
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің (бұдан әрі-Агенттік) Төрағасы Әсет Ерғалиев пен Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы Тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто елді экономикалық жаңғырту және құрылымдық реформаларды қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Әсет Ерғалиев атап өткендей, қазіргі таңда СЖРА қызметі экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда кешенді реформаларды әзірлеуге бағытталған. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Агенттік аталған реформалар пакетін жасақтауда. Олардың барлығы құқық үстемдігі, адал бәсекелестік, мемлекеттік саясаттың болжамдылығы, салық ашықтығы, халық үшін әлеуметтік кепілдіктерді сақтау және ұлттық табысты әділ бөлу қағидаттарына негізделеді.
"Қазақстан көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде құрылымдық және институционалдық реформаларды жүзеге асыруда әлемдік қаржы институттарының қолдауын құптайды", - деп атап өтті Ә.Ерғалиев.
Дүниежүзілік банк өкілі жүргізіліп жатқан құрылымдық реформаларға қолдау білдірді, сондай-ақ жаңа тәсілдер елдің халықаралық бәсекеге қабілеттілігіне қолайлы әсер ететінін атап өтті.
Сонымен қатар, консультациялық кеңестер шеңберінде Әсет Ерғалиев ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары Сэр Сума Чакрабартимен, Халықаралық валюта қоры миссиясының басшысы Николя Бланшемен және РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясының (РХШжМҚА) ректоры Владимир Маумен кездесті.
Консультациялық кеңестер барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген құрылымдық реформалар мәселелері де талқыланды.