
Бүгін шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесуде ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің (бұдан әрі-СЖРА, Агенттік) Төрағасы Әсет Ерғалиев ведомствоның қызметі және Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша алдағы референдум туралы айтып берді.
Биыл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси және экономикалық реформалар туралы жариялады. Бұл реформалардың мақсаты қоғамды демократияландыру, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының нақты әл-ауқатын арттыру үшін экономиканың орнықты және инклюзивті дамуы.
"Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгерістер іргелі сипатқа ие және елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертеді. Өзгерістер Конституция бапттарының үштен бірін қамтиды. Түзетулер азаматтардың бостандығы мен құқықтары, демократияны нығайту және заңның үстемдігі үшін де өте маңызды",- деді журналистермен кездесу барысында Әсет Ерғалиев.
Сондай-ақ, спикер елдің саяси және экономикалық жаңғыруы арасындағы синергияның маңыздылығын атап өтті. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттік елдің экономикалық саясатын трансформациялау бойынша негізгі рөл атқарып, барлық құрылымдық және институционалдық реформаларды шоғырландырады.
Агенттік басшысының айтуынша, әзірленген экономикалық саясат негізінде СЖРА бизнес-қоғамдастықты, сарапшыларды және халықаралық қаржы ұйымдарын белсенді тарта отырып, реформалардың жаңа пакетін қалыптастыруда. Реформалар пакеті Президент Әкімшілігіне ағымдағы жылғы шілде айының соңында енгізілетін болады.
"Барлық реформалардың басты мақсаты - әлеуметтік әділеттілік пен баршаның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ету есебінен әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын арттыру. Қоғамдық игіліктер мен әлеуметтік қолдау шараларына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету де маңызды", -деп атап өтті ол.
Кездесу соңында Әсет Ерғалиев журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Іс-шараға 20-дан астам шетелдік журналист қатысты (АҚШ, Бельгия, Грузия, Италия, Израиль, Оңтүстік Корея, Латвия, Египет, Өзбекстан, Польша, Қырғызстан, Ресей, Словакия, Үндістан, Чехия, Литва, Сербия, Моңғолия елдерінен).