Құрметті азаматтар және коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері! Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің (бұдан әрі - агенттік) Қоғамдық кеңесі "Қоғамдық кеңестер туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабына және қоғамдық Кеңес туралы Ережеге (2021 жылғы 28 мамырдағы агенттіктің қоғамдық кеңесі отырысының №1 хаттамасымен бекітілген) сәйкес Агенттіктің қоғамдық кеңесі мүшелігіне кандидаттарды қосымша конкурстық іріктеуді жариялайды.
Конкурсты өткізу мерзімі: хабарландыру жарияланған күннен кейінгі 10 жұмыс күні.
Агенттіктің қоғамдық кеңесінің сандық құрамы: 16 адам, оның ішінде 3 Агенттіктің өкілі, азаматтық қоғамның 13 өкілі.
Конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтар, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері хабарландыру орналастырылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде төмендегі құжаттарды тапсырады: 1) кандидатураны Агенттіктің қоғамдық кеңесінің құрамына ұсыну туралы коммерциялық емес ұйымның жазбаша ұсынысы және (немесе) азаматтың өтініші; 2) кандидаттың өмірбаян деректерін көрсете отырып, кәсіптік және (немесе) қоғамдық қызметі туралы мәліметтер; 3) сотталғандығының болуы немесе болмауы туралы анықтама; 4) психикалық, мінез-құлықтық бұзылулардың (аурулардың), оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды қолдануға байланысты бұзылулардың бар не жоқ екендігі туралы анықтама; 5) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің көшірмесі. Он сегіз жасқа толған және Заңның 10 – бабының 1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келетін Қазақстан Республикасының азаматы Агенттіктің қоғамдық кеңесінің мүшелігіне үміткер бола алады.
Коммерциялық емес ұйым болып табылатын бір заңды тұлғадан агенттіктің қоғамдық кеңесінің құрамына бір ғана өкіл сайлануы мүмкін.
Құжаттар 2022 жылғы 24 ақпанға дейін (қоса алғанда) Нұр-сұлтан қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, 55/21, с 4.2 блогы мекен-жайы бойынша ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде қолма-қол немесе az.omarov@aspire.gov.kz электронды мекен-жайға қабылданады.