
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің (бұдан әрі - агенттік, СЖРА) қоғамдық кеңесінің отырысында жаңа экономикалық саясат және Ұлттық статистика бюросының қызметін жетілдіру мәселелері қаралды.
Агенттік төрағасы Ә.Ерғалиев кеңес мүшелерін жаңа экономикалық саясат шеңберінде реформалар пакетін дайындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
Жаңа экономикалық саясат мынадай басымдықтарға негізделеді: орнықты институционалдық реформалар, адал бәсекелестік және экономикалық еркіндік, макроэкономикалық тұрақтылық, экономиканы әртараптандыру, адами капиталды дамыту және мемлекеттік басқару реформасы.
Қазір Агенттік ағымдағы жағдайға жүйелі талдау жүргізіп, стратегиялық міндеттер мен түпкілікті нәтижелерді қалыптастырады, реформалар үшін басым бағыттарды айқындайды.
"Қоғамдық кеңесте айтылған ұсыныстар мен ұсынымдар реформалар пакетін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Егер әрбір нақты қазақстандықтың өмірін жақсартуды түпкі мақсат етіп қоймаса, ешқандай реформалардың мәні жоқ", - деді Ә.Ерғалиев.
Сонымен қатар, Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов мемлекеттік статистиканы реформалау шаралары туралы айтып берді.
"Мемлекет басшысының статистикалық қызметті реформалау жөніндегі тапсырмаларын ескере отырып, бюроның жұмысы клиентке бағдарлану, анықтық және респонденттерге ең аз жүктеме қағидаттарында құрылатын болады", - деп атап өтті Ұлттық бюро басшысы.
Ұлттық статистика бюросының қызметін жетілдіру үш негізгі бағыт бойынша бастамаларды көздейді: әдіснамалық жаңарту, қызметті цифрландыру және әкімшілік дереккөздермен интеграциялау, сондай-ақ ұйымдастырушылық реинжиниринг.
Әдіснамалық сүйемелдеу бөлігінде ұлттық статистика бюросы халықаралық қаржы ұйымдарымен (ХВҚ, Дүниежүзілік банк) және қазақстандық сарапшылар қоғамдастығымен бірлесіп әдістемелерді қайта қарау бойынша жұмыс жүргізеді. Біріншіден, бұл ең өзекті үш тақырып: инфляция, ЖІӨ, жұмыссыздық бойынша әдістерге қатысты болады.
Қоғамдық кеңес мүшелері Ұлттық статистика бюросын реформалау тәсілдерін қолдады. Сонымен қатар, сарапшылар әлеуметтік-экономикалық реформалар мен мемлекеттік статистиканы жетілдіру бойынша бірқатар ұсынымдар берді.
Айта кетейік, Қоғамдық кеңес қызметіне халықтың сенімін арттыру және ашық диалог алаңын қалыптастыру үшін Кеңестің жаңа құрамы 87% - ға тәуелсіз сарапшылар, бизнес, ҮЕҰ, азаматтық белсенділер, қоғам өкілдерінен тұрады. Қоғамдық кеңестің құрамында барлығы 23 мүше бар, оның ішінде 20 азаматтық және сараптамалық қоғамдастықтың өкілдері және 3-і мемлекеттік органдардың өкілдері.
Кеңестің жаңартылған құрамына Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Б.Нұрғазиева, экономист О. Жандосов, қаржыгер А.Асетов, қаржы кеңесшісі Р. Рысмамбетов, "Zertteu Research Institute" тең құрылтайшысы және атқарушы директоры Ш. Әйтенова және басқалар кірді.