Қазіргі даму кезеңіндегі Қазақстанның ұлттық басымдықтары Astana Finance Days форумы аясында талқыланды

Қазіргі даму кезеңіндегі Қазақстанның ұлттық басымдықтары Astana Finance Days форумы аясында талқыланды

Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі Astana Finance Days форумы аясында «Қазіргі даму кезеңіндегі Қазақстанның ұлттық басымдықтары» атты панельдік сессиясын ұйымдастырды.

Спикерлер ретінде ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінің Төрағасы Қайрат Келімбетов, ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңес Төрағасының Орынбасары Сэр Сума Чакрабарти, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов, Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша директоры Агрис Прейманис қатысты.

Сессияға «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев модерация жасады.

Спикерлер экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндіктері туралы ой бөлісті.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінің Төрағасы Қайрат Келімбетов ұлттық жоспар мен ұлттық жобаларды жүзеге асыру аясындағы экономикалық саясаттың басымдықтары, ел стратегиясын жүзеге асырудағы жаңа тәсілдер туралы айтты. Оның айтуынша, ұлттық жобаларды таңдау кезінде технологиялық екпін мен цифрландыру бағдарламаларына көңіл бөлінеді.

Қайрат Келімбетов пандемия салдарын оңалту бойынша Қазақстан Үкіметінің қолға алып отырған қолдау шараларына да тоқталды.

«Қазақстан ішкі жалпы өнімінің 9 пайызын, яғни 1,8 трлн теңгені жұмыспен қамту бағдарламасына жұмсалды. Қарапайым заттар экономикасы аясында займдарды субсидиялауға триллион теңге жұмсалды. Жалпы алғанда Ұлттық қордан бөлінген трансферт қиын кезеңді тұрақтылықта өткізуге жақсы мүмкіндік берді, - деді Қайрат Келімбетов.

ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов Үкіметтің орта және шағын бизнесті қолдау шараларын айтты. «Қазақстан осы секторды қолдауға аса жіті назар аударды, дағдарыстан кейінгі бір жылдың ішінде қорытындыны көріп отырмыз: Орта және шағын бизнес өндірген өнім азайған жоқ, кәсіпорындардың саны арты, тіпті тауар өндірісінде интенсивтік өсімді көріп отырмыз», - деді Тимур Жақсылықов.

ҚР Президентінің кеңесшісі Сэр Сума Чакрабарти Қазақстан үшін ортамерзімдік кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық мақсаттар туралы айта келіп, оның ішінде мемлекеттің экономикадағы рөлін оңтайландыру, іскерлік ахуалдың және инвестициялық тартымдылықтың артуына көңіл бөлді.

Сэр Чакрабартидің айтуынша, нарық экономиканы басқаруы тиіс. «Мемлекет инвестициялық ахуалды жақсарту тұрғысынан, бұған дейін басталған реформаларды жалғастыру тарапынан өзін-өзі реформалауы тиіс. Отын-энергетикалық балансты өзгертуі қажет, бірақ, расын айту керек: Қазақстан осы шараларға мықтап назар аударып отыр», -деді Сэр Чакрабарти.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша директоры Агрис Прейманис Қазақстан Үкіметінің пандемия кезінде халық пен экономиканы қолдаудағы рөлін жоғары бағалады. Агрис Прейманистің айтуынша, былтыр қаржылық қолдаудың арқасында халық қиын дағдарыстан, төтенше ахуалдан шығуға мүмкіндік алды. Алайда, еуропалық сарапшының айтуынша, мұның сыртында мемлекеттер үшін қатер де бар, халық өздері алып отырған қолдауға үйреніп қалуы мүмкін. «Халық пен компанияларға мемлекеттік көмекті азайтудың тиісті уақытын таңдай білу керек», деді Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша директоры.

Спикерлер сонымен қатар өсім драйверлерін таңдау, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, елдің орнықты экономикалық дамуына қажетті институционалдық модернизациялаудың міндеті мен мақсаттары, басым реформалар мен даму құралдары туралы ойларын ортаға салды.