп атап өтті Ә.Ерғалиев.
ЕҚДБ Қаржы нарығы және капитал департаментінің директоры Алекс Пивоварский қазақстандық капитал нарығын жүйелі дамыту қажеттілігі жайлы көзқарасын білдірді. «Біз Орталық Азия үшін екі әлеуетті жобаны қарастырып жатырмыз, біріншісі – зерттеу орталығын құру, екіншісі – инвесторларға жергілікті бизнес-жобалар туралы ақпарат ұсынатын портал әзірлеу жоспарлануда», - деді банк өкілдері.
Кездесу соңында тараптар зерттеулер мен ұлттық бастамалар бойынша балама пікірді талқылау шеңберінде ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.