
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев Сингапурда дәстүрлі V Bloomberg New Economy форумына қатысуда.
14-17 қараша аралығында өтіп жатқан форум мақсаты – әлемдік инфляция, азық-түлік дағдарысы, жұмыс күші мен адами капиталдың жетіспеушілігі, көмірқышқыл газының қалдығын азайту және қазба отынына тәуелділік мәселелерін талқылау.
Форумға әлемнің 53 елінен 500-ден астам делегат қатысуда, спикер ретінде 80-нен астам адам сөз сөйлейді. Шараға қатысушылар арасында Tik Tok бас атқарушы директоры Шоу Зи Чу, Linkedin бас атқарушы директоры Райан Рослански, АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы – Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Генри Киссинджер, Microsoft корпорациясының негізін қалаушы және бұрынғы бас директоры Билл Гейтс, үнді мультимиллиардері Мукеш Амбани, Қытай халық банкінің бұрынғы басқарушысы Чжоу Сяочуань, Сингапурдың аға министрі Тарман Шанмугаратнам және басқалар бар.