Агенттік қызметінің нәтижелері қоғамдық кеңес талқысына түсті

Агенттік қызметінің нәтижелері қоғамдық кеңес талқысына түсті

Астанада ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі Агенттіктің (СЖРА) Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Кеңесте мемлекеттік органның 2022 жылдың 9 айындағы жұмысының нәтижелері, мемлекеттік жоспарлау стратегиясын талдау және ұлттық санақтың алдын-ала қорытындылары туралы сұрақтар талқыға түсті. СЖРА қызметі туралы баяндама жасаған Агенттік төрағасы Әсет Ерғалиев кеңес мүшелеріне мемлекеттік институттың басымдықтары туралы айтып берді.

Агенттікте реформаларға мониторинг жасау жүйесін қалыптастыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл ретте, әлем елдеріндегі институционалды реформаларға талдау жасау бойынша үлкен тәжірибесі бар Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) мол тәжірибесі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің озық әдістемесі назарға алынады. «Біз ел тарихында бірінші рет ЭЫДҰ  әдістемесіне сай, реформалар туралы Ұлттық баяндаманы жарияламақпыз»,- деді Ә.Ерғалиев.

Сондай-ақ, Төраға кез келген реформаны іске асыру үлкен талдау жұмыстарын талап ететіндігін, осы орайда посткеңестік елдерде тұңғыш рет Harvard Kennedy School мектебімен бірге, Агенттіктің сараптама жұмыстарына магистранттарды тарту жобасы басталып кеткенін атап айтты. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

Агенттік құрамындағы Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов 2021 жылғы ұлттық санақтың алдын ала нәтижелері туралы баяндады. Санақтың толыққанды нәтижелері жоспарға сәйкес, алдағы жылдың алғашқы тоқсанында жарияланатын болады. Сондай-ақ, Агенттік ведомствосы тарапынан статистикалық деректерді жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Объективті статдеректердің болуы – мемлекеттік органдар үшін де, азаматтар үшін де өте маңызды.

Кеңес мүшелері атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты ұсыныстары мен пікірлерін айтып, сұрақтарына жауап алды.