
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің (бұдан әрі – СЖРА, Агенттік) басшысы Әсет Ерғалиев "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы мен сарапшылардың қатысуымен Ұлттық статистика бюросының қызметін реформалау бойынша кеңес өткізді.
Кеңесте Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов Статистика ведомствосының жұмысындағы жаңа тәсілдерді таныстырды.
"Мемлекет басшысының статистикалық қызметті реформалау жөніндегі тапсырмаларын ескере отырып, Бюро жұмысы клиентке бағдарлану, анықтық және респонденттерге ең аз жүктеме жүктеу қағидаттарында құрылады. Ол үшін үш негізгі бағыт бойынша бастамалар көзделген: әдіснамалық жаңарту, қызметті цифрландыру және әкімшілік дереккөздермен интеграциялау, сондай-ақ ұйымдастырушылық реинжиниринг", - деп атап өтті Ұлттық бюро басшысы.
Әдіснамалық сүйемелдеу бөлігінде халықаралық қаржы ұйымдарымен (ХВҚ, Дүниежүзілік банк) және қазақстандық сарапшылар қоғамдастығымен белсенді жұмыс жүргізілетін болады. Біріншіден, бұл ең өзекті үш тақырып: инфляция, ЖІӨ, жұмыссыздық бойынша әдістерге қатысты болады. Мұның бәрі Ұлттық статистика бюросының жұмысына деген сенім деңгейін арттыру үшін жасалуда.
Ұлттық статистика бюросының басшысы бұл тәсілдер әлі де мүдделі мемлекеттік органдармен, сарапшылармен талқыланып жатқанын және 2022 жылдың ортасына қарай түпкілікті қалыптасатынын атап өтті.
Сөз соңында Агенттік төрағасы Әсет Ерғалиев Ұлттық статистика бюросы мемлекеттік органдардың, бизнес пен халықтың, яғни барлық экономикалық агенттердің басқарушылық шешімдерін қабылдауға негіз болатын орталықтандырылған сенімді дереккөзге айналуы тиіс екенін атап өтті.