
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің (бұдан әрі-СЖРА, Агенттік) төрағасы Әсет Ерғалиев пен Еуропалық Қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) вице-президенті Алан Пию елді экономикалық жаңғырту мәселелерін талқылады.
Әсет Ерғалиев атап өткендей, қазіргі таңда Агенттік еліміздің экономикасының инклюзивті, сапалы және тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған құрылымдық және институционалдық реформалар кешенін әзірлеуді басты назарда ұстауда.
Әзірленіп жатқан реформалар пакетіне құқық үстемдігін қамтамасыз ету, адал бәсекелестікті дамыту, макроэкономикалық саясат пен мемлекеттік басқаруды жетілдіру, жаңа сыртқы сын-қатерлерді ескере отырып, экономиканы әртараптандыруды жүргізу сияқты бағыттар кіреді.
«Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстанның стратегиялық серіктесі болып табылады. Ынтымақтастық жылдары Банк Қазақстан экономикасына 8 млрд еуродан астам инвестиция салды, шағын және орта бизнесті, инфрақұрылымды, энергетиканы, қаржы және IT салаларын дамыту сияқты бағыттарда 300-ге жуық жоба іске асырылды. Біздің жемісті ынтымақтастығымыз одан әрі жалғасатынына үміттенеміз», – деп атап өтті Әсет Ерғалиев.
Кездесу барысында ЕҚҚДБ тарапынан реформалар пакетін қалыптастыру бөлігінде Агенттікке қажетті техникалық қолдау көрсету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл жұмыс жетекші халықаралық қаржы ұйымдарымен үйлестірілетін болады.