
Бұл туралы бүгін Статистика күні кәсіби мерекесіне орай өткен салтанатты жиында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев мәлімдеді.
«2020 жылы Мемлекет басшысы Ұлттық статистика бюросын Агенттік құрамына кездейсоқ қосқан жоқ. Осыдан 102 жыл бұрын құрылған статистика органдары билік пен қоғамды жан-жақты әрі шынайы, нақты ақпаратпен қамтамасыз ететін маңызды сала. Реформаларды дайындау мен іске асыру сенімді және толық ақпаратқа сүйенуі керек. Осы жағдайда ғана біз data-driven government, яғни тиімді мемлекеттік саясатқа қол жеткіземіз», - деді Агенттік төрағасы.
Қазір ұлттық статистика реформасы белсенді іске асуда. Реформалар бағдарламасы әдістемелік базаны жетілдіру, әкімшілік және балама ақпарат көздерін қолдануға көшу және ұйымдық реинжиниринг бағыттарын қамтитын 68 жобадан тұрады.
Әсет Ерғалиев аталған трансформациялық өзгерістер басқа да мемлекеттік органдарға үлгі болуы керек екеніне тоқталды. Сондай-ақ бұл өзгерістердің Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқанын атап айтты.
Реформа аясында мемлекеттік деректер базасын ретке келтіру көзделіп отыр. Алдағы үш жылда статистикалық формалар саны (қазір олардың саны - 146) 4 есеге дейін қысқармақ. Сонымен қатар, регистрлік санақ өткізу жүйесіне көшу трансформациялық маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Салтанатты жиында статистика саласына еңбек сіңірген бірқатар қызметкерлер «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Статистика үздігі» төсбелгісімен және алғыс хаттармен марапатталды.