
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиевтің жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстелде сөйлеген сөзі
2022 жылғы 19 қазан Астана қ.
Баршаңызды Астанадағы дәстүрлі инвестициялық дөңгелек үстелде көргеніме қуаныштымын.
Бүгінгі пікір алмасулар біздің экономикамызға инвестициялық капитал мен заманауи технологиялардың жаңа буынын тартуға ықпал етеді деп үміттенемін.
Қазіргі уақытта біз әлемдік экономикада айтарлықтай өзгерістерді көріп отырмыз. Бұл біз үшін ұсыныс экономикасын дамытудың жаңа тәсілдері туралы ойлану қажет екендігін білдіреді. Сонымен қатар, дәл қазіргі жағдайда әлемдік бәсекелестік артып келе жатқан ұсыныс экономикасындағы негізгі фактор бұл – инвестициялар.
Инвестициялар біздің экономикамыздың өсуі мен дамуының негізгі факторы болды әрі солай болып қала береді. Тәуелсіздік жылдары елімізге 400 миллиард доллардан астам инвестиция салынды.
Қабылданған шаралар бізге аймақтағы ең ірі және бәсекеге қабілетті экономикалардың бірі болуға мүмкіндік берді.
Қазақстан шағын ашық экономика болып табылады. Сыртқы сын-тегеуріндердің ықпалына көп ұшырайтынына қарамастан біз ұзақ мерзімді жоспарларымызға сәйкес даму жолымен алға жылжуды жалғастыра отырып, коронакризис пен басқа да шоктардан толық айығып кеттік.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-ке өсті. Тікелей шетелдік инвестициялар 14,5 миллиард АҚШ долларына жетті.
Сауда балансы 2,3 есе өсті, ал экспорт 56,5%-ке ұлғайды. Айналым 2022 жылы 120 миллиард АҚШ долларынан асуы тиіс.
Биыл Қазақстан өз дамуының жаңа тарауын ашады.
Осы жылдың наурыз айында Президент саяси реформалардың жаңа пакетін жариялады. Саяси жаңғырудың негізгі мақсаты – ашық және адал сайлау процестері арқылы халықтың мемлекетті басқарудағы рөлін арттыру, қоғамымызды дәйекті демократияландыру, мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Сонымен қатар, біз «саяси реформалар экономикалық реформалармен қатар жүруі керек» дейміз.
Біздің экономикалық реформаларымыз экономикалық бостандықтарды ілгерілетуге бағытталған. Экономикамыздағы олигополияны және фаворитизмді жою арқылы адал бәсекелестікті дамытамыз. Барлық инвесторлар үшін инфрақұрылымға және мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділікті қамтамасыз етеміз.
Біз бірқатар стратегиялық бағыттарды: экономикамыздың өнеркәсіптік әлеуетін ұлғайту, әлемдік нарықтарға жан-жақты интеграциялауға жәрдемдесу, цифрландыру, инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағыттарын анықтадық.
Мұның бәрі Қазақстанда кәсіпкерлер үшін түбегейлі жаңа реттеуші ортаны енгізумен қолдау табады, бұл біздің елімізде бизнесті жүргізуді едәуір жеңілдетеді.
Сондай-ақ, 2024 жылдан бастап жаңа Салық және Бюджет кодекстері, мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы жаңа заңдар және ұлттық заңнамамыздағы басқа да елеулі өзгерістер қолданысқа енгізіледі. Бұл өзгерістер жергілікті және шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанды неғұрлым тартымды етуі тиіс.
Біздің елімізде заң үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін белсенді түрде әзірлеп, іске асырып жатқанымызды атап өту өте маңызды.
Жаңа тәсілдер біздің жаңа және перспективті салаларды – экономикалық өсуіміздің болашақ драйверлерін барлығына бірдей бәсекеге қабілетті бизнес-ахуалды ұсына отырып дамытуға бағыт алғанымызды көрсетеді. Бұл салаларға өндіріс, мұнай химиясы, автомобиль жасау, қызметтер, көлік және логистика, азық-түлік және ауыл шаруашылығы, туризм жатады.
Біздің ойымызша бұл жетістіктер еліміздің экономикасын өсудің жоғары траекториясына жеткізетін мультипликативті әсерін береді.
Құрметті достар мен әріптестер!
Қазақстан – кәсіпкерлер үшін кең мүмкіндіктер елі.
Біздің еліміздегі институционалдық және құрылымдық реформалардың жаңа толқыны Қазақстанды инвесторлар үшін одан әрі тартымды етеді. Біз барлығының өз қабілетін жүзеге асыру үшін тең мүмкіндіктері бар Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, достарымыз бен серіктестерімізді Қазақстанға инвестиция салуға шақырғым келеді.
Баршаңызға нәтижелі жұмыс және алға қойылған мақсаттарға жетуде табыс тілеймін.
Назарларыңызға рахмет!