Агенттік төрағасының орынбасарлары Азия даму банкі өкілдерімен кездесті

Агенттік төрағасының орынбасарлары  Азия даму банкі өкілдерімен кездесті

Бүгін ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінде (бұдан әрі-СЖРА, Агенттік) Азия даму банкі өкілдерімен кездесу өтті.  Басқосуда тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін және реформаларды әзірлеу мен іске асыру жолдары туралы сұрақтарды талқыға салды.

Кездесу барысында Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов меймандарды елімізде іске асып жатқан саяси және экономикалық реформалар туралы хабардар етті. Олжас Төлеуов конституциялық өзгерістерді қамтыған саяси реформалармен бірге экономикалық-әлеуметтік трансформациялар туралы айтты. Реформалар ең алдымен заң үстемдігін қамтамасыз етуге, бюджет пен салық жүйесін өзгертуге, бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.

Агенттік төрағасының орынбасары Әркен Өтенов адами капиталмен қатысты реформаларға тоқталды. Бұл бағыттағы реформалар білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік саланы қамтиды. Сонымен бірге, еліміздегі трансформациялар бәсекелестікті жетілдіру мен экономикалық еркіндікті дамытуды және мемлекеттік басқару жүйесін реформалауды көздейді.

Өз кезегінде Азия даму банкінің (АДБ) елдер бойынша атқарушы директорларынан құралған делегация елімізде іске асып жатқан реформаларға қолдау білдірді. Халықаралық банктің Еуропа елдері бойынша атқарушы директоры Серджио Лугарези, Канада бойынша атқарушы директор Дональд Бобьяш, Ұлыбритания бойынша атқарушы директор Филипп Роуз және басқалары реформаларды іске асыру тетіктері, жаңа бюджеттік саясат, реформаларды бағалау және мониторинг туралы сауалдарын қойды. Сондай-ақ, АДБ өкілдері 2060 жылға дейін көміртек бейтараптағына қол жеткізу Стратегиясын жүзеге асыру жолдарына қолдау білдіруге әзір екендіктерін білдірді.

Агенттік төрағасының орынбасары Ә. Өтенов реформаларды бағалау мен мониторинг жасауда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесі ескерілетінін айтты. Көміртек бейтараптығына қол жеткізу Стратегиясы жақында өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңесте талқыланғанын атап өткен Агенттік төрағасының орынбасары О.Төлеуов Азия даму банкін талдау-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды.

Кездесу соңында тараптар өзара қарым-қатынасты әрі қарай дамытуға келісті.