
Сырымбет Ерденұлы Қаскеев Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің макроэкономикалық саясат департаментінің директоры болып тағайындалды.
С.Қаскеев Президенттік Жастар кадрлық резервінің мүшесі болып табылады.
Департамент қызметінің шеңберінде мемлекеттік макроэкономикалық саясатты қалыптастыру және іске асыру бойынша, оның ішінде монетарлық, фискалдық және бюджеттік саясат, декарбонизация, қаржы секторы, көлеңкелі экономика мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу бағыттарына жетекшілік ететін болады.
2014 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін қолданбалы математика және информатика мамандығы бойынша бітірген.
Әр жылдары Халықаралық Валюта Қорының қаржылық бағдарламалау және саясат, фискалдық талдау және болжау бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өтті.
2014-2016 жылдар аралығында "Экономикалық зерттеулер институты"АҚ талдамалық зерттеулер және болжамдау орталығының аға сарапшысы, директордың орынбасары лауазымдарын атқарды.
2016 жылдан бастап 2017 жылға дейін "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ-да стратегия және жоспарлау департаментінің бас менеджері лауазымында жұмыс істеді. 2017-2020 жылдары "Бәйтерек "Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ талдау және зерттеулер департаментінің бас менеджері қызметін атқарды, 2020-2022 жылдары "Бәйтерек "Ұлттық басқарушы холдингі"АҚ жобалық қаржыландыру және инвесторлармен жұмыс департаменті жобасының басшысы қызметін атқарды.