
Бүгін ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел (Kazakhstan Global Investment Roundtable, KGIR-2022) аясындағы пленарлық отырысқа қатысты.
Іс-шараға шетелдік және отандық бизнес өкілдері, ірі инвесторлар мен әлемдік сарапшылардан құралған 600-ден астам делегат қатысты.
Өз сөзінде, Агенттік төрағасы Ә.Ерғалиев инвестициялар экономикамыздың өсуі мен дамуының іргелі факторы болып қала беретінін және тәуелсіздік жылдары елімізге 400 млрд доллардан астам инвестиция салынғанын атап өтті. "Тікелей шетелдік инвестициялар 14,5 млрд. доллар деңгейіне жетті, сауда балансы 2,3 есе өсті, ал экспорт 56,5% құрады және біз 2022 жылдың соңына дейін тауар айналымы 120 млрд. доллардан асады деп жоспарлап отырмыз", - деп атап өтті Агенттік басшысы.
"Өсудің жаңа көздерін қалыптастыру" пленарлық отырысы аясында азық-түлік қауіпсіздігі, логистика, инвестициялық ахуалды дамыту, Қазақстанға шетелдік бизнесті орналастыру мәселелеріне қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.
Пленарлық отырыста Грекия Республикасының ауылдық даму және азық-түлік министрі Георгиос Георгантас, INOKS Capital бас атқарушы директоры Набиль Марк Абдул-Массих, Alstom компаниясының президенті Эндрю Делеони, Maire Tecnimont бас атқарушы директоры Алессандро Бернини және "Атамекен" ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов сөз сөйледі.
Пленарлық отырыстың қорытындысы бойынша үздік инвестициялық жобалар марапатталып, өнеркәсіптік, логистикалық, медициналық, энергетикалық, машина жасау және фармацевтика салаларында бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.