
Бүгін ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінің (бұдан әрі-СЖРА, Агенттік) төрағасы Әсет Ерғалиев РФ Стратегиялық бастамалар Агенттігінің бас директоры Светлана Чупшевамен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқыға салды.
Онлайн кездесу барысында Агенттік төрағасы елімізде іске асып жатқан саяси-экономикалық, әлеуметтік және құқықтық реформалар туралы хабардар етті.
Агенттік басшысының айтуынша, Президенттің экономиканы әртараптандыру тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Салық Кодексі, Бюджет Кодексінің және «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның жаңа жобалары әзірленуде. Ә.Ирғалиев сондай-ақ аталған реформаларды іске асыру мен экономикалық саясатты трансформациялаудағы Агенттік рөлін атап өтті.
Өз кезегінде, Ресей Федерациясы Стратегиялық бастамалар Агенттігінің бас директоры Светлана Чупшева Қазақстандағы реформалар бойынша СЖРА тәжірибесімен кеңірек танысуға дайын екенін білдірді. Ресейлік тарап сот, салық жүйесі мен қаржы саласындағы реформалар бойынша тәжірибе алмасуға қызығушылық танытты. Кездесу соңында тараптар өзара әріптестікті кеңейту жолдарын іздеуге келісті.